Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы Азаматтық процестік кодексінің 133-3-бабының төртінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану қағидалары және оларға қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) жергілікті соттардың және кеңселердің қызметін ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамасыз ету бөлімі:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Департамент басшысы | Н. АХМЕТЗАКИРОВ |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
________________
2019 жылғы "___"__________
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
________________
2019 жылғы "___"__________
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі
________________
2019 жылғы "___"__________
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
________________
2019 жылғы "___"__________
Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану қағидалары және оларға қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану қағидалары және оларға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 133-3-бабының төртінші бөлігіне сәйкес әзірленді және сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бейнеконференцбайланыс – аудио-, бейнеақпарат алмасу мүмкіндігі бар, қашықтықтағы бірнеше абоненттермен нақты уақыт режимінде интерактивтік өзара іс-қимыл жасау үшін ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар пайдаланылатын байланыс қызметі;
2) техникалық байланыс құралдары – екі және одан да көп соттардың сот отырыстары залдары немесе сот залы және мекеме арасында бейнеконференцбайланысты жүргізуді қамтамасыз ететін есептеуіш техниканың, бағдарламалық және телекоммуникациялық технологиялардың аппараттық құралдарының жиынтығы, сондай-ақ бейнеконференцбайланысы қатысушысының бағдарламалық қамтамасыз етуімен ("Сот кабинеті" сервисінің мобильдік қосымшасы) интернет желісіне қосылған жеке байланыс құралдарын қолдана отырып, сот отырысы залы мен іске қатысушы адамдармен, олардың өкілдерімен, сондай-ақ куәлармен, сарапшылармен, амандармен, аудамашылармен (бұдан әрі – процеске қатысушылар) арасында бейнеконференцбайланысы сеансын өткізуді қамтамасыз ететін құралдар;
3) сот отырысын аудио,- бейне тіркеу – сот отырысы залында бейнекамералар мен микрофондардың көмегімен тіркелетін, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс көмегімен процеске қатысушылардан деректерді беру желілері арқылы түсетін бейнені және дыбысты цифрлық жазу процесі;
4) бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруды қамтамасыз ететін адамдар - бейнеконференцбайланысты өткізу жөніндегі жұмыстарын үйлестіру үшін Сот әкімшілігінің/Сот әкімшілігі департаментінің басшысы айқындайтын Сот әкімшілігінің құрылымдық немесе аумақтық бөлімшелерінің/Сот әкімшілігі департаментінің қызметкерлері;
5) техникалық жағынан жауапты маман – соттарда бейнеконференцбайланыс жүйесін техникалық сүйемелдеуді жүзеге асыратын адам.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Сот әкімшілігі басшысының 06.06.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3. Сот отырысының аудио,- бейне жазбаларын сақтау және оны жою тәртібі "Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының 2015 жылғы 24 қарашадағы № 6001-15-7-6/486 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Техникалық байланыс құралдарын қолдану кезіндегі ақпараттық қауіпсіздікті "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы № 418-V Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруға жауапты адамдар және бейнеконференцбайланысты техникалық қамтамасыз етуге жауапты адамдар қамтамасыз етеді.
2-тарау. Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану тәртібі
5. Бейнеконференцбайланысты қолдана отырып сот отырыстары техникалық байланыс құралдарымен жасақталған сот отырыстары залдарында өткізіледі.
6. Бейнеконференцбайланыс тек ашық сот отырысында қолданылуы мүмкін. Сот істі жабық сот отырысында талқылау туралы ұйғарым шығарған кезде техникалық байланыс құралдарын қолдану тоқтатылады.
7. Техникалық байланыс құралдарын пайдаланып сот отырысын өткізу іс қаралатын сотта, сондай-ақ өтінішхатта көрсетілген сотта немесе мекемеде техникалық мүмкіндік болған жағдайда соттың бастамасымен немесе процеске қатысушының өтінішхаты бойынша жүзеге асырылады.
8. Бейнеконференцбайланыс қолданылатын сот отырысына қатысу үшін процеске қатысушы тиісті өтінішхат береді. Өтінішхатпен бірге процеске қатысушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, өкілдің өкілеттіктерін растау үшін сонымен бірге сенімхат тапсырылуы тиіс.
9. Жеке байланыс құралдарын қолдана отырып, сот отырысына қатысу туралы өтінішхатты процеске қатысушы фотосуретін қоса бере отырып, "Сот кабинеті" сервисі арқылы береді, төрағалық етуші оның жеке басын анықтау үшін салыстыратын болады. Сот отырысына қатысу "Сот кабинеті" сервисінің мобильдік қосымшасы және өтінішхатты берген кездегі кодтық сөз пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
10. Бейнеконференцбайланыс қолданылатын сот отырысын өткізуді ұйымдастырып дайындау оны өткізу күнін, уақытын, орнын анықтауға, техникалық мамандарды қоса алғанда, процеске қатысушыларды тиісінше ақпараттандыруға негізделеді.
11. Өтінішхатты мәлімдеуші бейнеконференцбайланыс пайдаланылып өткізілетін сот отырысына жеке өзі қатысуы тиіс.
12. Судья қарарының негізінде сот отырысының хатшысы үш жұмыс күнінен кешіктірмей іс қаралатын өңірдегі Сот әкімшілігі департаменттеріне, сондай-ақ бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін соттың немесе мекемеге және тиісті өңірдің Сот әкімшілігі департаментіне (егер процеске қатысушы жеке байланыс құралдарын пайдалана отырып қатысуға мүмкіндігі болмаса) бейнеконференцбайланысты өткізуді ұйымдастыру туралы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес техникалық байланыс құралдарын қолдана отырып, сот отырысын өткізуді ұйымдастыру туралы өтінім (бұдан әрі – өтінім) жібереді. Жедел өзара іс-қимыл жасау мақсатында, сот отырысының хатшысы өтінімді электрондық пошта арқылы жіберу мүмкін, мұндай жіберу тәсілі сот немесе мекемемен алдын ала келісіледі.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Сот әкімшілігі басшысының 06.06.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.13. Белгіленген күні мен уақытта бейнеконференцбайланысты өткізуге техникалық мүмкіндіктің жоқтығы туралы ақпарат келіп түскен кезде, сот отырысының хатшысы істі одан әрі қарау мәселесін шешу үшін бұл туралы істі қарайтын судьяға дереу хабарлайды.
14. Процеске қатысушылар, сондай-ақ бейнеконференцбайланысты пайдаланып сот отырысын өткізуге тартылған сот немесе мекеме жоспарланған сот отырысын өткізуге кедергі келтіруі мүмкін техникалық проблемалар туындағаны туралы сот отырысының хатшысына дереу хабарлайды. Сот отырысының хатшысы техникалық проблемаларды шешу мақсатында бұл туралы судьяға, сондай-ақ техникалық маманға дереу хабарлайды.
15. Бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруды қамтамасыз ететін адам өтінімнің негізінде мынадай әрекеттер жасайды:
1) қолда бар байланыс құралдарының (телефон, электрондық пошта) көмегімен бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін сотпен немесе мекемемен, сондай-ақ басқа өңірдің бейнеконференцбайланысын ұйымдастыруға жауапты адаммен (егер процеске қатысушы әртүрлі өңірлерде болған жағдайда) белгілі бір күн мен уақытта бейнеконференцбайланысты қолдану арқылы сот отырысын өткізуге арналған техникалық жағдайларды анықтайды;
2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес өтінімге жауап дайындайды және істі қарайтын сотқа тиісті ақпаратты жібереді;
3) бейнеконференцбайланыс техникалық құралдарының сот отырысын өткізуге дайындығын қамтамасыз ету мақсатында бейнеконференцбайланыс өткізуге жұмылдырылған соттар, жеке байланыс құралдарын қолдана отырып отырысқа қатысу туралы өтінішхаттар мәлімдеген процеске қатысушылар туралы немесе қатысуымен бейнеконференцбайланыс өткізілетін мекеме туралы ақпаратты техникалық маманның назарына уақтылы жеткізеді;
4) бейнеконференцбайланыс қолданылып процеске қатысушыға бейнеконференцбайланысқа қосылуға қажетті тіркеу деректерін (аты, құпия сөз) ұсынады;
5) бейнеконференцбайланыс қолданылып сот отырысы өткізілетін күні техникалық маманды тарта отырып, процеске қатысушылар арасында байланыстың тестілік сеансын алдын ала ұйымдастырады.
16. Бейнеконференцбайланыс қолданыла отырып сот отырысы өткізілетін күні сот отырысының хатшысы сот отырысы басталғанға дейін:
1) жоспарланған бейнеконференцбайланысты өткізуге сот отырысы залының дайындығына көз жеткізеді;
2) бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін сотқа немесе мекеменің бейнеконференцбайланыс үй-жайына процеске қатысушылардың келуін бақылайды;
3) жеке байланыс құралдарын қолдана отырып, отырысқа қатысу туралы өтінішхат білдірген процеске қатысушылармен өз өңірінде бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруды қамтамасыз ететін адаммен бірігіп, бейнеконференцбайланысқа бастамашылық етеді.
17. Сот отырысын өткізер алдында бейнеконференцбайланыс қолданыла отырып сот отырысын одан әрі өткізуге техникалық мүмкіндіктердің жоқтығын куәландыратын техникалық ақаулар анықталған кезде, сот отырысының хатшысы өз өңірінде бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруды қамтамасыз ететін адамды бұл туралы дереу хабардар етеді.
18. Техникалық ақаулықтарды жою мүмкін болмаған жағдайда істі қарайтын сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 198-бабына сәйкес істі одан әрі талқылау мәселесін шешеді. Еркін нысанда акт жасалады, оған Аудандық және оған теңестірілген сот әкімшісінің басшысы мен сот отырысының хатшысы қол қояды және іс материалдарына қоса тігіледі.
Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Сот әкімшілігі басшысының 06.06.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.19. Сот отырысы кезінде бейнеконференцбайланыс құралдарын пайдаланатын процеске қатысушылардың оған қатысуына мүмкіндік бермейтін техникалық проблемалар туындаған жағдайда, төрағалық етуші техникалық себептерге байланысты үзіліс жариялайды. Мұндай жағдайда сот отырысының хатшысы бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін тиісті сотпен немесе мекемемен немесе жеке байланыс құралдарын пайдаланатын процеске қатысушымен бейнеконференцбайланысты қалпына келтіру іс-шараларын жүргізеді.
20. Бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін сот немесе мекеме өтінім түскен кезде белгілі бір күн мен уақытқа бейнеконференцбайланыстың ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндігінің бар екендігін тексереді.
21. Бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруды қамтамасыз ететін соттың немесе мекеменің бейнеконференцбайланысын ұйымдастыруға жауапты адам бейнеконференцбайланысты қолдана отырып, өтінімді алған сәттен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей:
1) бейнеконференцбайланысты қолдана отырып сот отырыстарын өткізу кестесіне өтінімде көрсетілген ақпаратты енгізеді;
2) өтінімге жауапты дайындайды және істі қарайтын сотқа тиісті ақпаратты жолдайды;
3) сот отырысын өткізуге бейнеконференцбайланыстың техникалық құралдарының дайындығын уақтылы қамтамасыз ету мақсатында, техникалық маманға бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін сот, отырыс залы, сот отырысын өткізу күні мен уақыты туралы ақпаратты жеткізеді.
Өтінімге жауап қолда бар байланыс құралдары арқылы, оның ішінде электрондық поштаны пайдалана отырып жіберіледі.
22. Бейнеконференцбайланысты қолдана отырып сот отырысын өткізу күні алдын ала сот отырысы басталғанға дейін бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін сот отырысының хатшысы бейнеконференцбайланыстың техникалық құралдарының жұмысқа жарамдылығын (дыбыстың, бейненің болуын) тексереді.
23. Техникалық ақаулар анықталған кезде сот отырысының хатшысы бейнеконференцбайланыс жабдығының жұмысын қалпына келтіру бойынша іс-шараларды өткізу үшін техникалық маманды дереу хабардар етеді.
24. Бейнеконференцбайланысты қолдана отырып сот отырысын өткізген кезде техникалық ақаулар анықталған жағдайда техникалық маман бейнеконференцбайланысты қалпына келтіру шараларын дереу қабылдайды және бұл туралы жұмысқа жарамдылығын қалпына келтіру мерзімдерін көрсете отырып, бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруды қамтамасыз ететін адамға хабарлайды.
25. Бейнеконференцбайланысты қолдана отырып, сот отырысын өткізу кезінде техникалық проблемалар туындаған жағдайда бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруды қамтамасыз ететін адам істі қарайтын сотқа істі одан әрі қарау немесе оны ауыстыру мәселесін шеше отырып, бейнеконференцбайланысты қалпына келтіруге қажетті уақыт туралы ақпаратты хабарлайды.
26. Бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін сот немесе мекеме адамдардың келуін тексереді және сот отырысына қатысуға келген адамдардың жеке басын анықтайды, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін тексереді және олардың сот отырысына қатысу мүмкіндігін анықтайды. Бұл ретте бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін сот отырысының хатшысы немесе басшысы тағайындайтын мекеменің лауазымды адамы істі қарайтын сотқа бейнеконференцбайланыс арқылы сот отырысына қатысатын адамдар туралы баяндайды.
27. Техникалық мамандар бейнеконференцбайланыстың бағдарламалық-техникалық құралдарының дұрыстығын тексереді және жұмыс істеуін бақылайды, бейнеконференцбайланысты жүргізеді, басқа да соттар мен мекемелерде бейнеконференцбайланысқа техникалық қызмет көрсетуді және бейнеконференцбайланысты жүргізуді қамтамасыз ететін адамдармен бейнеконференцбайланысты қолдана отырып, сот отырыстарын өткізу мүмкіндігін келіседі, сондай-ақ жеке байланыс құралдарын пайдалана отырып, процеске қатысушылармен өзара іс-қимыл жасайды.
28. Процеске қатысушыны біркелкі сәйкестендіру үшін оның орналасқан жері жеткілікті түрде жарықтандырылуы, сот отырысының қалыпты өтуіне кедергі келтіруі мүмкін бөгде шусыз болуы тиіс. Процеске қатысушы дене қимылын барынша азайтып, кідіріс жасап, анық сөйлейді.
28-1. Техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып өткізілетін сот отырысындағы тәртіп туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 187-бабының ережелері төрағалық етушінің өкімдеріне сәйкес нақты сот отырысын өткізудің техникалық шарттары ескеріле отырып қолданылады.
Ескерту. 28-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 20.07.2020 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.29. Іске қатысушы адамдарды немесе куәларды қоспағанда, сот отырысын тағайындаған сотпен бейнебайланыс басталғаннан кейін он алты жасқа толмаған адамдардың қатысуына және көрсетілімді қадағалауына жол берілмейді.
30. Бейнеконференцбайланысты қолдана отырып сот отырыстарын ұйымдастырумен, сондай-ақ әрбір нақты өтінішхат үшін оларды өткізудің техникалық мүмкіндігін айқындаумен байланысты мәселелерді бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруды қамтамасыз ететін адамдар шешеді. Қажет болған жағдайда техникалық мамандар тартылуы мүмкін.
31. Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдары қолданылып өтетін сот процестері туралы ақпаратты (сот атауы, сот отырысы залының нөмірі, сот отырысының күні мен уақыты, техникалық байланыс құралдары туралы мәліметтер көрсетілген) сот отырысының хатшысы Қазақстан Республикасының сот органдарының автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесінде орналастырады.
32. Сот отырысында бейнеконференцбайланыс жүйесін пайдалану туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
33. Техникалық байланыс құралдарын қолдана отырып, істі қарауға қатысу туралы өтінішхатты мәлімдеген адамның сот талқылауының аудио-, бейнежазбасына соттың рұқсатымен және іске қатысушы адамдардың пікірін ескере отырып жол беріледі.
3-тарау. Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарына қойылатын талаптар
34. Жеке байланыс құралдарын пайдаланып сот отырысына қатысу туралы өтінішхат берген процеске қатысушы сот отырысы залымен бейнеконференцбайланыс сеансын жүргізуге мүмкіндік беретін "Сот кабинеті" сервисінің мобильдік қосымшасын пайдаланады.
35. Бейнеконференцбайланысты қолдана отырып сот отырыстарын өткізу бейне көрсетілімнің және дыбыстың тиісті сапасын қамтамасыз ететін техникалық мүмкіндік болған кезде, сондай-ақ оларды залдағы қатысып отырған адамдар қабылдауға ыңғайлы форматта мониторларға шығарған кезде жүзеге асырылады. Сот отырысы залынан тыс жерде жүрген процеске қатысушы да сот отырысы залынан сапалы бейне түсіру мен дыбыс алу қамтамасыз етіледі.
36. Техникалық байланыс құралдарын пайдаланып, сот отырысын өткізу мүмкіндігі анықталған кезде процеске қатысушы үшін сот отырысы барысын есту және көру, нақты уақыт режимінде сұрақтар қою және жауаптар алу, басқа да Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген процестік құқықтарды іске асыру және процестік міндеттерді орындау мүмкіндігі тексеріледі.
37. Жеке байланыс құралдарын пайдаланатын процеске қатысушы өзінің қатысуының сапалы бейне және аудио тіркелуін, сондай-ақ интернет желісі арқылы деректердің тұрақты беруілуін қамтамасыз етеді.
38. "Сот кабинеті" сервисінің мобильдік қосымшасын пайдалана отырып, сот отырысына қатысу үшін:
1) "Сот кабинеті" сервисінің мобильдік қосымшасының өзекті нұсқасы;
2) интернет желісінің өткізу қабілеті 1мб/с төмен емес немесе 4G аз емес Wi-Fi байланысы талап етіледі.
Техникалық байланыс құралдарын қолдана отырып, сот отырысын өткізуді ұйымдастыру туралы өтінім
______________________________________________________________ іс жүргізуінде
(істі қарайтын соттың атауы)
№ __________________________________________________________________ іс бар.
Жоғарыда көрсетілген істі қарайтын сотқа _____________________________________
__________________________________________________________________________
(БКБ-ны қамтамасыз ететін соттың, емдеу (әлеуметтік) мекеме атауы)
базасында техникалық байланыс құралдары арқылы
__________________________________________________________________________
(іске қатысатын адамның процестік әрекеті, процестік жағдайы және оның
А.Ә.Т. (ол болған жағдайда) көрсетіледі)
мүмкіндігін беруді сұраймын.
Істі қараудың болжанып отырған күні _____________________________ тағайындалды
(күні, уақыты)
Сот отырысының хатшысы _________________________________________________
(А.Ә.Т. (ол болған жағдайда), байланыс телефондары)
Бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруды қамтамасыз ететін адам
______________________________________________
(А.Ә.Т. (ол болған жағдайда), байланыс телефондары)
Сот төрағасы
(істі қарайтын соттың атауы) (қолы) (А.Ә.Т. (ол болған жағдайда)
Техникалық байланыс құралдарын қолдана отырып, сот отырысын өткізуді ұйымдастыру туралы өтінімге жауап
№ _______________________ ______________________________________ іс бойынша
техникалық байланыс құралдарын қолдана отырып сот отырысын өткізуді
ұйымдастыру туралы
_____________________________________________________________ өтінімге сәйкес
(істі қарайтын соттың атауы)
оны ______________________________________________________________________
(техникалық байланыс құралдарының қолданылуын қамтамасыз ететін соттың атауы)
базасында ___________________________ өткізу мүмкіндігі расталады/расталмайды.
(күні, уақыты)
Техникалық байланыс құралдарын қолдана отырып сот отырысын ұйымдастыру
мақсатында мынадай ақпарат жолданады:
Сот отырысының хатшысы __________________________________________________
(А.Ә.Т. (ол болған жағдайда), байланыс телефондары)
Сот отырысы залының нөмірі
__________________________________________________________________________
Техникалық байланыс құралдарын қолдануды ұйымдастыруды қамтамасыз ететін адам
__________________________________________________________________________
(А.Ә.Т. (ол болған жағдайда), байланыс телефондары)
Сот төрағасы
(техникалық байланыс құралдарын қолдануды
қамтамасыз ететін соттың атауы) (қолы) (А.Ә.Т. (ол болған жағдайда)
Ақпарат ұйымның сот отырысын техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып өткізуді ұйымдастыру мүмкіндігі расталған жағдайда көрсетіледі.