БҰЙЫРАМЫН:
1. "Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 сәуірдегі № 527 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12993 болып тіркелген, 2016 жылғы 11 ақпанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр | Б. Атамкулов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Бас прокуратурасы
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік күзет қызметі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі
(Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Заңының 24-2-бабының 2-тармағына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) авиажолаушылар туралы ақпарат – авиажолаушыларды рейске тіркеу туралы мәліметтер және ресімделген және/немесе броньға қойылған авиабилеттер туралы мәліметтер.
2) Авиажолаушылар туралы деректерді жинауға және өңдеуге арналған ақпараттық жүйе (бұдан әрі − ақпараттық жүйе) − Қазақстан Республикасының аумағына келетін (оның аумағынан кететін) немесе Қазақстан Республикасының аумағында ауысып мініп транзитпен жүретін авиажолаушылар туралы ақпаратты қамтитын Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық жүйесі;
3) авиакомпания − азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификаты бар заңды тұлға;
4) ақпараттық жүйені жеткізуші – мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамаға сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган тағайындаған, жүйені қолдау мен оған қызмет көрсету үшін жауапты болатын ақпараттық жүйені жеткізуші;
5) жолаушы − экипаж құрамына кірмейтін және әуе тасымалы шартына сәйкес немесе өзге де заңды негіздерде әуе кемесінде тасымалданатын жеке тұлға;
6) тасымалдаушы – ақыға немесе жалданып жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау жөнінде қызметтер көрсететін және осыған белгіленген тәртіппен берілген тиісті рұқсаты бар, меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде көлік құралын иеленуші жеке немесе заңды тұлға;
7) уәкілетті мемлекеттік орган – көлiк саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды, Қазақстан Республикасы көлiк кешенiнiң қызметiн үйлестiру мен реттеудi, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдалануды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
3. Заңның 24-2-бабының 3-тармағына сәйкес тасымалдаушы немесе билеттер сатуды жүзеге асыратын өзге адам мынадай деректерді:
1) тегі, аты, әкесінің атын (бар болған кезде);
2) жол жүру құжаты (билеті) сатып алынатын жеке басты куәландыратын құжаттың түрі мен нөмірін;
3) жөнелту орны мен күнін, межелі пунктті, жүру маршрутының түрін (ауысып мінбейтін, транзиттік);
4) билеттер сатуды жүзеге асыратын тасымалдаушы немесе өзге де адам осы жолаушымен байланыса алатын байланыс деректерін (электрондық поштасының мекенжайын және (немесе) телефон нөмірін) жолаушының келісімімен жазуды қамтамасыз етеді.
4. "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Дербес деректер және оларды қорғау туралы Заң) талаптарына сәйкес тасымалдаушы немесе билеттерді сатуды жүзеге асыратын өзге адам дербес деректерді беруге (жинауға) және өңдеуге жолаушылардың келісімін алуды қамтамасыз етеді.
2-тарау. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға әуе көлігіндегі ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру тәртібі
5. Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, авиажолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту және Қазақстан Республикасындағы әуежайларда қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында ақпараттық жүйе енгізілуде.
6. Ақпараттық жүйені құру және пайдалану мынадай қағидаттарға негізделетін болады:
1) дербес деректерді қамтитын ақпаратты автоматтандырылған өңдеу процесінде азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау;
2) ақпараттық өзара іс-қимылға қатысушылардың қолданыстағы және қайта құрылған ақпараттық жүйелерінің арасында ақпараттық өзара іс-қимылдың технологиялық мүмкіндігін қамтамасыз ету;
3) ақпараттық жүйенің технологиялық тәуелсіздігін және оның ақпараттық өзара іс-қимылға қатысушылардың әкімшілік, ұйымдастырушылық және басқа да өзгерген қызметінен жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
4) ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету;
5) ақпараттың тұтастығын және дәлдігін қамтамасыз ету;
6) жиналған деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, таралып кету, заңсыз иемдену, жоғалту, бұрмалау, қолдан жасау, рұқсатсыз қол жеткізу тәуекелін жою, Дербес деректер және оларды қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнаманың талаптарына сәйкес деректерді пайдалану.
7. Ақпараттық жүйеге және ол өңдейтін деректерге қолжетімділік уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға беріледі.
Ақпараттық жүйе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай ақпараттық ресурстарды жүргізуге жауапты уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген рәсімдер бойынша басқа да мемлекеттік ақпараттық ресурстармен интеграцияланады.
Ақпараттық жүйемен жұмыс барысында мемлекеттік органдар "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Заңның талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді.
8. Ақпараттық жүйені жеткізуші:
1) ақпараттық жүйенің жеткізілуін жүзеге асырады;
2) ақпараттық жүйенің пайдалану дайындығын қамтамасыз ету мақсатында оған сервистік қызмет көрсетуді жүргізеді;
3) ақпараттық жүйеге жолаушылар туралы ақпаратты ұсынуды қамтамасыз ету мақсатында авиакомпаниялармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;
4) ақпараттық жүйеге қол жеткізуге құқығы бар мемлекеттік органдардың персоналын және жүйені пайдалануға байланысты авиакомпаниялардың персоналын оқытады.
9. Авиакомпаниялар, оның ішінде шетелдік авиакомпаниялар ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы ақпаратты ақпараттық жүйеге ұсынады.
10. Нақты рейске тіркелу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде авиакомпания ақпараттық жүйеге рейс және әрбір жолаушыға қатысты ресімделген билеттер туралы мынадай мәліметтерді жібереді:
1) авиакомпания коды мен рейс нөмірі;
2) жоспарланған келу күні мен уақыты;
3) ұшу орны мен күні, межелі пункті, жүру маршрутының түрі (ауысып мінбейтін, транзиттік);
4) әуе кемесінің соңғы кіру пункті/порты;
5) әуе кемесінің бастапқы қону пункті/порты;
6) ел аумағындағы қону пункті/порты;
7) авиажолаушылар саны;
8) тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде);
9) туылған күні;
10) жынысы;
11) азаматтығы;
12) жол жүру құжаты (билеті) сатып алынған жеке басты куәландыратын құжаттың түрі және нөмірі;
13) жол жүру құжаты (билеті) сатып алынған жеке басты куәландыратын құжатты берген ел немесе ұйым;
14) жол жүру құжаты сатып алынған жеке басты куәландыратын құжаттың қолданылу мерзімі;
15) саяхатшының мәртебесі (жолаушы, экипаж мүшесі немесе транзиттік жолаушы);
16) жолаушы алған қону орнының нөмірі;
17) багаж биркасының нөмірі;
18) тіркелген багаж орындарының саны;
19) авиажолаушының келісімімен билеттер сатуды жүзеге асыратын тасымалдаушы немесе өзге де адам осы әуе жолаушысымен байланыса алатын байланыс деректері (электрондық поштасының мекенжайы және (немесе) телефон нөмірі);
20) жолаушыны тіркеу жазбасының тіркеу нөмірі және жолаушының идентификаторы.
11. Ұшуға дейін 48 сағат бұрын және рейске тіркелу аяқталған кезде авиакомпания ақпараттық жүйеге ресімделген және/немесе броньға қойылған авиабилеттер туралы мынадай мәліметтерді жібереді:
1) билетті броньға қоюды бірегей әріптік-сандық тіркеу нөмірі (көрсеткіші);
2) билетті броньға қою және ресімдеу күні;
3) жоспарланған сапардың күні (күндері);
4) авиажолаушыны тіркеу жазбасындағы тегі, есімі, сондай-ақ туылған күні, жынысы, азаматтығы, жеке басты куәландыратын құжаттың түрі мен нөмірі;
5) жиі ұшатын жолаушылар туралы мәліметтер (тегін билеттер, қызмет көрсету класын көтеру);
6) саяхатшылардың санын қоса алғанда, авиажолаушыны тіркеу жазбасында көрсетілген басқа да атаулар;
7) қолда бар барлық байланыс деректері;
8) төлем және шот берудің барлық тәсілдері туралы ақпарат;
9) жолаушыны тіркеудің нақты жазбасы үшін жүру бағыты;
10) билетті сату көзі туралы ақпарат;
11) жолаушыны тіркеу жазбасындағы код-шеринг (бірлескен код) туралы деректер;
12) жолаушының мәртебесі;
13) билет нөмірін қоса алғанда, билет туралы деректер, бір бағытқа ғана бару билеттері және автоматты билеттерге баға ұсыныстары туралы деректер;
14) багаж туралы барлық мәліметтер (тіркеу аяқталғаннан кейін беріледі);
15) орын нөмірін қоса алғанда, отыратын орын туралы мәліметтер (тіркеу аяқталғаннан кейін беріледі);
16) басқа қызметтер мен арнайы қызметтердің сұрау салулары туралы ақпаратты қоса алғанда, жалпы ескертпелер;
17) жолаушыны тіркеу кезінде жиналған кез келген ақпарат (тіркеу аяқталғаннан кейін беріледі);
18) осы тармақтың 1) - 17) тармақшалары бойынша деректердің барлық өзгерістері (авиажолаушыны тіркеу жазбасының барлық тарихы) (тіркеу аяқталғаннан кейін беріледі).
12. Авиакомпанияларда меншікті ақпараттық жүйелер болған жағдайда, авиакомпаниялар автоматты режимде тікелей машинааралық қосылу жолымен ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді ұсынады. Авиакомпанияда өзінің ақпараттық жүйелері болмаған жағдайда, авиакомпания ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді қол режимінде жүктейді.
13. Авиакомпаниялардың:
ақпараттық жүйеге ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру;
Қазақстан Республикасына кіруден бас тартылған адамдар туралы ақпаратты алдын ала алу жөніндегі функцияларды қоспағанда, ақпараттық жүйеге рұқсаты жоқ.
14. Ресімделген және (немесе) броньдалған билеттер туралы ақпаратты ақпараттық жүйеге беруді қамтамасыз ету үшін авиакомпания:
1) ақпараттық жүйенің жеткізушісімен өзара іс-қимыл жасау және оның элементтерін орнатуға байланысты шешімдер қабылдау үшін жауапты адамды айқындайды;
2) уәкілетті мемлекеттік органнан және (немесе) ақпараттық жүйенің жеткізушісінен авиакомпанияларды ақпараттық жүйемен қосу тәртібін айқындайтын техникалық шарттарды қабылдайды, сондай-ақ олардың сақталуын қамтамасыз етеді;
3) ақпараттық жүйенің жеткізушісіне олардың жүйелерімен қосылуға жәрдемдесу және жолаушылар туралы сұратылған ақпараттың нысанын сақтау үшін қажетті ақпарат пен қолдауды ұсынады;
4) жүйенің жұмыс істеуі үшін қажетті жабдық пен бағдарламалық жасақтаманы пайдалану және қолдану жөніндегі ақпараттық жүйе жеткізушісінің нұсқаулығын сақтайды;
5) әуежайды пайдаланушылармен келісімдер жасайды және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 2 қазандағы № 750 бұйрығымен бекітілген, Әуежайларда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19433 болып тіркелген) белгіленген тәртіппен ақпараттық жүйенің жұмыс істеуіне байланысты қызметтерге ақы төлейді;
6) бөгде қызмет көрсету ұйымдары авиакомпаниялардың атынан ресімдеген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы деректерді жинаған жағдайда, мұндай ұйымдардың ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді және ақпараттық жүйені жеткізушінің нұсқаулықтарына сәйкес ақпараттық жүйені тиісінше пайдалану үшін қажетті өзге де міндеттемелерді ұсыну жөніндегі тиісті авиакомпаниялардың міндеттемелерін сақтауын қамтамасыз етеді.
3-тарау. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға теміржол көлігіндегі ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру тәртібі
15. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға теміржол көлігіндегі ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру жолаушылар тасымалын басқарудың автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі – "Экспресс" АБЖ) дерекқорынан ақпаратты жіберу арқылы жүзеге асырылады.
16. Теміржол көлігінде ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттердің ақпарат көзі "Теміржол көлігі туралы" 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабы 4-1-тармағына сәйкес Ұлттық теміржол компаниясы оған қол жеткізуді уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша ұйымдастыратын "Экспресс" АБЖ болып табылады.
17. Теміржол көлігімен жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыратын (қала маңы қатынасынан және билет кассаларымен жабдықталмаған жерлерде жолаушыларды отырғызу жағдайларынан басқа) тасымалдаушылар, оның ішінде шетелдік тасымалдаушылар осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес жазылған, ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді "Экспресс" АБЖ-дан уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға жіберуді қамтамасыз етеді. Мәліметтер мәтіндік нысанда деректерді жіберу түрінде беріледі.
18. Мәліметтер "Экспресс" АБЖ-ға енгізілген жолаушылар поездарының барлық ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер бойынша ұсынылады.
19. Жіберу тәулігіне 5 рет жүзеге асырылады. Деректерді жіберу уақыты:
1) 5 сағат 00 минуттан 6 сағат 00 минутқа дейін (бірінші жіберу 22 сағат 01 минуттан 5 сағат 00 минутқа дейін);
2) 8 сағат 00 минуттан 9 сағат 00 минутқа дейін (екінші жіберу 5 сағат 01 минуттан 8 сағат 00 минутқа дейін);
3) 10 сағат 00 минуттан 11 сағат 00 минутқа дейін (үшінші жіберу 8 сағат 01 минуттан 10 сағат 00 минутқа дейін);
4) 16 сағат 00 минуттан 17 сағат 00 минутқа дейін (төртінші жіберу 10 сағат 01 минуттан 16 сағат 00 минутқа дейін);
5) 22 сағат 00 минуттан 23 сағат 00 минутқа дейін (бесінші жіберу 16 сағат 01 минуттан 22 сағат 00 минутқа дейін).
4-тарау. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға теңіз көлігіндегі ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру тәртібі
20. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға теңіз көлігінде ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтер беруді Қазақстан Республикасының аумағына келетін (оның аумағынан кететін) немесе Қазақстан Республикасының аумағында ауысып мініп транзитпен жүретін жолаушыларды теңіз көлігімен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар, оның ішінде шетелдік тасымалдаушылар қамтамасыз етеді.
21. Теңіз вокзалдарының билет кассаларында немесе жеткізгені үшін төлей отырып жолаушының талап еткен жеріне жеткiзумен жол жүру құжаттарын (билеттерін) сатуды жүзеге асыратын тасымалдаушы немесе өзге адам Қағидалардың 3-тармағына сәйкес деректерді жазуды қамтамасыз етеді.
22. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға теңіз көлігінде ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді теңіз жолаушылары көліктері құралдарының келу және кету кестесіне байланысты кезең-кезеңімен тәулігіне 4 ретке дейін жіберіледі.
5-тарау. Қорытынды ережелер
23. Құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға беруге арналған ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы барлық мәліметтер құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың ақпараттық алмасу жүйесі арқылы және/немесе құқық қорғау мен арнаулы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен тікелей интеграциялау жолымен жіберіледі.
24. Ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді қабылдау-жіберу процесінде барлық уақытша параметрлерді белгілеу Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша жүргізіледі.
25. Ақпараттық алмасу барысында проблемалық жағдайлар туындаған кезде ақпараттық алмасуға қатысушылар оларды жою шараларын қабылдайды.