Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының 2020 жылғы 28 қаңтардағы № 22 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министірлігінде 2020 жылы 29 қаңтарда № 19941 болып тіркелді.

      "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 16.06.2023 № 192 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы № 13 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14431 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 6 желтоқсанда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Превенция департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі) Төрағасының бірінші орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға А. Шпекбаев

  Қазақстан Республикасы
Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігі
(Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы қызмет) Төрағасының
2020 жылғы 28 қаңтары
№ 22 бұйрығымен
бекітілген

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 16.06.2023 № 192 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган), оның аумақтық бөлімшелері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері жүргізеді.

      3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері – мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ өзге жеке және заңды тұлғалар.

      4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану тәжірибесін бағалау болып табылады.

      5. Осы Қағидалардың қолданысы арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіне қолданылмайды.

      6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің мәні – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану тәжірибесінің жағдайына, сондай-ақ қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін түйсінуі мен бағалауына қатысты ақпарат болып табылады.

      7. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізуге арналған ақпарат көздері:

      1) құқықтық статистика органдарының деректері;

      2) жеке және заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөніндегі өтініштері;

      3) үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың мәліметтері;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша әлеуметтанушылық сұрастырулар деректері;

      5) бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар;

      6) заңмен тыйым салынбаған өзге де ақпарат көздері болып табылады.

2-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу тәртібі

      8. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген ақпаратты жинақтау, өңдеу, қорыту, талдау және бағалау жолымен жүргізіледі.

      9. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) кешенді;

      2) тақырыптық.

      10. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингті уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингті жүргізу кезінде қызметтің әртүрлі салаларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқық қолдану тәжірибесі, оның ішінде екі және одан да көп мемлекеттік органның, ұйымдардың және/немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі бағаланады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторинг міндеттері:

      1) сыбайлас жемқорлық көріністеріне барынша шалдыққан қызмет салаларын анықтау;

      2) мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері қабылдайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін бағалау;

      3) қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін түсінуі мен бағалауын талдау.

      11. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторингті уәкілетті орган, оның аумақтық бөлімшілері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері жүргізеді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторинг жүргізу кезінде қызметтің белгілі бір саласында, нақты мемлекеттік органда, квазимемлекеттік сектор ұйымында немесе субъектісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқық қолдану тәжірибесі бағаланады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторингтің міндеті белгілі бір салада, нақты мемлекеттік органда, ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін мәселелерді зерделеу болып табылады.

      12. Қажет болған жағдайда уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен жұртшылық пен сараптамалық қоғамдастық өкілдерін тарта отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу үшін жұмыс тобы құрылады (келісім бойынша).

      13. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті мынадай мерзімдерде жүргізеді:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторинг – жылына кемінде бір рет;

      2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторинг – тұрақты негізде.

      14. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторингті өз бастамасы бойынша, кез келген уақытта мынадай тәртіппен жүргізеді:

      1) осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген ақпаратты ашық көздерден жинау және қорыту;

      2) жиналған ақпаратты зерделеу және талдау;

      3) белгілі бір қызмет саласында, нақты мемлекеттік органда, ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін проблемалық мәселелерді айқындау;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдар, ұйымдар және/немесе квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлей отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесін қалыптастыру.

3-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері

      15. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді және тақырыптық мониторингтің қорытындылары бойынша осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің нәтижелерін және осы Қағидалардың 16-тармағына сәйкес шешімді көрсететін талдамалық есеп қалыптастырылады.

      16. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін бағалау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдар, ұйымдар және/немесе квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу;

      2) мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және/немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу туралы ұсынымдар әзірлеу қамтылатын шешім қалыптастырылады.

      17. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындылары бойынша талдамалық есеп осы Қағидалардың 16-тармағына сәйкес қабылданған шешімді қарау үшін орталық мемлекеттік органның мүдделі аумақтық бөлімшесіне, жергілікті атқарушы органға, мемлекеттік ұйымға немесе квазимемлекеттік сектор субъектісіне, сондай-ақ жинақтау үшін уәкілетті органға жіберіледі.

      18. Уәкілетті орган өзінің аумақтық бөлімшелері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылдың өзге де субъектілері жіберетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің қорытындылары бойынша талдамалық есептерді тұрақты негізде қарайды және талдайды.

      19. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторинг қорытындылары бойынша талдамалық есеп уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

      20. Уәкілетті орган жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындылары бойынша талдамалық есеп мүдделі мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жіберіледі.

      21. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындылары мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері құратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі консультативтік-кеңесші органдардың, қоғамдық кеңестердің отырыстарында қаралуы мүмкін.

  Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы мониторинг жүргізу
қағидаларына қосымша

      Нысан

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындылары бойынша талдамалық есеп

      ________________________________________________________
(сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг түрі)

      I. Кіріспе бөлім

      1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілген қызмет саласының атауы/сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілген мемлекеттік органның (органдардың), ұйымның (ұйымдардың) және/немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің (субъектілерінің) атауы: ________________________________________________________________.

      2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді: жеке/заңды тұлға, электрондық пошта мекенжайы, телефон нөмірі ________________________________________________________________.

      3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу кезеңі: __________ басталып, __________ аяқталды.

      II. Ақпараттық-талдамалық бөлім

      Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі мен туындау себептерін сипаттайтын сандық және сапалық көрсеткіштер.

      III. Қорытынды бөлім

      Қорытындылар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі құқық қолдану практикасының тиімділігін өлшеуге мүмкіндік беретін сандық және/немесе сапалық көрсеткіштер және осы Қағидалардың 16-тармағына сәйкес шешім.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады