Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу қағидаларын және кеме қатынасы су жолдарының тiзбесiн бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2020 жылғы 31 қаңтардағы № 37 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 5 ақпанда № 19985 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 105-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) Су объектілерін кеме қатынасы санатына жатқызу қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес;

      2) Кеме қатынасы су жолдарының тізбесі осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. "Су объектілерін кеме қатынасы санатына жатқызу қағидаларын және кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тізбесін және оларды пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 2 маусымдағы № 19-2/510 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11862 болып тіркелген, 2015 жылғы 10 қыркүйекте "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы К. Ускенбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы Экология,

      геология және табиғи ресурстар министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің м.а.
2020 жылғы 31 қаңтардағы
№ 37 бұйрығына
1-қосымша

Су объектілерін кеме қатынасы санатына жатқызу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Су объектілерін кеме қатынасы санатына жатқызу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 105-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және су объектілерін кеме жүзетін көлік құралдарына жатқызу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) уәкілетті орган – ішкі су көлігі саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган – қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы, сондай-ақ су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау, су бұру, жануарлар дүниесін және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3) Қазақстан Республикасының ішкі су жолдары – кеме қатынасы мақсатында пайдалануға болатын табиғи немесе қолдан жасалған қатынас жолдары;

      4) кеме қатынасы су жолдары – кеме қатынасы үшін ашық және кеме қатынасы үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тізбесіне енгізілген ішкі су жолдары.

2-тарау. Су объектілерін кеме қатынасы санатына жатқызу тәртібі

      3. Су объектілерін кеме қатынасы санатына жатқызу уәкілетті органмен су объектілерін кеме қатынасына санатына жатқызу және су объектілерін немесе олардың учаскелерін (шекарасын көрсетіп) кеме қатынасы су жолдарының тізбесіне енгізу орындылығы туралы талдау (бұдан әрі – Талдау) нәтижелері бойынша қабылданады.

      4. Талдауды уәкілетті орган жүргізеді және мыналарды:

      1) тасымалдың күтілетін көлемі, жүк ағынының болжамды маршруттары және тасымалдау процесін ұйымдастыру үшін көлік (жолаушылар) флотының жоспарланған санын;

      2) кеме қатынасы санатына жатқызуға ұсынылатын су объектісінің схемалық жоспары, гидрологиялық сипаттамасы және пайдалану ерекшеліктерін;

      3) кеме қатынасы санатына жатқызуға ұсынылатын су объектісінде кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі және оларды қысқа мерзімді (үш жылдық) перспективада күтіп - ұстау бойынша қаржы қаражатының ресурстарға қажеттілігін қамтиды.

      5. Су объектілерін кеме қатынасы санатына жатқызу жөніндегі ұсыныстар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.

      6. Талдау және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу нәтижелері бойынша су объектілері немесе олардың учаскелері кеме қатынасы су жолдарының тізбесіне енгізіледі.

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің м.а.
2020 жылғы 31 қаңтардағы
№ 37 бұйрығына
2-қосымша

Кеме қатынасы су жолдарының тізбесі

      1. Балқаш көлі.

      2. Есіл өзені, Петропавл су қоймасының бөгетінен бастап Солтүстік Қазақстан облысының Приишимка кентіне дейін.

      3. Есіл өзенінің Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік-аумақтық шекарасы шегіндегі учаскесі.

      4. Жайық-Каспий каналы.

      5. Қазақстан Республикасының аумағындағы Қиғаш өзенінің учаскесі (Волга өзенінің саласы).

      6. Қара Ертіс өзені (Қытай Халық Республикасымен шекарадан бастап) Зайсан көлі - Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі су қоймаларымен бірге Ертіс өзені (Ресей Федерациясымен шекараға дейін).

      7. Ресей Федерациясынан бастап Жайық өзенінің сағасына дейінгі Жайық өзенінің учаскесі.

      8. Сырдария өзені, Қызылорда қаласы мен паром өткелдерінің маңы.

      9. Іле өзені, Қапшағай су қоймасымен бірге Қытай Халық Республикасымен шекарадан бастап Қапшағай су электр станциясының бөгетіне дейін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады