Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу жөніндегі қағидаларды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2020 жылғы 28 ақпандағы № 100 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 4 наурызда № 20088 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 13-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу жөніндегі қағидалар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Индустрия және
инфрақұрылымдық даму министрінің
міндетін атқарушы
К. Ускенбаев

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің
2020 жылғы 28 ақпандағы
№ 100 бұйрығымен
бекітілген

Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу жөніндегі қағидалар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 14-бабы 1-тармағының 13-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияда шетелдіктердің қатысуын (бақылауын) шектеу тәртібін белгілейді.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) авиакомпания – азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификаты бар заңды тұлға;

      2) авиакомпанияның туынды бағалы қағаздары – базалық активі авиакомпанияның акциялары болып табылатын Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған авиакомпанияның туынды бағалы қағаздары;

      3) бұзушылық жасаған акционер – осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулерді бұзған акционер немесе осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулерді бұзған адамның тиімді бақылауындағы акционер;

      4) тиімді бақылау – мынадай шарттардың бірі болғанда туындайтын заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның шешімдерін айқындау мүмкіндігі:

      заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның орналастырылған акцияларының (артықшылықты және заңды тұлға сатып алғандарды шегере отырып), қатысу үлестерінің, пайларының не үлестік қатысудың басқа да нысандарының елу пайыздан астамын тікелей және (немесе) жанама түрде иеленгенде, пайдаланғанда және (немесе) билік еткенде;

      заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның басқару органы немесе атқарушы органы құрамының кемінде жартысын тікелей немесе жанама түрде сайлау мүмкіндігінің болуы;

      заңнамалық актінің, сот шешімі, шарт күшінің (растайтын құжаттарға) негізінде немесе осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген жағдайларда басқаша түрде бір адамның өз бетімен немесе бір не бірнеше адаммен бірлесіп, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның шешімдерін тікелей немесе жанама түрде айқындау мүмкіндігінің болуы.

      5) шетелдік тұлға – шетелдік заңды тұлға, заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйым, шетел азаматы және (немесе) азаматтығы жоқ тұлға.

2-тарау. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу тәртібі

      3. Шетелдік тұлға өз бетімен немесе басқа шетелдік тұлғалармен бірге:

      1) авиакомпания акцияларының және (немесе) туынды бағалы қағаздарының аталған авиакомпанияның орналастырылған акциялары (авиакомпания өзі сатып алған акцияларды шегергенде) жалпы санынан қырық тоғыз немесе одан көп пайызынан асатын мөлшерін тікелей және (немесе) жанама түрде иелене, пайдалана және (немесе) басқара алмайды;

      2) авиакомпанияға қатысты тиімді бақылау жүзеге асырылмайды.

      4. Авиакомпания акционері авиакомпанияға өзі, сондай-ақ оған қатысты тиімді бақылау жүргізетін адамдар және тиімді бақылау жүргізетін соңғы иеленушілер туралы ақпаратты ашады.

      Егер авиакомпания акционері тікелей және (немесе) жанама түрде өзара үлестес емес және әрқайсысы осындай акционерге қатысты тиімді бақылау жүргізбейтін бірнеше адам иеленетін, пайдаланатын және (немесе) басқаратын заңды тұлға немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйым болса, ондай акционер Қазақстан Республикасы немесе Қазақстан Республикасының азаматы акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды немесе осындай акционердің басқа да үлестік қатысу нысандарын тікелей және (немесе) жанама түрде иеленетін, пайдаланатын және (немесе) басқаратын барлық жағдайлар туралы ақпаратты авиакомпанияға қосымша ашады.

      Осы тармақта көрсетілген акционерлердің ақпаратты ашу тәртібі, мерзімдері және басқа шарттары авиакомпанияның жарғысында айқындалады.

      5. Авиакомпания тоқсан сайын осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес ақпаратты осындай авиакомпанияның акционерлері ашуы тиіс адамдарды тіркейді.

      6. Авиакомпания акционері осы Қағидалардың 4-тармағының талаптарына сәйкес авиакомпанияға ақпаратты ішінара немесе толық бермегенде:

      1) авиакомпания акционерлері жалпы жиналысының кворумын айқындаған кезде, есепке алынбайды;

      2) дауыс беруге және (немесе) авиакомпания акционерлерінің жалпы жиналысында қарастырылатын мәселелерді талқылауға қатыспайды.

      7. Авиакомпания акционерлерінің жалпы жиналысының шешімі қабылданғаннан кейін анықталған авиакомпания акционерінің осы Қағидалардың 4-тармағының талаптарына сәйкес берген ақпараты анық болмаған кезде:

      1) дауыс беретін акциялардың көпшілігі (анық емес ақпарат берген акционердің дауыс беретін акцияларын есептемегенде) осындай шешімге дауыс берген жағдайда, "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген авиакомпания акционерлерінің жалпы жиналысымен шешім қабылданған болса кворумның болуы бойынша талаптар сақталған кезде көрсетілген акционердің дауыстарын есептемей акционерлердің жалпы жиналысының шешімі қабылданған болып саналады.

      2) анық емес ақпарат ұсынған акционердің дауысы шешуші болса, осы мән-жай авиакомпанияның немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа да мүдделі адамдардың талабы бойынша акционерлердің жалпы жиналысының тиісті шешімін жарамсыз деп тануға негіз болады.

      8. Акцияларды сатып алу осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулердің бұзылуына әкелетін болса, авиакомпанияның бастамасы бойынша акционердің келісімімен авиакомпания мұндай сатып алуды жүзеге асырмайды.

      9. Осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулерді бұзған жағдайда, бұзушылық жасаған акционер:

      1) жасаған бұзушылығы толықтай жойылмағанша авиакомпаниядағы акцияларымен дауыс бермейді;

      2) жасаған бұзушылығы толықтай жойылмағанша авиакомпаниядағы акциялары бойынша дивиденттер алмайды;

      3) авиакомпанияның директорлар кеңесінен тиісті талапты алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде авиакомпаниядағы өзіне тиесілі акцияларды осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулерден төмен деңгейге дейін азайту арқылы жасаған бұзушылығын жояды.

      10. Авиакомпанияның директорлар кеңесі бұзушылық жасаған акционерді анықтап, оған осы Қағидалардың 11-16-тармақтарында және авиакомпанияның жарғысында белгіленген тәртіппен осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулердің бұзушылығын жою туралы талапты жібереді.

      11. Авиакомпанияның директорлар кеңесі бұзушылық жасаған акционерді анықтаған күннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей, бұзушылық жасаған акционерге:

      1) осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулерді бұзу фактісі туралы;

      2) осы Қағидалардың 9-тармағының 3) тармақшасында белгіленген міндетті орындау қажеттілігі туралы;

      3) бұзушылық жасаған акционер авиакомпанияның акционерлік капиталында өзінің қатысуын азайтуы тиіс авиакомпания акцияларының саны және осыны орындауға қажетті мерзімі туралы;

      4) авиакомпания директорлар кеңесінің пікірі бойынша осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулердің бұзылуына қатысы бар басқа да мәліметтер туралы хабарланатын жазбаша хабарлама (бұдан әрі – Жазбаша хабарлама) жібереді.

      12. Бұзушылық жасаған акционерге жазбаша хабарлама жіберу әдісін авиакомпанияның жарғысы айқындайды. Жазбаша хабарламаны электрондық хабарлама арқылы жіберуге болады.

      13. Авиакомпанияның директорлар кеңесі осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулерді бұзудың әрбір фактісіне қатысты авиакомпанияның директорлар кеңесіне барлық белгілі (қолжетімді) мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті түрде талдау негізінде бұзушылық жасаған акционерді айқындайды.

      14. Авиакомпанияның директорлар кеңесі төмендегі жағдайларда авиакомпания акционерін бұзушылық жасаған акционер ретінде таниды:

      1) авиакомпания акционері немесе осындай акционерге қатысты тиімді бақылау жүргізетін адам нәтижесінде осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулердің бұзылуы орын алған мәміленің тарапы болып табылады;

      2) авиакомпания акционері немесе осындай акционерге қатысты тиімді бақылау жүргізетін адам орындау нәтижесінде осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулердің бұзылуы орын алған сот (төрелік) шешімі бойынша тарап болып табылады;

      3) егер авиакомпания "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңының 27-бабына сәйкес орналастырылған акцияларды сатып алғанда және ол осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулердің бұзылуына әкелгенде;

      4) авиакомпания акционерінің немесе осындай акционерге қатысты тиімді бақылау жүргізетін адамның әрекеті (әрекетсіздігі) осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулердің бұзылуына әкелетін өзге де жағдайларда.

      15. Осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген шектеулерді бұзу жай-күйі бойынша бірнеше оқиғалар болған күні жасалды, олардың әрқайсысы, жеке алғанда, оқиға ретінде танылуы тиіс, оның нәтижесінде көрсетілген бұзушылық жасалса, онда авиакомпанияның директорлар кеңесі бұзушылық жасаған акционерді анықтау туралы шешім қабылдағанда, көрсетілген оқиғалардың орын алуының хронологиялық тәртібін есепке алады.

      Бұзушылық жасаған акционерді хронологиялық тәртіппен анықтау мүмкін болмаса, авиакомпанияның директорлар кеңесі өзі негізделген және орындауға болатын деп есептеген бұзушылық жасаған акционерді анықтаудың басқа да өлшемшарттарын қолданады.

      16. Авиакомпанияның жарғысы авиакомпанияның директорлар кеңесінің бұзушылық жасаған акционерін анықтау бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қосымша жағдайларды қарастыра алады.

      17. Бір адамның өз бетімен немесе бір не бірнеше адаммен бірлесіп заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның шешімдерін анықтау мүмкіндігінің болуы, Заңның 74-1-бабының ескертпесінде белгіленген жағдайлардан басқа төмендегі жағдайларда туындайды:

      төмендегі шарттарды сақтай отырып, заңды тұлғаны немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымды бір тұлғаның (өз бетімен немесе бір не бірнеше тұлғамен бірге) қаржыландыруы:

      қаржыландыратын тұлға (тұлғалар) қызметкерлері қаржыландырылатын заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның басшы қызметкерлері және (немесе) акционерлері (құрылтайшылары, қатысушылары) болып табылады;

      алынған қаржыландыру мөлшері қаржыландыратын заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның меншікті капиталынан асады.

      18. Егер авиакомпания акциялары номиналды ұстауда болса, осы Қағидалардың ережелері акциялардың номиналды ұстаушысының клиенті болып табылатын осындай акциялардың иесіне қатысты қолданылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады