Мәдениет ұйымдарының балет әртістеріне ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдерді тағайындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 101 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 27 сәуірде № 20489 болып тіркелді.

      "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-1-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 27.03.2024 № 109-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мәдениет ұйымдарының балет әртістеріне ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдерді тағайындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң Мәдениет және өнер істері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiнде мемлекеттік тіркелуін;

      2) ресми жарияланған күннен кейін екі жұмыс күні ішінде осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2020 жылғы 24 сәуірдегі № 101
Бұйрығымен бекітілген

Мәдениет ұйымдарының балет әртістеріне ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдерді тағайындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мәдениет ұйымдарының балет әртістеріне ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдерді тағайындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 15-1-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мәдениет ұйымдарының балет әртістеріне (бұдан әрі – балет әртістері) ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдерді тағайындау тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 27.03.2024 № 109-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдер (бұдан әрі - төлемдер) балет әртісі ретінде кәсіптік қызметін тоқтатқан балет әртістеріне, кемінде жиырма жыл кәсіптік еңбек өтілі болған кезде тағайындалады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) балет әртісі - "балет әртісі" біліктілігі берілген тиісті хореографиялық білімі бар, лауазымдық міндеттеріне хореографиялық партияларды орындау кіретін және кәсіби ұжымдарда, опера және балет театрларында, музыкалық және музыкалық-драмалық театрлар мен концерттік ұйымдарда штаттық кестеге сәйкес "балет әртісі" лауазымын атқаратын әртіс;

      2) жергілікті атқарушы орган - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

      3) мәдениет саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - мәдениет саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) өтініш беруші - балет әртістеріне төлемдерді тағайындауға өтініш берген балет әртісі немесе оның сенімхаты бойынша өкілі.

2-тарау. Төлемдерді тағайындау тәртібі

      4. Төлемдерді балет әртістеріне уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган тағайындайды (бұдан әрі - төлемдерді тағайындау жөніндегі орган).

      5. Төлемдерді алу үшін өтініш беруші төлем тағайындау жөніндегі органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

      2) балет әртісінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      3) балет әртісі ретіндегі еңбек қызметін, кәсіби еңбек өтілін растайтын құжат;

      4) хореографиялық өнер саласындағы техникалық және кәсіптік және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімін бітіргені туралы дипломның көшірмесі;

      5) балет әртісі лауазымындағы соңғы жұмыс орнынан кадр қызметі куәландырған бұйрықтың көшірмесі не еңбек шартын бұзу туралы үзінді көшірме;

      6) өтініш берушінің Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкінде дербес шотының болуы туралы анықтама.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 27.03.2024 № 109-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Берілетін құжаттар:

      уәкілетті органға - балет әртісінің соңғы жұмыс орны республикалық мәдениет ұйымы болған жағдайда;

      жергілікті атқарушы органға - балет әртісінің соңғы жұмыс орны коммуналдық мәдениет ұйымы болған жағдайда.

      7. Төлемдерді тағайындау жөніндегі орган келіп түскен құжаттарды бір күн мерзімде қабылдайды, тіркейді. Ұсынылған құжаттар тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қаралуға тиіс.

      Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, құжаттар топтамасын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде төлемдерді тағайындау жөніндегі орган өтініш берушіге өтініште көрсетілген электрондық мекенжайға осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген құжаттарды толықтыру қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

      Осы Қағидалардың 5-тармағымен сәйкессіздіктер жойылмаған кезде хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде төлем тағайындау жөніндегі орган құжаттарды өтініш берушіге қараусыз қайтарады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 27.03.2024 № 109-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Ұсынылған құжаттарды қарау үшін төлемдерді тағайындау жөніндегі орган балет әртістеріне төлемдерді тағайындау жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрады.

      9. Комиссия мүшелері тақ саннан тұрады, олардың қатарынан төраға тағайындалады.

      Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, комиссия отырыстарын өткізеді. Төраға болмаған кезде оның функцияларын төрағаның орынбасары орындайды.

      Комиссия хатшысы Комиссияның қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіреді, комиссия отырыстарының хаттамаларын дайындайды. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.

      Комиссия отырыстары құжаттар төлемдерді тағайындау жөніндегі органға келіп түсуіне қарай өткізіледі. Комиссия отырыстары егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса заңды деп есептеледі.

      10. Комиссия құжаттарды "Заңның 15-1-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 27.03.2024 № 109-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Комиссияның шешімдері Комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Мүшелердің дауыстары тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      12. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді, оған Комиссияның барлық мүшелері қол қояды. Комиссия хаттамасы ұсынымдық сипатта болады.

      13. Комиссияның хаттамасы негізінде төлемдерді тағайындау жөніндегі орган тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен немесе өтініш берушінің электрондық мекенжайларына балет әртістеріне төлемдерді тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы шешімнің жобасын жібереді.

      Өтініш беруші шешім жобасымен хабарлама алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде балет әртістеріне төлемдерді тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы шешімнің жобасына қарсылық (ол болған кезде) береді.

      Қарсылықтар түскен кезде, олар қаралғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде балет әртістеріне төлемдерді тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 27.03.2024 № 109-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Балет әртістеріне төлемдерді тағайындау жөніндегі орган басшысының (не оның міндетін атқарушы тұлғаның) актісі негізінде тағайындалады және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіндегі өтініш берушінің жеке шотына төлемдерді аудару жолымен жүргізіледі.

      15. Тегі, аты немесе әкесінің аты (бар болған жағдайда), жеке шотының нөмірі, тұрғылықты жері немесе басқа да дербес деректер өзгерген жағдайда, өтініш беруші бұл туралы растайтын құжаттарды қоса бере отырып, төлемдерді тағайындау жөніндегі органды хабардар етеді.

      16. Балет әртістеріне тағайындалған төлемдер республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен қаржыландырылады.

3-тарау. Төлемдердің тоқтатылуы

      17. Төлемдер мынадай жағдайларда тоқтатылады:

      1) төлем алушының Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуі;

      2) төлем алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұруға кетуі (ішкі істер органдарында тіркеуден шығарылған ай бойынша жүргізіледі);

      3) төлем алушы қайтыс болуы (қайтыс болған айына қоса алғанда төленеді).

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 27.03.2024 № 109-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде төлемдерді тағайындау жөніндегі орган төлемдерді тоқтату туралы шешім қабылдайды, ол туралы өтініш берушіні (немесе оның заңды мұрагерін) жазбаша хабардар етеді.

      19. Алып тасталды - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 27.03.2024 № 109-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Мәдениет ұйымдарынның
балет әртістеріне ай
сайынғы арнайы ақшалай
төлемдерді тағайындау
қағидаларына
қосымша
  Нысан
  Кімге _____________________
(лауазымы, тегі, аты,
әкесінің аты
(бар болған жағдайда)
____________________________
төлемдерді тағайындау
жөніндегі орган басшысы)
____________________________
____________________________
(тегі, аты, әкесінің аты
(бар болған жағдайда),
ЖСН
____________________________
балет әртісі немесе оның
сенімхаты бойынша өкілі)
мекен-жайы бойынша
тұратын: ______
  Ұялы телефон нөмірі
_______________________
Электронды мекен-жай
________________________

Мәдениет ұйымдарының балет әртістеріне ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдер тағайындауға өтініш

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 27.03.2024 № 109-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Балет әртисі ретінде кәсіби қызметінің тоқтатылуына

      байланысты,________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

      ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдерді тағайындауды сұраймын.

      Өтінішке мынадай құжаттарды қоса беремін:

      1. ____________________________________________________________

      2. ___________________________________________________________

      3. ____________________________________________________________

      4. ____________________________________________________________

      5. ____________________________________________________________

      өтініш берушінің қолы _________________ Күні ________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады