"Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі № 196-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 15 қыркүйекте № 21199 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11148 болып тіркелген, 2015 жылғы 28 қыркүйекте "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ішкі сауда қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) автодүкен – сауда жабдықтарымен жарақталған мамандандырылған автокөлік құралы;

      2) автомат – тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы;

      3) ақпараттық-жарнамалық сауда алаңы – сатушылар, сондай-ақ тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды-сатуды ұйымдастыру мақсатында олар туралы жарнамалық (ақпараттық) мәліметтері қамтитын интернет-ресурс;

      4) арзандатылған тауар – кемшілігі болуға не кемшілігін жоюға байланысты төмендетілген бағамен сатылатын тауар;

      5) асхана – тұтынушылар өзіне өзі қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану объектісі;

      6) аутлет орталық – бірыңғай тауар белгісімен немесе маркасымен айналымға шығарылған өнімдер шығарылымының алдыңғы маусымынан азық-түлік емес тауарлар тобын (киім-кешек, аяқ киім, аксессуарлар және басқалар) елеулі жеңілдіктермен (жиырмадан тоқсан пайызға дейін) сатуды жүзеге асыратын сауда объектісі;

      7) әмбебап сауда базары – әртүрлі сыныптағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда орындары бар сауда базары;

      8) әкімшілік аймақ – әкімшілік үй-жайлар кешені орналасқан аймақ;

      9) баға – тауар құнының ақшалай мәні;

      10) бар – тұтынушыларға тіске басар, десерттер және кондитерлік бұйымдар, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;

      11) бөлшек сауда – сатып алушыға жеке, отбасылық, үй ішінде немесе кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға арналған тауарларды сату жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

      12) бақылау аймағы – ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық бақылауды, санитариялық-эпидемиологиялық және Қазақстан Республикасының заңмамасына сәйкес өзге де бақылау түрлерін жүргізуге арналған аймақ;

      13) гипермаркет – бірнеше ішкі сауда субъектілерінен тұратын, он бес мыңнан және одан астам атаулы (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауарлар ассортиментін өткізетін, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін көтерме-бөлшек сауда объектісі;

      14) дәмхана – тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, дайындалуы күрделі емес тағамдар ассортиментін, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;

      15) дискаунт орталық – бір немесе бірнеше ішкі сауда субъектілерінен тұратын, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, күнделікті сұраныстағы нарықтық бағадан төмен бағадағы азық-түлік тауарларының (тез бұзылатын азық-түлікті есепке алмағанда, жалпы көлемінің жиырма пайызы негізінен "құрғақ" немесе терең мұздатылған өнім) және азық-түлік емес (жалпы көлемнің сексен пайызы тамақ өнімдері, тұрмыстық химия және қосалқы тауарлар) тауарлардың шағын ассортименті бар эконом сыныбының сауда объектісі;

      16) дүкен – сауда, қосалқы, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етілген тұрақты жұмыс істейтін күрделі құрылыс немесе оның бөлігі;

      17) дүңгіршек – бір немесе бірнеше сауда орындарына есептелген, азық-түлік тауарларын сақтауға арналған сауда залы және үй-жайлары жоқ, сауда жабдықтарымен жарақталған күрделі емес тасымалданатын құрылыс;

      18) жаппай сату – сапасы тиісінше тауарларды төмендетілген бағамен өткізу;

      19) жарамдылық мерзімі – аяқталғаннан кейін тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңі;

      20) жылжымалы сөре – арнайы бөлінген орынға орнатылатын, сауда орнын білдіретін, тасымалданатын уақытша құрылыс (конструкция);

      21) заманауи форматтағы сауда объектілері – ассортименті бір мыңнан бастап және одан астам атау (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауар бар, қызмет көрсетудің дәстүрлі әдісімен бірге өзіне-өзі қызмет көрсету әдісі бойынша, сондай-ақ қосымша сауда қызметтерін көрсете отырып жұмыс істейтін, төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтары (құрылғылары) бар, еңбек өнімділігі және сауда алаңының шаршы метрінен сатылымы жоғары, аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаң көзделген, ауданы кемінде 500 шаршы метр стационарлық сауда объектілері;

      22) қоғамдық тамақтану – тамақ өнімдерін өндірумен, өңдеумен, өткізумен және тұтынуды ұйымдастырумен байланысты кәсіпкерлік қызмет;

      23) қойма аймағы – жүктерді түсіруге, сақтауға және жинақтауға арналған құралдармен жабдықталған аймақ;

      24) көтерме сауда – кейін сатуға немесе жеке, отбасылық, үй ішінде және осындай өзге де пайдаланумен байланысты емес, өзге мақсаттарға арналған тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

      25) көтерме-тарату орталығы (бұдан әрі – КТО) – азық-түлік тауарларымен, кейін оларды ішкі және сыртқы нарықтарда көтерме өткізу үшін арналған сатып алу, дайындау, тарату және өзге операцияларды орындау үшін және қойма құрылыстарынан, сауда павильондарынан және арнайы жабдықтары бар басқа да үй-жайлардан тұратын көп функционалды сауда-логистикалық инфрақұрылым кешені;

      26) көшпелі сауда – мамандандырылған немесе сауда үшін арнайы жабдықталған көлік құралдарын, сондай-ақ тек көлік құралымен жиынтықта қолданылатын мобильді жабдықты пайдалана отырып, тұрақты жұмыс істейтін бөлшек сауда желісінен тыс жүзеге асырылатын бөлшек сауда;

      27) мамандандырылған дүкен – ассортиментінің көлемі жиырма бес мың атауға (бірлікке) дейін болатын, ассортименті мамандандырылған (құрылыс материалдары, тұрмыстық электротехника, жиһаз және тағы басқа), сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін ішкі сауданың көптеген субъектілерін білдіретін сауда объектісі;

      28) мамандандырылған сауда базары – тауарлардың жалпы санының жетпіс және одан астам пайызы бір сыныптағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары;

      29) мамандандырылған электрондық сауда алаңы – экономикалық қызметтің бір түрінің бір сыныптағы тауарлары, жұмыстары және көрсетілетін қызметтері өткізілетін электрондық сауда алаңы;

      30) мейрамхана – тұтынушыларға міндетті түрде даяшылардың қызметін ұсынатын, тапсырыстық және фирмалық тағамдарды, сондай-ақ алкоголь өнімдерін қоса алғанда, дайындалуы күрделі тағамдар ассортиментін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;

      31) сақтау мерзімі – белгіленген сақтау шарттары сақталған кезде тауар (жұмыс нәтижесі) осы уақыт кезеңі ішінде тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құжаттарда және (немесе) шартта көрсетілген сапасын, қасиеттерін және сипаттамаларын сақтайтын уақыт кезеңі;

      32) сатушы – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сауда қызметін жүзеге асыратын ішкі сауда субъектісі;

      33) сатып алушы – тауар сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;

      34) сауда ақпараты – тауар, дайындаушы, сатушы туралы заңнамада көзделген және тауармен және оны пайдаланудың ерекшеліктерімен таныстыру мақсатында сатушыға жеткізілетін мәліметтер;

      35) сауда базары – аумақта шаруашылық қызметін көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негізде жұмыс істейтін және өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшін алаңмен қамтамасыз етілген, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігі, сәулет-құрылыс талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талаптарға сәйкес келетін сауда қызметіне арналған оқшауланған мүліктік кешен;

      36) сауда желісі – сауда базарларын қоспағанда, ортақ басқарудағы және бірыңғай коммерциялық белгі және дараландырудың өзге де құралдары аясында пайдаланылатын екі және одан да көп сауда объектілерінің жиынтығы;

      37) сауда залы – сатып алушыларға қызмет көрсетуге арналған сауда үй-жайының арнайы жабдықталған негізгі бөлігі;

      38) сауда қызметі – жеке және заңды тұлғалардың тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсіпкерлік қызметі;

      39) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган – сауда саясатын қалыптастыратын, сауда қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      40) сауда мүкәммалы – сауда қызметін жүзеге асыруға арналған заттар;

      41) сауда объектісі – арнайы құрал-жабдықпен жарақтандырылған, тауарлар сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет етуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын ғимарат немесе ғимараттың бір бөлігі, құрылыс немесе құрылыстың бір бөлігі, сауда базары, автоматтандырылған құрылғы немесе көлік құралы;

      42) сауда-ойын-сауық орталығы – көптеген ішкі сауда субъектілерінен тұратын, тауарларды, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық қызметтерін (фуд-корт, сұлулық салондары, ойын-сауық, кино-театрлар) қоса алғанда, жиырма бес мың және одан астам атаулы (бірлік) аралас ассортименті бар, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағы шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңы бар сауда объектісі;

      43) сауда орталығы – көптеген ішкі сауда субъектілерінен тұратын, аралас ассортименті бар, ассортиментінің көлемі жиырма бес мың және одан көп атаулы (бірлік), сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағы шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңы бар сауда объектісі;

      44) сауда орны – тауарларды сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын құрал-жабдықпен жарақтандырылған орын;

      45) сауда үйі – тұтас объекті ретінде басқарылатын сауда объектілерінің және қоғамдық тамақтану объектілерінің жиынтығы орналасқан сауда қызметіне арналған және сауда, әкімшілік-тұрмыстық және қойма үй-жайларымен және өзінің аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңмен қамтамасыз етілген күрделі стационарлық құрылыс;

      46) сауда үстемесі – тауарды көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыруға байланысты шығыстар мен пайданы қамтитын тауар бағасының бір бөлігі;

      47) сыйақы – азық-түлік тауарларын жылжыту, оның ішінде осындай тауарларды жарнамалау және оларды арнайы қоюды жүзеге асыру жолымен жылжыту, сондай-ақ осы тауарларды дайындау, өңдеу, буып-түю жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, сауда желілеріне немесе ірі сауда объектілеріне жіберуді қоса алғанда, азық-түлік тауарларын сатып алуға және өткізуге байланысты, азық-түлік тауарларын берушінің сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарларды сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ішкі сауда субъектісіне ақшалай төлемі;

      48) стационарлық емес сауда объектісі – инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуының (технологиялық қосу) болуына немесе болмауына қарамастан, жермен берік байланыстырылмаған уақытша құрылыс немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлік құралы;

      49) стационарлық сауда объектісі – жермен берік байланыстырылған және инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылған (технологиялық қосу) ғимарат немесе ғимараттың бір бөлігі (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй-жай), құрылыс немесе құрылыстың бір бөлігі (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй жай);

      50) сауда-көрме аймағы – тауарларды көрсетуге, жайып қоюға, сондай-ақ сатып алушыларға қызмет көрсетуге және шарттар жасасу мен төлемдер жүргізуге арналған, арнайы құралдармен жабдықталған аймақ;

      51) супермаркет – бірнеше ішкі сауда субъектілерінен тұратын, бір мыңнан бастап жиырма бес мыңға дейінгі атаулы (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауар ассортиментін сататын, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін сауда объектісі;

      52) тауар – айналымнан алынбаған, сатуға немесе айырбастауға арналған кез келген еңбек өнімі;

      53) тауар ассортименті – қандай болмасын бір немесе жиынтық белгілері бойынша біріктірілген тауарлар жиыны;

      54) тауарлар сыныбы – функционалдық мақсаты ұқсас тауарлар жиынтығы;

      55) тауарлардың көршілестігі – шикі және дайын өнімдерді бірге сақтауды және өткізуді, олардың ластануын және тауардың сапасына әсер ететін бөгде иістердің сіңуін болдырмайтын шарттар;

      56) тауар сапасы – тауардың тұтынушылық сипаттарының жиынтығы;

      57) тез бұзылатын тамақ өнімдері – қатаң регламенттелетін мерзімдерде тасымалдаудың, сақтаудың және сатудың арнайы шарттарын талап ететін тамақ өнімдері;

      58) терминалды аймақ – жүкті түсіру және тиеу операцияларын өткізуге арналған аймақ, сондай-ақ жүкті және жеңіл автомобилдерге арналған тұрақ орындары;

      59) технологиялық аймақ – жууға, өңдеуге, кептіруге, құрғақ тазалауға, сұрыптауға, калибрлеуге, өлшеп орауға, орауға және/немесе ұқсас операцияларды орындауға арналған аймақ;

      60) үй жанындағы дүкен – негізінен сауда желілеріне кірмейтін бес мың атауға (бірлікке) дейін күнделікті қажетті тауарлардың мамандандырылған ассортиментін өткізетін бір ішкі сауда субъектісін білдіретін сауда объектісі;

      61) шағынмаркет – он мыңға дейінгі атау (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауар ассортиментін сататын бірнеше ішкі сауда субъектілерін білдіретін, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуы көзделетін сауда объектісі;

      62) шатыр (павильон) – құрастырмалы-жинамалы конструкциялардан, бір немесе бірнеше сауда орындары үшін сауда жабдықтарымен жарақталған, сауда қорына арналған алаңы бар және арнайы белгіленген орынға орналастырылатын жеңіл құрастырылатын құрылыс;

      63) ішкі сауда – Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сауда қызметі;

      64) электрондық коммерция – электрондық саудадағы, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын көрсетілетін қызметтер саудасындағы кәсіпкерлік қызмет;

      65) электрондық коммерцияға қатысушылар – сатып алушы, сатушы және (немесе) электрондық сауда алаңы ретінде қатысатын, тауарларды, көрсетілген қызметтерді және ақпараттық-жарнамалық сауда алаңдарын өткізетін жеке және заңды тұлғалар;

      66) электрондық сауда – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

      67) электрондық сауда алаңы – электрондық саудаға қатысушыларға инфрақұрылымды, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жұмыстар мен қызметтер көрсетуге арналған шарттар жасасуды қамтамасыз ететін интернет-ресурс;

      68) электрондық саудаға қатысушылар – сатып алушы, сатушы және (немесе) электрондық сауда алаңы ретінде қатысушы жеке және заңды тұлғалар.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды қоспағанда, тауарлардың бағаларын ішкі сауда субъектілері дербес айқындайды.

      Ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын беру шартында көрсетілген, өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда арқылы берушінің сатып алу бағасының он бес пайызынан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін белгілейді.

      Ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бірнеше өндірушіден немесе көтерме сауда арқылы берушіден болған жағдайда, неғұрлым төмен құны бар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын беру шартында көрсетілген, өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда арқылы берушінің сатып алу бағасының он бес пайызынан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін белгілейді.

      Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізу шарттарын жасасу кезінде шекті сауда үстемесінің мөлшері белгіленеді.

      "Бөлшек саудадағы азық-түлік тауарларының табиғи кему нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 қарашадағы № 717 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 12484 болып тіркелген) сәйкес бекітілген нормалар шегінде сауда үстемесі әлеуметтік маңызы бар тауарларды тасымалдаумен және (немесе) сақтаумен және (немесе) импорттаумен, сондай-ақ азық-түлік тауарларының табиғи кемуімен байланысты шығындар мөлшеріне ұлғайтылуы мүмкін.

      Сауда үстемесіне өнім берушіден азық-түлік тауарларының белгілі бір санын сатып алуға байланысты ішкі сауда субъектісіне төленетін сыйақыларды төлеуге байланысты шығыстар енгізілмейді.

      Ішкі сауда субъектісі (дайындаушы) тауарды сатады, ал тұтынушы сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарында қойылған баға жапсырмасымен ресімделіп көрсетілген құнға сәйкес тауарды сатып ала алады.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, ішкі сауда субъектісі (дайындаушы, орындаушы) фото, бейне түсірілімдерді қолдануға қатысты тұтынушылардың мүмкіндігін шектемейді.";

      27-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27-2. Сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарларды сату қызметін жүзеге асыратын ішкі сауда субъектілері мен азық-түлік тауарларын жеткізушілер арасында азық-түлік тауарларын жеткізу шарттары жасалған кезде азық-түлік тауарының бағасына ішкі сауда субъектісі өнім берушіден азық-түлік тауарларының белгілі бір санын сатып алуына байланысты оған төленетін сыйақыны қосу қарастырылуы мүмкін.

      Аталған сыйақының мөлшері осы шарттың тараптарымен келісілуге тиіс және сатып алынған азық-түлік тауарлары бағасының бес пайздан аспайды. Көрсетілген жиынтық сыйақы мөлшерін есептеу кезінде қосылған құн салығына салық сомасы есепке алынбайды.

      Ішкі сауда субъектісіне олардың өнім берушіден азық-түлік тауарларының белгілі бір санын сатып алуына байланысты төленетін сыйақы ақшалай көрсетіледі және тауарларды ілгерілету бойынша көрсетілетін қызметтер үшін төлемді қамтиды.

      Тауарды ілгерілетумен байланысты емес сыйақы ұсынудың және қосымша қызметтер көрсетудің өзге де жағдайларын шарттың тараптары дербес түрде айқындайды.

      Ішкі сауда субъектісінің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеде көрсетілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуына байланысты осы тармақта көрсетілген сыйақыны төлеуге жол берілмейді.

      Азық-түлік тауарларының тізбесін немесе көлемін ұлғайта отырып шартты ұзартуға Заңның 31-бабының 7-тармағын бұза отырып қосымша келісімдер жасасумен тең жол берілмейді.

      Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген сыйақы мөлшері асып кетсе, ішкі сауда cубъектісі 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне сәйкес жауапты болады.";

      28-тармақтың 15) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) сауда объектілерінің әкімшіліктері Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 18 сәуірдегі № 233 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18562 тіркелген) Елді мекендердегі үй-жайлардан тыс жерлерде ашық (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыру қағидаларының ережелерін ескере отырып маңдайшаларға, витриналарға, жарнамалық материалдарға, көрмелік жабдықтар мен түрлі қалыптағы және тұрпаттағы стационарлық сауда объектілері қызметкерлерінің сыртқы түріне қойылатын талаптарды айқындауы қажет.";

      104-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "104. Шартта белгіленген жағдайларда және мерзімде қайта әкелуге жататын тауарды көрме-жәрмеңкелік сауданы жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге әкету 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Кодексіне сәйкес реттеледі.";

      150-тармақ мынадай редакцияда жазылсын;

      "150. Сатушы аудиожазба туындыларына қатысты осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа сатып алушыға мынадай ақпаратты:

      1) фильмнің, фильм түсірілген студияның атауы және оның шығарылған жылы;

      2) негізгі фильмографиялық деректер (жанры, аннотациясы, сценарий авторы, режиссері, композиторы, басты ролді орындаушылар және т.б. туралы мәліметтер);

      3) фильмнің ұзақтығы (минутпен);

      4) туындыға авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды иеленуші туралы мәліметтерді ұсынады.".

      2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ішкі сауда департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция министрі
Б. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министірлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика

      министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады