"Қазақстан Республикасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 554 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № 405 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 22 қыркүйекте № 21238 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 554 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7406 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2012 жылғы 21 сәуірдегі № 112-113 (26931-26932) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделеген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Аймагамбетов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2020 жылғы 21 қыркүйегі
№ 405 Қосымша
  Қазақстан Республикасы Білім
және ғылым министрінің
2011 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 554 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидалары "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 25-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

2-тарау. Қазақстан Республикасы ЖЖОКБҰ-ның дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру тәртібі

      2. ЖЖОКБҰ-ның дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру тәртібі ЖЖОКБҰ-ның дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларын қабылдауды және оқытуды қамтиды.

      3. ЖЖОКБҰ-ның дайындық бөлімдеріне ақылы негізде оқуға қабылдауды ЖЖОКБҰ-лар дербес жүзеге асырады.

      4. Оқуға түсушіге, егер олар Заңның 8-бабының 2-тармағына сәйкес алғаш рет оқуды жүзеге асырса, мемлекеттік білім беру тапсырысында тегін оқу мүмкіндігі беріледі.

      5. ЖЖОКБҰ дайындық бөлімінде мемлекеттік білім беру бойынша оқу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктерді, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарды және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау ЖЖОКБҰ конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.

      6. Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі – Орталық) интернет-ресурсында электрондық нысанда жүзеге асырылады. Құжаттарды электрондық нұсқада беру мүмкіндігі болмаған кезде, қабылдау қағаз түрінде жүзеге асырылады.

      7. ЖЖОКБҰ-ның дайындық бөлімдеріне түсу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары Орталық арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) электрондық немесе қағаз түрінде қабылдау туралы еркін нысандағы өтініш;

      2) жеке басын куәландыратын құжаттың электрондық көшірмесі немесе қағаз нұсқасы;

      3) жалпы орта (жалпы орта), кәсіптік бастауыш (техникалық және кәсіптік), кәсіптік орта (орта білімнен кейінгі) білім туралы құжаттың және оған қосымшаның электрондық көшірмесі немесе қағаз нұсқасы;

      4) "Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша медициналық анықтама.

      8. ЖЖОКБҰ-ның дайындық бөлімдеріне түсу үшін шетелдіктер, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар Орталық арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) электрондық немесе қағаз түрінде қабылдау туралы еркін нысандағы өтініш;

      2) жеке басын куәландыратын құжаттың электрондық көшірмесі немесе қағаз нұсқасы;

      3) білім туралы құжаттың және оған қосымшаның электрондық көшірмесі немесе қағаз нұсқасы және мөрдің аудармасын қоса алғанда, нотариат куәландырған сканерленген аудармасы (егер құжат толығымен шет тілінде болған жағдайда);

      4) "Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша медициналық анықтама.

      9. Тұлғалар оқуға қабылдағаннан кейін, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы № 8 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5135 болып тіркелген) бекітілген Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидаларына сәйкес шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар нострификация рәсімінен өтеді.

      10. Конкурсқа қатысу үшін өтініштерді қабылдау Орталық арқылы күнтізбелік жылдың 5 тамызы мен 5 қыркүйегі аралығында жүргізіледі.

      11. Ұсынылған құжаттарды Орталық осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарына сәйкестігіне құжаттар тіркелген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тексереді.

      Орталық ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарына сәйкес болған жағдайда, құжаттар тіркелген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде құжаттар тапсыруды тіркеу кезінде көрсетілген электрондық поштаға хабарлама жолдайды. Осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген ұсынылған құжаттар сәйкес келмеген жағдайда түсушіге құжаттарды тіркеуден бас тарту туралы хабарлама жіберіледі. Бұл ретте, үміткерге оқуға түсу үшін құжаттарды тіркеуден бас тарту туралы хабарламаны алғаннан бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысу үшін қайта тіркеуден өту мүмкіндігі беріледі.

      12. Конкурстық іріктеуді өткізу үшін ЖОО оқытушылары қатарынан қабылдау комиссиясы құрылады және Комиссия мүшелерінің құрамынан комиссия төрағасы сайланады. Комиссия мүшелерінің саны оның төрағасын қоса алғанда тақ болып табылады. Конкурстық іріктеуді қабылдау комиссиясы күнтізбелік жылдың 10-15 қыркүйегі аралығында өткізеді.

      13. Конкурстық іріктеуді жүргізу тәртібін ЖЖОКБҰ әзірлейді және бекітеді. Конкурстық іріктеуді өткізу кестесін, өткізу күнін, уақыты мен орнын қабылдау комиссиясының төрағасы бекітеді және оқуға түсушілердің назарына құжаттарды қабылдау басталғанға дейін жеткізіледі. Тыңдаушылар өздері таңдаған ЖЖОКБҰ-да конкурстық іріктеуден өтеді.

      14. ЖЖОКБҰ өткізетін конкурстық іріктеуден өту кезінде тыңдаушы оның жеке басын куәландыратын құжатты және құжаттың тіркелгені туралы хабарламаны ұсынады.

      15. Конкурстық іріктеуді өткізу қорытындылары еркін нысанда Комиссия хаттамасымен ресімделеді және оған комиссия төрағасы мен барлық қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.

      Қабылдау комиссиясының хаттамасы негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ЖЖОКБҰ-ның дайындық бөлімдеріне тыңдаушыларды қабылдау туралы шешім шығарылады және күнтізбелік жылдың 25 қыркүйегіне дейінгі мерзімде конкурстық іріктеуден өткен Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдардың назарына жеткізіледі.

      ЖЖОКБҰ меншік нысанына қарамастан конкурстық іріктеу аяқталған күні оның нәтижелерін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне береді.

      16. Дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары қатарына қабылдауды ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиялары күнтізбелік жылдың 25-28 қыркүйегі аралығында өткізеді.

      17. ЖЖОКБҰ-лар тыңдаушыларды оқуға қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде дайындық бөлімдеріне қабылдау туралы бұйрықтардың көшірмелерін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне ұсынады.

      18. Дайындық бөлімдерінде оқыту күндізгі және қашықтықтан оқыту нысанында жүзеге асырылады. Сабақтар күнтізбелік жылдың 1 қазанынан басталады. Оқу мерзімі – 9 ай.

      19. Дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары үшін қашықтықтан оқыту:

      1) дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы болған жағдайда;

      2) растайтын құжаттарды ұсына отырып, бала туылған кезде, бала үш жасқа толғанға дейін оны асырап алу;

      3) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын, оқу жылы ішінде тұрғылықты жері бойынша кеткен және шекараның жабылуы, карантин жариялануы себебінен және оларға байланысты емес өзге де мән-жайлар бойынша қайтып оралуға мүмкіндігі жоқ ұлты қазақ адамдар үшін ұсынылады.

      20. Оқуды аяқтағаннан кейін тыңдаушыларға оқуды аяқтағаны туралы анықтама (еркін нысандағы) беріледі.

      21. Дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларын ЖЖОКБҰ-дан оқудан шығаруға:

      1) тыңдаушының өз еркімен оқудан шығу туралы өтініші;

      2) ЖЖОКБҰ-ның ішкі тәртібін бұзуы негіз болып табылады.

      Тыңдаушыны ЖЖОКБҰ-дан шығару ЖЖОКБҰ басшысының бұйрығымен ресімделеді, оның көшірмесі оқудан шыққан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне жіберіледі.

      22. ЖЖОКБҰ-лар жыл сайын күнтізбелік жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне дайындық бөлімдерінің өткен кезеңдегі жұмысы туралы қорытынды есеп береді.

      23. ЖЖОКБҰ-лар дайындық бөлімдері тыңдаушыларының статистикалық және паспорттық есебін жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады