БҰЙЫРАМЫН:
1. "Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 24 шілдедегі № 375 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15589 болып тіркелген, 2017 жылғы 14 қыркүйекте Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындық қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі |
Н. Ермекбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 19 қазаны № 534 бұйрығына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 24 шілдедегі № 375 бұйрығымен бекітілген |
Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) әскери оқытылған резервті әскери даярлау тәртібін айқындайды.
2. Азаматтарды запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери қызметке әскери даярлау Қазақстан Республикасының әскери оқытылған резервін қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері (бұдан әрі – ҚР ҚК) офицерлер құрамының бастапқы лауазымдарын қосымша жасақтау мақсатында алатын жоғары кәсіптік білім негізінде әскери-есептік мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
Азаматтарды запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша әскери қызметке әскери даярлау Қазақстан Республикасының әскери оқытылған резервін қалыптастыру, сондай-ақ ҚР ҚК сержанттар құрамының лауазымдарын қосымша жасақтау мақсатында әскери-есептік мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
3. Осы қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық-имидждік жұмыс – ҚР ҚК-ның имиджін, әскери мамандықтың беделін арттыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
2) әскери дайындық бағдарламасы – әрбір әскери-есептік мамандық бойынша жоспарлау құжаттарының кешені, олардың негізінде азаматтарды запастағы офицерлер мен сержанттар бағдарламалары бойынша әскери қызметке даярлау жүзеге асырылады;
3) әскери дайындық бойынша орташа үлгерім балы – білім алушының әскери кафедрада оқу кезеңіндегі сараланған орташа бағасы;
4) әскери кафедраның оқу материалдық базасы (бұдан әрі – ОМБ) – бұл белгіленген мамандықтар бойынша білім алушылар қатарынан запастағы офицерлерді және запастағы сержанттарды даярлауды қамтамасыз ететін материалдық және техникалық құралдар, ғимараттар мен құрылыстар кешені. Әскери кафедраның ОМБ оқу жоспарлары мен бағдарламаларында көзделген барлық сабақтарды сапалы өткізуді, білім алушылардың зерделейтін материалды толық меңгеруін, олардың командалық, әдістемелік, практикалық дағдылар мен біліктілікті алуын қамтамасыз етуге тиіс;
5) "әскери күн" әдісі – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының (бұдан әрі – ЖЖООКБ) басшысы әскери кафедраның күн тәртібіне сәйкес әскери дайындықты ұйымдастыру үшін бөлген уақыт;
6) әскери-патриоттық жұмыс – студенттерде патриотизм, Қазақстан Республикасына адал болу, мемлекет мүддесінде өзін құрбан етуге әзір болу сезімін қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ білім беру ұйымдарында, қоғамдық бірлестіктерде және мемлекеттік органдарда әскери-патриоттық іс-шараларды жүргізу;
7) идеологиялық жұмыс – мемлекеттік идеология негіздерін насихаттау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
8) күн тәртібі – әскери кафедрада қызметті жоспарлау негізі және оқу уақытын бөлу;
9) оқу-әдістемелік комиссия – әскери кафедраның оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметі мәселелері жөніндегі консультациялық-кеңесші орган;
10) психологиялық жұмыс – жағдайдың кез келген шарттарында міндеттерді орындау кезінде қажетті моральдық-психологиялық қасиеттерді қалыптастыру, дамыту және қолдау, жеке құрамға теріс ақпараттық-психологиялық ықпал етуге қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
11) студенттер – ЖЖООКБ-ларда күндізгі оқыту нысаны бойынша білім алатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
12) ішкі тәртіп – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары жалпыәскери жарғыларының талаптарына сәйкес әскери кафедра үшін белгіленген әскери кафедра бастығы бекітетін ішкі тәртіпті сақтау қағидалары.
4. Студенттерді әскери даярлау қосымша оқыту түрі болып табылады және теориялық және практикалық оқу курстарынан тұрады.
Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындыққа 588, оның ішінде теориялық дайындыққа – 360 және практикалық дайындыққа – 228 академиялық сағат бөлінеді.
Запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша әскери дайындыққа 294, оның ішінде теориялық дайындыққа – 180 және практикалық дайындыққа – 114 академиялық сағат бөлінеді.
Бұл ретте бозбалалар дайындықтың практикалық бөлігін далалық жағдайларда (оқу-жаттығу жиындары), ал бойжеткендер ЖЖООКБ не әскери бөлімшелер (кәсіби практика) базасында өтеді.
Әскери дайындық бағдарламасын мүдделерінде студенттерді даярлау жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі (бұдан әрі – ҚР ҚМ), Бас штабы құрылымдық бөлімшелерінің, ҚР ҚК түрлері мен тектерінің бастықтары бекітеді.
5. Әскери дайындыққа жалпы басшылық жасауды ҚР ҚМ ЖЖООКБ басшысымен бірлесіп жүзеге асырады. Әскери дайындыққа тікелей басшылық жасауды Қорғаныс министрі, ҚР ҚМ басшылығымен келісу бойынша ЖЖООКБ басшысы әскери қызметшілер, оның ішінде қызметшілер (запастағы, отставкадағы офицерлер) қатарынан іріктейтін, тағайындайтын және іссапарға жіберетін әскери кафедра бастығы жүзеге асырады.
6. ҚР ҚМ әскери кафедрада әскери даярлауды, ЖЖООКБ басшысымен келісу бойынша әскери кафедралардың профессор-оқытушы құрамының (бұдан әрі – ПОҚ) және инженерлік-техникалық персоналының (бұдан әрі – ИТП) лауазымдарына әскери қызметшілерді іріктеуді, тағайындауды және іссапарға жіберуді ұйымдастыруды бақылауды жүзеге асырады.
Теріс себептер бойынша қызметтен шығарылғандарды қоспағанда, ПОҚ лауазымдарына, оның ішінде әскери кафедра бастығының орынбасары лауазымына тағайындау үшін басым түрде әскери қызмет мерзімі кемінде 10 жыл болатын запастағы және отставкадағы офицерлер, ал ИТП лауазымдарына тағайындау үшін әскери қызметтен запасқа немесе отставкаға шығарылған анағұрлым даярланған офицерлер немесе сержанттар қатарынан қаралады.
ҚР ҚМ әскери кафедрада әскери даярлаудың сапалы деңгейін қамтамасыз ету мақсатында ЖЖООКБ басшысымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында ПОҚ-ның біліктілікті арттыру курстарынан өту кестесін жасайды.
7. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындық мемлекеттік білім тапсырысы және ақылы негіздерде жүзеге асырылады, ақылы негізде оқыту құны мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыту құнынан аспайды. Запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша әскери дайындық ақылы негізде жүзеге асырылады, оқыту құны запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындыққа мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бөлінген оқыту құнынан аспайды.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін негізде оқуға конкурс шарттарынан өткен әскери кафедралары бар ЖЖООКБ студенттері, ал ақылы негізде оқу үшін конкурс шарттарынан өткен, әскери кафедраға бөлінген орындар санына сәйкес комиссия ұсыным берген студенттер жіберіледі. Оқу үшін әскери кафедраға қабылданған студенттер әскерге шақыру бойынша әскери қызметке ықтимал кандидаттар болып табылады және осы қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тиісті міндеттеме қабылдайды.
Студенттерді запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша ақылы негізде оқыту үшін ЖЖООКБ басшысы ҚР ҚМ-мен келісу бойынша басқа ЖЖООКБ-лардың студенттерін әскери кафедрада оқытуға жібереді.
Запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша оқыту үшін әскери кафедралары бар ЖЖООКБ басшылары басқа ЖЖООКБ-лардың студенттерін оқытуға жібереді.
8. Әскери кафедраларда оқыту үшін жыл сайын қабылдау жоспары ерікті нысанда әзірленеді және оны Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді.
Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысына жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесі жұмылдыру қажеттілігіне және әскери оқытылған резервті жинақтау қажеттілігіне сүйене отырып, студенттерді әскери кафедраларда әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлаудың жыл сайынғы қажеттілігін есептеуді жүргізеді және қабылдау жылының 1 ақпанына дейінгі мерзімде әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшеге жолдайды.
Қабылдау жоспарын жыл сайын әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше ЖЖООКБ-лардың өтінімдерін, бейінін және тиісті әскери-есептік мамандықтар бойынша әскери кафедралардың оқу-материалдық базасының мүмкіндіктерін ескере отырып, студенттерді әскери кафедраларда даярлаудың жыл сайынғы қажеттілігіне сәйкес әзірлейді.
Қабылдау жоспарын жасау кезінде белгілі бір әскери-есептік мамандық бойынша білім алушылардың санын кемінде бір оқу взводын құруға мүмкіндік беретін мәнге дейін жеткізу мақсатында бөлінген орындарды қайта бөлуге жол беріледі.
Қабылдау жоспары іріктеу жылының 1 сәуіріне дейін әскери кафедралар бастықтарының мекенжайына жолданады.
Қабылдау жоспарына өзгерістер мен толықтыруларды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарымен келіскеннен кейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді және ол бекітілгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде әскери кафедралар бастықтарының мекенжайына жолданады.
2-тарау. Әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеу
9. Әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеуді жыл сайын іріктеу комиссиясы конкурс негізінде қабылдау жоспарына сәйкес жүргізеді.
Әскери кафедраның құжаттарды қабылдауы іріктеу комиссиясының жұмысы басталғанға дейін 10 жұмыс күні бұрын аяқталады.
Конкурсқа қатысуға конкурс өтетін жылы 24 жастан аспайтын студенттер жіберіледі.
Әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеуге конкурс төрт кезеңде жүзеге асырылады:
бірінші кезең – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 2 шілдедегі № 373 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына және әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережеге (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11846 болып тіркелген) сәйкес медициналық куәландырудан өту;
екінші кезең – кәсіби-психологиялық тестілеу жүргізу;
үшінші кезең – дене шынықтыру дайындығын тексеру;
төртінші кезең – ЖЖООКБ басшысы жасайтын және бекітетін рейтингілік балл есебіне сәйкес жүзеге асырылатын конкурстық іріктеу.
Конкурстың әрбір кезеңінен бір рет өтуге жол беріледі.
Іріктеу комиссиясының жұмыс істеу регламентін академиялық күнтізбеге сәйкес ЖЖООКБ басшылығы айқындайды.
Іріктеу комиссиясының жұмысы ЖЖООКБ-ның академиялық күнтізбесіне сәйкес жазғы сессия аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей басталады.
10. ҚР ҚК-ны жасақтау үшін қажетті мамандардың резервін сапалы қалыптастыру мақсатында іріктеу комиссиясының құрамын және жұмыс істеу мерзімдерін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы (бұдан әрі – ҚМБО – ҚР ҚК БШБ) айқындайды.
Іріктеу комиссиясы мүшелердің тақ санынан (кемінде 5 адам) тұрады, оған:
1) комиссия төрағасы – әскери кафедра бастығы;
2) комиссия төрағасының орынбасары – кадр мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше айқындайтын ҚР ҚК офицері;
3) ҚР ҚК әскери полиция органының әскери қызметшісі;
4) ЖЖООКБ дене тәрбиесі және спорт кафедрасының өкілі;
5) оның басшысы айқындайтын ЖЖООКБ-ның ПОҚ қатарынан (әскери кафедра емес) өкіл кіреді.
ЖЖООКБ әскери кафедрасының өкілі комиссия хатшысы болып тағайындалады (дауыс беру құқығынсыз).
Іріктеу комиссиясының жұмыс істеу мерзімдері мен құрамы бойынша ұсыныстарды әскери кафедралар ҚР ҚМ-ға қабылдау жылының 1 сәуірінен кешіктірмей жолдайды.
11. Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін құжаттар бірінші (4 жылдық оқумен) және екінші (5 жылдық оқумен) курс студенттерінен қабылданады.
Запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін құжаттар бірінші, екінші (4 жылдық оқумен) және бірінші, екінші, үшінші (5 жылдық оқумен) курс студенттерінен қабылданады.
Әскери дайындық ЖЖООКБ-да оқу аяқталғанға дейін бір жыл бұрын оқу-жаттығу жиынымен (кәсіби практикамен) аяқталады.
12. Әскери кафедрада оқу үшін конкурсқа қатысуға ниет білдірген студент осы қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша құжаттарды қоса берумен осы қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті ресімдейді.
13. Медициналық куәландырудан өту үшін студенттерге әскери кафедрада ресімделген медициналық куәландыру карталары (бұдан әрі – 7-нысан) беріледі. Студенттерді медициналық куәландыру жергілікті әскери басқару органдарында қабылдау жылының 1 ақпанынан бастап жүргізіледі. Конкурстық іріктеуге қатысу үшін медициналық куәландыру нәтижелері 7-нысан бойынша іріктеу комиссиясының жұмысы басталғанға дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей әскери кафедраға ұсынылады.
Медициналық куәландырудан өтпеген студенттер конкурсқа жіберілмейді.
14. Студенттердің дене шынықтыру дайындығы осы қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес дене шынықтыру бойынша нормативтерді тапсыру нәтижелерімен бағаланады. Үш нормативті тапсыру сомасы бойынша 8 балл жинамаған студенттер конкурс кезеңінен өтпеген болып саналады.
15. Студенттерді кәсіби-психологиялық тестілеу ЖЖООКБ-ның компьютерлік сыныптарында жүргізіледі және ол ынталылық, күйзеліске төзімділік, сыни тұрғыдан және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды.
Кәсіби-психологиялық іріктеуден өту және дене шынықтыру дайындығы нәтижелері комиссия мүшелері қол қоятын ведомоста ескеріледі.
16. Іріктеу комиссиясының отырыстары іріктеу комиссиясының төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі және "әскери дайындыққа жіберілсін", "ақылы негізде оқу үшін ұсынылсын", "бас тартылсын" деген шешімдердің бірін қабылдаумен осы қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттама ресімдеумен сүйемелденеді.
Шешім қарапайым көпшілік дауыс берумен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда іріктеу комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
17. Тегін негізде оқу үшін әскери кафедраға бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейін рейтингіде тұрған студенттер жіберіледі.
18. Конкурс кезеңдерінің нәтижелерімен келіспеген студент сол күні іріктеу комиссиясының төрағасына жазбаша түрде өтініш (ерікті нысанда) жасайды.
Өтініштің мәні бойынша хаттамамен ресімделген іріктеу комиссиясының шешімі өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 1 күн ішінде "қанағаттандырылсын" немесе "бас тартылсын" деген тұжырыммен қабылданады.
19. Конкурс нәтижелері іріктеу комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейін келесі күні сағат 17.00-ге дейін әскери кафедраның ақпараттық стендіне орналастырылады.
3-тарау. Әскери кафедрадағы оқу процесі
20. Әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшенің бастығы әскери кафедраның оқу жылына арналған жұмыс жоспарын, пәндер (силлабустар) бойынша жұмыс оқу бағдарламаларын, әскери кафедраның оқу материалдық базасын жетілдіру, тәрбие және әскери-патриоттық жұмыс, ПОҚ-ның біліктілігін арттырудың перспективалық және жылдық жоспарларын бекітеді.
21. Оқу процесін жоспарлау оқу жылы басталғанға дейін екі аптадан кешіктірілмей аяқталады.
22. Оқу процесін жоспарлау әскери кафедраның қызметін регламенттейтін құжаттарды әзірлеу жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.
23. Студенттерді әскери даярлау әскери кафедра оқытушысының жетекшілігімен "әскери күн" әдісімен ұйымдастырылады және жүзеге асырылады. Оқу сабақтарының ұзақтығы оқу-жаттығу жиынында (кәсіби практикада) болған күндерден басқа, күніне 6 академиялық сағатты құрайды. Өзіндік жұмыс ұзақтығы 2 академиялық сағатты құрайды. ЖЖООКБ-дағы және оқу-жаттығу жиынындағы (кәсіби практикадағы) бір академиялық сағат 50 минутты құрайды.
24. Әскери дайындық бойынша оқу жылының басталуы және аяқталуы ЖЖООКБ-ның күнтізбелік оқу жоспары негізінде айқындалады. Оқу-жаттығу жиындарын өткізу мерзімдерін ҚМБО – ҚР ҚК БШБ айқындайды.
25. Әскери кафедраның штат кестесін әскери кафедра бастығы қабылдау жоспары негізінде қорғаныс саласындағы мәселелерді реттейтін нормалар мен қағидаларға сәйкес әзірлейді және әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ бөлімшесімен келіседі. Штат кестесін ЖЖООКБ басшысы бекітеді. Одан басқа, штат кестесінде оқу-жаттығу қару-жарағы мен әскери техникасын сақтауға және пайдалануға тікелей жауап беретін лауазымдарды (өндірістік оқыту шебері, зертхана бастығы лауазымдары және т.б.) көздеу қажет. Әскери кафедра ПОҚ-ның оқу жүктемесі ауқымының есебі ЖЖООКБ-да бекітілген нормалар бойынша белгіленеді.
4-тарау. Оқу-жаттығу жиынынан (кәсіби практикадан) өту
26. Студенттердің оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практикасы) әскери дайындықтың соңғы кезеңі болып табылады. Оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практика) студенттерді іс жүзінде оқыту және олардың әскери дайындықтың теориялық курсын зерделеу кезінде меңгерген командалық, әдістемелік дағдыларын жетілдіру мақсатында әскери бөлімдердің (мекемелердің), әскери оқу орындарының оқу материалдық-техникалық базасын пайдалана отырып жүргізіледі.
27. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша білім алатын студенттер үшін оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практика) мынадай екі кезеңде өткізіледі:
бірінші кезең – әскери кафедра базасында 90 академиялық сағат;
екінші кезең – әскери кафедралардан келіп түсетін өтінімдер негізінде жауынгерлік даярлық мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше әзірлейтін ҚМБО – ҚР ҚК БШБ бекітетін жоспар-кестеге сәйкес әскери бөлімдердің, әскери оқу орындарының оқу материалдық базасын пайдалана отырып, 138 академиялық сағат.
Запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша білім алатын студенттер үшін оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практика) әскери кафедра базасында бір кезеңде 114 академиялық сағатта өткізіледі.
28. Оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практика) ЖЖООКБ-ны аяқтағанға дейін бір жыл бұрын өткізіледі. Оқу-жаттығу жиынынан (кәсіби практикадан) өтуге кедергі болатын дәлелді себептер (науқастану, отбасы және қызметтік жағдайлар бойынша) бар болған кезде оның келесі жылы өтуіне жол беріледі. Оқу-жаттығу жиындарынан (кәсіби практикадан) өтуді бір реттен артық ауыстыруға жол берілмейді.
29. Оқу-жаттығу жиынын (кәсіби практиканы) өткізу мерзімдері мен орындары көрсетілген жоспар-кестені өту жылының 30 сәуіріне дейін ҚМБО – ҚР ҚК БШБ бекітеді. Оқу-жаттығу жиынын (кәсіби практиканы) өткізу мерзімдері мен орнын өзгертуге жол беріледі. Төтенше (эпидемиологиялық, техногендік) жағдай болған кезде жедел ден қою үшін әскери бөлімнің (мекеменің) командирімен, әскери оқу орындарының басшылығымен келісу бойынша оқу-жаттығу жиынын (кәсіби практиканы) қашықтықтан өткізу нысанына рұқсат етіледі. ЖЖООКБ басшылығының шешімімен ресімделеді.
30. Оқу-жаттығу жиынына (кәсіби практикаға) ағымдағы үлгерім және оқуға төлем бойынша берешектері жоқ оқу орны бойынша оң мінездемеге ие студенттер жіберіледі.
31. Студенттерді орналастыру және тамақтандыру оқу нысанына (тегін, ақылы) қарамастан, Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары ішкі қызмет жарғысының талаптарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 18 маусымдағы № 353 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11844 болып тіркелген) бекітілген Бейбіт уақытқа арналған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін азық-түлікпен, азықпен, жабдықпен, асханалық-асүйлік ыдыспен және азық-түлік қызметінің техникасымен жабдықтау нормаларына сәйкес жабдықталған казармаларда немесе далалық лагерьлерде ұйымдастырылады. Ақылы негізде білім алатын студенттерді тамақтандыруды қамтамасыз етуді ЖЖООКБ жүзеге асырады.
32. Студенттер оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практика) уақытында ішкі нарядта қызмет өткеруге тартылады. Ішкі қызметті іс жүзінде өткергені үшін сабақтарды, тәрбие және әскери-патриоттық жұмысты есепке алу журналына бағалар (еркін нысанда) қойылады.
33. Студенттерді олардың оқу-жаттығу жиынынан (кәсіби практикадан) өтуі уақытында төтенше жағдайларды жариялауды қоспағанда, оқу процесін қамтамасыз етуге байланысты емес шаруашылық және басқа да жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
34. Оқу-жаттығу жиынынан (кәсіби практикадан) өту кезеңінде жүйелі түрде тәртіпті бұзатын, одан өтуден жалтарған студенттер әскери кафедра бастығының ұсынысы бойынша ЖЖООКБ басшысының бұйрығымен әскери дайындықтан өтуден шеттетіледі.
35. Әскери кафедралардың бастықтары әскери кафедралар бекітіліп берілген ҚР ҚМ әскери бөлімдері мен мекемелеріне жыл сайын 1 қазанға дейін жауынгерлік даярлық жоспарына енгізу және оқу-жаттығу жиынын (кәсіби практиканы) өткізу кезеңінде қару-жарақпен, әскери техникамен, оқ-дәрілермен, автомобиль көлігімен, оқу-жаттықтыру кешендерімен және құралдарымен, сондай-ақ материалдық-техникалық және азық-түлікпен қамтамасыз етудің басқа да түрлерімен қамтамасыз ету үшін өтінімдер (еркін нысанда) жолдайды. Өтінімдер оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практика) басталғанға дейін 3 ай бұрын нақтыланады.
Базасында оқу-жаттығу жиындары (кәсіби практика) өткізілетін әскери оқу орындарының бастықтары, әскери бөлімдердің (мекемелердің) командирлері оқу-жаттығу жиындарын (кәсіби практиканы) ұйымдастыруда, өткізу сапасын қамтамасыз етуде, әскери ант қабылдатуда жәрдем көрсетеді және оқу-жаттығу жиындарын (кәсіби практиканы) өткізуді бақылайды.
Оқу-жаттығу жиындары (кәсіби практика) студенттердің әскери ант қабылдауымен аяқталады.
36. Оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практика) аяқталғаннан кейін бөлімшелер командирлері әрбір студентке қызметтік мінездеме (еркін нысанда) жасайды.
37. Оқу-жаттығу жиынында (кәсіби практикада) оқу аптасының ұзақтығы 6 жұмыс күнін құрайды. Оқу күні 8 академиялық сағатты, демалыс алдындағы (мереке алдындағы) күндері – 6 академиялық сағатты құрайды, тәрбие және әскери-патриоттық жұмысты, жаттықтырулар мен ақпараттандыруды жүргізуге уақыт көзделеді.
38. Тактикалық (тактикалық-арнайы, тактикалық-саптық) және арнайы сабақтарды, оқ атуларды, жауынгерлік машиналарды жүргізу бойынша сабақтарды өткізу, регламенттік жұмыстарды жүргізу кезінде оқу уақытының ұзақтығы регламенттелмейді.
5-тарау. Әскери кафедрадағы тәрбие және әскери-патриоттық жұмыс
39. Тәрбие және әскери-патриоттық жұмыс жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) әскери кафедра оқу жылына ЖЖООКБ-да тәрбие жұмысына жетекшілік ететін бөлімшелермен бірлесіп әзірлейді және оны ЖЖООКБ басшысы оқу жылы басталғанға дейін екі апта бұрын бекітеді.
40. Жоспарға мынадай бөлімдер енгізіледі:
1) әскери-патриоттық жұмыс;
2) көшбасшылық қасиеттерін тәрбиелеу;
3) идеологиялық жұмыс және ақпараттық қарсы іс-қимыл;
4) психологиялық жұмыс;
5) ақпараттық-имидждік жұмыс.
41. Студенттердің тәрбие және әскери-патриоттық жұмыс жөніндегі іс-шаралары сабақтар процесінде және әскери кафедрадағы күн тәртібінде көзделген сағаттарда, сондай-ақ ЖЖООКБ-ның басқа да кафедраларымен, факультеттерімен, қоғамдық ұйымдармен, әскери бөлімдермен және мекемелермен бірлесіп сабақтан тыс уақытта жүргізіледі.
Жүргізілген жұмыс туралы есеп беру белгіленген тәртіппен әрбір оқу семестрі аяқталғасын әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшеге ұсынылады.
6-тарау. Оқу материалдық база
42. Әскери кафедраларды әскери мүлікпен, оқу-жаттығу қару-жарағы мен әскери техникасының үлгілерімен, оқ-дәрілермен, аспаптармен, аппаратурамен, құрал-саймандармен, әскери техникаға қосалқы бөлшектермен, ведомстволық нормативтік және құқықтық актілермен, топографиялық және теңіз карталарымен, әскери-оқу әдебиетімен қамтамасыз ету "Пайдаланылмайтын мүлікті беру, өткізу, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу, сондай-ақ пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 6 қарашадағы № 832 қаулысына сәйкес олар бекітіліп берілген ҚР ҚМ әскери бөлімдері мен мекемелері арқылы жүргізіледі.
43. Әскери дайындықты ұйымдастыру, қажетті оқу материалдық-техникалық базаны құру, қару-жарақ пен әскери техниканың сақталуын қамтамасыз ету, құпиялылық режимін сақтау ЖЖООКБ басшысына жүктеледі.
44. Әскери дайындықты ұйымдастыру үшін ЖЖООКБ басшысы әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау ерекшелігін ескере отырып, әскери кафедраларды қажетті құралдармен және инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді:
1) Құрылыс нормалары мен қағидаларына, өрт, күзет қауіпсіздігі нормаларына сәйкес келетін және коммуникация желілерін жүргізудің технологиялық мүмкіндігі бар, сондай-ақ сабақтарды өткізу үшін қажетті қару-жарақтың, әскери және басқа да техниканың үлгілерін орнату үшін жарамды оқшауланған дәрісханалық қорды бөлу;
2) кітапханалық қор, интернетке шығатын компьютерлермен жабдықталған оқу залдары бар арнайы кітапхана құру;
3) оқулықтармен және оқу құралдарымен, оқу-әдістемелік және басқа да қажетті құжаттармен, материалдық және техникалық құралдармен қамтамасыз ету;
4) басшылық құжаттардың талаптарына сәйкес келетін қару мен оқ-дәрілерді сақтауға арналған бөлмелерді жабдықтау;
5) басқа алаңдармен (спорт, автотұрақтар үшін және т.б.) біріктірілмей жабдықталған жеке саптық плацты құру;
6) білікті оқытушы құрамымен және инженерлік-техникалық персоналмен қамтамасыз ету;
7) оқу-жаттығу жиындары мен кәсіби практикадан өту кезінде студенттерді тамақтандыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
8) жалпыәскери және арнайы дайындық бойынша бағдарламаларды пысықтауға арналған арнайы оқу-жаттығу кешендерін, оқу-жаттығу қалашықтарын (тактикалық, оқ ату, инженерлік, радиациялық-химиялық, биологиялық, қарауылдық, радиополигондар, шағын полигондар), оқ ату тирларын және басқа да объектілерді, сондай-ақ оқу шеберханаларын, автомобиль гараждарын, парк элементтерін, әскери техниканы, аспаптарды, әскери оқу-жаттығу және басқа да мүлікті сақтауға арналған қоймаларды құру;
9) өтеулі негізде білім алатын студенттердің оқу-жаттығу жиындарынан және кәсіби практикадан өту кезінде ҚР ҚМ әскери бөлімдері мен мекемелерінің шығыстарын өтеуі. Оның ішінде, тамақтандыру, монша-кір жуу қызметтері, оқ-дәрілер, ЖЖМ, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану шығыстары, казармалық-тұрғын үй қоры бойынша шығыстар.
45. Қажет болған кезде әскери кафедралар оқу процесінде ҚР ҚМ әскери бөлімдері (мекемелері) мен әскери оқу орындарының далалық оқу-жаттығу базасын пайдаланады.
46. Әскери кафедраға бөлінетін оқу-жаттығу үй-жайлары оқыту бағдарламаларының пәндері бойынша жабдықталады және әскери дайындық бойынша білім алушылардың сабақтары мен өзіндік жұмыстары үшін ғана пайдаланылады.
47. Дәрісханалар, зертханалар және басқа да оқу-жаттығу үй-жайлары техникалық оқыту құралдарымен, қару-жарақ пен әскери техниканың табельдік үлгілерімен, аспаптармен, агрегаттармен және олардың макеттерімен жарақтандырылады.
48. Әскери кафедраның оқу материалдық базасы объектілерін оқу процесіне, тәрбие және әскери-патриоттық жұмыс жөніндегі іс-шараларға жатпайтын қызмет үшін пайдалануға жол берілмейді.
49. Оқу сыныптарының саны білім алушылардың және белгіленген әскери-есептік мамандықтардың санына байланысты айқындалады.
50. Әскери кафедралардың оқу материалдық базасын дамыту және жетілдіру әскери-есептік мамандықтарға сәйкес перспективалық, жылдық жоспарлар негізінде жүзеге асырылады.
Әскери дайындықты жүзеге асыру кезінде ЖЖООКБ азаматтарды әскери даярлау бағдарламасы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде бөлінген бюджет қаражатын және ЖЖООКБ студенттерді әскери дайындыққа ақылы негізде оқытудан алған ақша қаражатын мақсатты және тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.
ОМБ-ны жетілдіру жоспарының іс-шараларын орындау туралы есеп беру әскери кафедраның жаңа оқу жылына әзірлігі туралы баянатпен бірге әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшенің мекенжайына жолданады.
7-тарау. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау және бітіру емтихандарын тапсыру
51. Сынақ-емтихан сессиясын және бітіру емтиханын жүргізу кезінде студенттердің барлық бақылау түрлері бойынша оқу жетістіктері ЖЖООКБ-да пайдаланылатын жүйеге қатысты әскери кафедра әзірлеген білімді бағалаудың балдық-рейтингілік жүйесі бойынша бағаланады.
52. Үлгерімді ағымдағы бақылау олардың теориялық және практикалық даярлық деңгейін айқындау мақсатында оқу пәнінің әрбір тақырыбы бойынша жүргізіледі және бақылаудың әртүрлі нысандарымен жүзеге асырылады.
53. Сынақ-емтихан сессиясы жұмыс оқу жоспарына сәйкес өткізіледі.
54. Әрбір оқу пәні үшін бақылау нысаны емтихан (сынақ), зертханалық, есептік-графикалық тапсырмалар, курстық жұмыстар (жобалар), практикалардың барлық түрлері үшін қорғау болып табылады.
55. Емтихандар (сынақтар) жазбаша, ауызша, тест, практикалық немесе аралас нысанда өткізіледі.
Емтиханға ағымдағы үлгерім және оқуға төлем бойынша берешектері жоқ студенттер жіберіледі.
56. Емтихандарды қабылдауды, зертханалық жұмыстарды, есептік-графикалық тапсырмаларды, курстық жұмыстарды (жобаларды) қорғауды жұмыс (тапсырма, жоба) жетекшісінің тікелей қатысуымен әскери кафедра бастығы тағайындайтын комиссия жүзеге асырады. Емтиханды ауызша немесе жазбаша нысанда өткізу үшін циклдер осы қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша емтихан билеттерін әзірлейді.
57. Емтихан билеттері әскери кафедра оқу-әдістемелік комиссиясының отырысында талқыланады және оларды әскери кафедраның бастығы бекітеді. Әрбір емтихан билеті үш сұрақтан тұрады, оның біреуі практикалық болады. Емтихан билеттері взводтағы студенттер санынан 30 %-ке асатын санға жасалады.
Студенттердің билеттерді таңдауы электрондық жүйелерді (бағдарламаларды) қолданумен жүзеге асырылады.
58. Емтихан уақытында студенттер әскери техниканы немесе оның шартты түрдегі суретін және басқа да оқу-материалдық құралдарды пайдалана алады. Емтиханда рұқсат етілмеген қосалқы материалдарды пайдаланған білім алушы қанағаттанарлықсыз бағаны қоюмен емтиханнан шығарылады.
Емтиханды қайта тапсыру, оның мерзімдері, емтихан комиссиясының құрамы әскери кафедра бастығының бұйрығымен белгіленеді.
Емтиханды аралық аттестаттау аяқталғаннан кейін бір аптадан ерте емес кемінде бір рет қайта тапсыруға рұқсат етіледі.
59. Емтиханда алынған бағалар осы қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша емтихан ведомосында есепке алынады.
60. Емтихан ведомосы оқу-жаттығу взводына бір данада жасалады және оған әскери кафедра бастығы қол қояды.
61. Жаңа академиялық кезең басталғанға дейін оқу берешегін жоймаған студент әскери дайындықтан шеттетілуге жатады.
62. Оқу пәні бойынша сынақ-емтихан сессиясын өткізу кезінде емтиханда алынған баға және академиялық кезең ішінде үлгерімді ағымдағы бақылау бағасының орташа балы ескеріледі.
63. Бітіру емтиханы әскери дайындықтың және студенттің запастағы офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасын меңгеру дәрежесін тексерудің қорытынды кезеңі болып табылады және оқыту бағдарламасы ауқымында білімін, іскерлігін, практикалық дағдыларын, біліктіліктерін тексеруді қамтиды.
Студенттер бейіндік пәндер бойынша жұмыс оқу жоспарына сәйкес бітіру емтиханын тапсырады. Бітіру емтиханына шығарылатын сұрақтар оқу-әдістемелік комиссияда қаралады, оны әскери кафедра бастығы бекітеді және студенттерге емтихан басталғанға дейін үш айдан кешіктірілмей жеткізіледі.
64. Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша бітіру емтиханын дайындауға және өткізуге 3 жұмыс күні (2 жұмыс күні – дайындыққа және 1 жұмыс күні – емтихандарды тапсыруға) бөлінеді.
65. Бітіру емтиханы бірнеше пән сұрақтарын қамтитын теориялық және практикалық нысанда жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес өткізіледі.
Бітіру емтиханының теориялық бөлігі дәрісханаларда, ал практикалық бөлігі жергілікті жерде және полигондарда, парктерде, оқ ату және арнайы қалашықтарда, мамандандырылған сыныптарда (зертханаларда) тапсырылады.
66. Бітіру емтиханы қажетті оқу материалдық базаны пайдалана отырып, оқу-жаттығу жиынының (кәсіби практиканың) қорытынды кезеңінде өткізіледі. Бітіру емтиханын қабылдауды оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практика) өткізілетін орында ұйымдастыру мүмкін болмаған кезде қабылдау әскери кафедрада ұйымдастырылады.
67. Бітіру аттестаттау комиссиясы әрбір әскери-есептік мамандық бойынша кіші комиссияларға бөлінеді.
68. Комиссия құрамы мүшелердің тақ санынан (кемінде 3 адам) тұрады, әскери кафедра бастығының ұсынысы бойынша ЖЖООКБ басшысының бұйрығымен тағайындалады.
69. Әскери дайындық бойынша бітіру емтиханын тапсырмаған студенттер тек бір жылдан кейін әскери кафедрада бітіру емтихандарын тапсыру уақытында қайта тапсыруға жіберіледі.
70. Емтихан тапсырушылардың білімін бағалауда келіспеушіліктер болған кезде түпкілікті шешімді бітіру аттестаттау комиссиясының төрағасы қабылдайды.
71. Әрбір оқу-жаттығу взводының бітіру емтиханын тапсыру нәтижелері бітіру аттестаттау комиссиясының отырысында осы қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бітіру аттестаттау комиссиясы отырысының хаттамасымен ресімделеді.
72. Оқу жылындағы жұмыс, оқу-жаттығу жиынын (кәсіби практиканы) өткізу, бітіру емтиханын қабылдау нәтижелері туралы есеп беру олар аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде әскери білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесіне жолданады.
73. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындықтың толық курсын аяқтаған және бітіру емтихандарын тапсырған студенттер ЖЖООКБ-ны бітіргеннен кейін "запастағы лейтенант", "запастағы медицина қызметінің лейтенанты" әскери атағын беруге ұсынылады.
Запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша әскери дайындықтың толық курсын аяқтаған және бітіру емтихандарын тапсырған студенттер "запастағы кіші сержант", "запастағы медицина қызметінің кіші сержанты" әскери атағын беруге ұсынылады.
8-тарау. Әскери дайындықтан шеттету, оқыту, ауыстыру және қайта қабылдау нысанын өзгерту
74. Әскери дайындықтан шеттету ЖЖООКБ басшысының бұйрығымен мынадай негіздер бойынша:
1) үлгермеушілігі бойынша;
2) ЖЖООКБ басшысы бекітетін ішкі тәртіпті бұзғаны үшін;
3) науқастану, отбасы және қызметтік жағдайлар бойынша қатыспауды (ЖЖООКБ басшысының бұйрығымен расталатын) қоспағанда, академиялық кезең ішінде 12 сағат оқу сабақтарына қатыспағаны үшін;
4) өз қалауы бойынша;
5) денсаулық жағдайы бойынша;
6) оқу орнынан шығарылуына байланысты;
7) оқуға төлемегені (ақылы негізде оқыған жағдайда) үшін жүзеге асырылады.
75. Осы қағидалардың 74-тармағының 1) – 6) тармақшалары бойынша шеттетілген студенттер әскери дайындыққа қайта қабылданбайды. Осы қағидалардың 74-тармағының 7) тармақшасына сәйкес шеттетілгендер шеттету туралы бұйрық шығарылған сәттен бастап бір ай ішінде ақылы негізде оқу үшін төлем жасаған кезде одан әрі әскери дайындыққа жіберіледі.
76. Әскери дайындықтан өтетін және ЖЖООКБ басшысының бұйрығымен академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша оқыту кезеңінде басқа ЖЖООКБ-ларға (оның ішінде шет мемлекеттердің) оқуға жіберілген студенттер әскери дайындықтан шеттетілмейді, ал академиялық демалыс берілген студенттер академиялық демалыста болу уақытында әскери дайындықтан шеттетіледі. Академиялық демалыстың мерзімі аяқталғаннан кейін ЖЖООКБ басшысының бұйрығымен студенттер әскери кафедрада оқу үшін қайта қабылданады.
77. Әскери кафедра студентін бір ЖЖООКБ-дан басқасына ауыстыру әскери кафедрада оқудың бірінші семестрінде бос орын болған кезде жүзеге асырылады.
78. Әскери кафедраға оқуға қабылдау студент ауыстырылған ЖЖООКБ басшысының бұйрығымен жүзеге асырылады.
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидаларына 1-қосымша |
|
Нысан |
Студенттің міндеттемесі
Мен, Қазақстан Республикасының азаматы, тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындықтан өту үшін әскери кафедраға оқуға түсе отырып, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" ҚР Заңына сәйкес әскерге шақыру бойынша офицерлер құрамы лауазымдарында әскери қызмет өткеру туралы міндеттемені қабылдаймын.
20__ жылғы "__" _________ ___________ (студенттің қолтаңбасы)
Ескертпе: міндеттеме қол қойылған күнінен бастап күшіне енгізіледі. "Запастағы лейтенант" әскери атағын бергеннен кейін әскери қызметші ҚР ҚК қажеттілігіне байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде әскери қызметке шақырылуға тиіс. Міндеттеме 2 данада баспа түрінде және 1 данасы өз қолымен ресімделеді. Қолмен ресімделген дана және бір терілген данасы ҚР ҚМ Кадрлар департаментіне жолданады. Екінші данасы жеке іске тігіледі.
Өтініш
Сізден мені __________________________________ мамандығы бойынша әскери
(шифр) (мамандықтың атауы)
кафедрада оқу үшін конкурстық іріктеуге қатысуға жіберуіңізді сұраймын.
20___ж. "____"________________ ____________________________
(студенттің қолтаңбасы)
Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидаларына 3-қосымша |
Конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттардың тізбесі
1. Өтініш.
2. Жеке куәлік (түпнұсқасы мен көшірмесі).
3. Тіркеу куәлігі немесе әскери билет (түпнұсқасы мен көшірмесі).
4. Көлемі 3х4 см 2 фотосурет.
5. Соттылығының болуы не болмауы туралы анықтама.
6. Спорттық жетістіктерді (бар болған кезде) растайтын құжат.
7. Студенттің ЖЖООКБ-да нақты оқитыны туралы факультет деканы қол қойған анықтама.
Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидаларына 4-қосымша |
Студент бозбалалар үшін дене шынықтыру бойынша нормативтер
Р/с | Бақылау жаттығулары | Балл | ||
"5" |
"4" |
"3" | ||
1. | 100 м (с) жүгіру | 14,2 | 14,5 | 15,0 |
2. | 3000 м (мин) жүгіру | 13,00 | 15,00 | 16,00 |
3. | Биік белтемірде тартылу (саны) | 12 | 10 | 8 |
Студент бойжеткендер үшін дене шынықтыру бойынша нормативтер
Р/с | Бақылау жаттығулары | Балл | ||
"5" |
"4" |
"3" | ||
1. | 100 м (с) жүгіру | 16,0 | 16,5 | 17,0 |
2. | 2000 м (мин) жүгіру | 10,00 | 11,3 | 12,2 |
3. | Шалқасынан жатқан күйде қолын желкесіне қоюмен денені көтеру (саны) | 25 | 20 | 15 |
Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидаларына 5-қосымша |
|
Нысан |
ЖЖООКБ ______________________________________әскери кафедрасында әскери дайындыққа тарту үшін студенттерді іріктеу жөніндегі іріктеу комиссиясы отырысының № ___ хаттамасы
Р/с | Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) | Туған күні, айы, жылы | Факультет | Мамандық шифрі | Оқу курсы | Оқу тобы | ӘДК нәтижелері | Психологиялық тестілеу нәтижелері | Кәсіби-психологиялық іріктеу балдары |
Дене шынықтыру бойынша нормативтерді | Оқу үлгерімінің рейтингісі бойынша балдар | Қорытынды рейтингілік балл | Комиссия шешімі |
1. | |||||||||||||
2. | |||||||||||||
3. | |||||||||||||
4. | |||||||||||||
5. | |||||||||||||
6. |
Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидаларына 6-қосымша |
|
Нысан |
_________________________________________________________
(ЖЖООКБ атауы)
ӘСКЕРИ КАФЕДРА
БЕКІТЕМІН Әскери кафедраның бастығы ____________________________ (әскери атағы, қолы, тегі және инициалдары) 20___ ж. "____" ____________ |
ӘЕМ – _________ бойынша білім алатын студенттер үшін "______________" пәнінен емтихан билеттері ___________ әскери кафедрасы ОӘК отырысында талқыланды 20___ ж. "_____"________________ № _______________________ хаттама
20___ жылғы "____" _________ | |
20___ жылғы "____" _________ | |
20___ жылғы "____" _________ | |
нақтыланды |
№ 1 билет
1. Артиллериялық қарудың жіктемесі және оның сипаттамасы.
2. Артиллериялық қарудың арналуы, ТТС, олардың жалпы құрылымы.
3. 122 мм Г Д-30 көздеу айла-бұйымдарын салыстырып тексеру.
№ 2 билет
___________________________________________
Цикл бастығы – аға оқытушы___________________
__________________________________________
(әскери атағы, қолы, тегі және инициалдары)
Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидаларына 7-қосымша |
|
Нысан |
№____ЕМТИХАН ВЕДОМОСЫ 20__ж. "_____" ______________ 20__- 20__ оқу жылындағы_____ академиялық кезең Бақылау нысаны – емтихан ӘЕМ - ___________________ _______________оқу взводы ____________________________________________________ (пән атауы)
Р/с№ | Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) | Емтихан бағасы (балдық-рейтингілік жүйе бойынша) | Емтихан комиссиясы төрағасының қолтаңбасы | |
Балдар саны | Әріптік жүйе бойынша баға | |||
11. | ||||
22. |
Тізім бойынша барлығы: ____________________________________________
Емтиханға қатысқан студенттер саны ________________________
оның ішінде жалпы балмен тапсырғандар: 90-нан 100 балға дейін _____ адам
75- тен 89 балға дейін ___адам
5 -ден 74 балға дейін ___ адам
0 -ден 49 балға дейін ___ адам
Емтиханға келмеген студенттер саны __________________________________________
Емтиханға жіберілмеген студенттер саны _____________________________________
Емтихан комиссиясының төрағасы _______________________________________
ә/атағы, қолы, Т.А.Ә. (ол бар болған кезде)
Емтихан комиссиясының мүшелері ___________________________________________
ә/атағы, қолы, Т.А.Ә. (ол бар болған кезде)
____________________________________________
ә/атағы, қолы, Т.А.Ә. (ол бар болған кезде)
Әскери кафедраның бастығы_________________________________________________
әскери атағы, қолы, Т.А.Ә. (ол бар болған кезде)
Ескертпе: студенттер емтиханда ЖЖООКБ-да пайдаланылатын жүйеге қатысты әскери кафедра әзірлеген білімді бағалаудың балдық-рейтингілік жүйесі бойынша бағаланады.
Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидаларына 8-қосымша |
|
Нысан |
Бітіру аттестаттау комиссиясы отырысының Х А Т Т А М А С Ы 20__ ж. "____"__________________
Қатысқандар:
Бітіру аттестаттау комиссиясының төрағасы: ___________________________________
Бітіру аттестаттау комиссиясының мүшелері: ___________________________________
Бітіру аттестаттау комиссиясының хатшысы: ____________________________
1. Әскери дайындық бойынша емтихан тапсырған студенттер _____________________
(ЖЖООКБ атауы)
оқу взводы ___________________________,
(оқу взводының нөмірі)
___________________________ әскери-есептік мамандығы бойынша білім алды
(ӘЕМ атауы)
2. Студенттер бітіру емтиханында мынадай нәтижелер көрсетті:
Р/с | Т.А.Ә. (ол бар болған кезде) | Алынған бағалар (балдық-рейтингілік жүйе бойынша) | |||||
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 | ||
3. Жалпы балмен тапсырды:
90-нан 100 балға дейін__ адам. (_%), 75-тен 89 балға дейін __ адам (_%), 50-ден 74 балға
дейін__ адам (_%), 0-ден 49 балға дейін __(_%).
4. Студенттерді пәндер бойынша дайындаудағы жалпы
кемшіліктер: ____________________________________________________
5. ҚОРЫТЫНДЫ. 50 бал және одан жоғары балл алған студенттер ӘЕМ ____________
бойынша запастағы офицер немесе сержант әскери атағын беруге лайықты. (ӘЕМ атауы)
Студенттер ___________ ЖЖООКБ-ны бітіргенге дейін бітіру емтиханын қайта тапсыруға жіберілуі мүмкін. (тегі бойынша)
Бітіру аттестаттау комиссиясының төрағасы ____________________________________
(әскери атағы, қолы)
Бітіру аттестаттау комиссиясының мүшелері: ___________________________________
(әскери атағы, қолы)
______________________________________
(әскери атағы, қолы)
Бітіру аттестаттау комиссиясының хатшысы: __________________________________
Ескертпе: студенттер емтиханда ЖЖООКБ-да пайдаланылатын жүйеге қатысты әскери кафедра әзірлеген білімді бағалаудың балдық-рейтингілік жүйесі бойынша бағаланады.