Денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 24 қарашадағы № ҚР ДСМ-200/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 26 қарашада № 21678 болып тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 108-бабы 1- тармағының 7) тармақшасына және Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек Кодексі 43-бабының 1- тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 24 қарашасы
№ ҚР ДСМ-200/2020
бұйрығымен бекітілген

Денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге денсаулық жағдайы бойынша неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 108-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік аурулардың профилактикасы мақсатында жұмыскерлерді неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыру тәртібін айқындайды.

      2. Жұмыскердің медициналық қорытындысында көрсетілген мерзімге денсаулық жағдайы бойынша неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстырудың осы Қағидалары жұмыс берушіге қатысты белгіленеді.

2-тарау. Жұмыскерлерді денсаулық жағдайы бойынша неғұрлым жеңіл жұмысқа ауыстыру тәртібі

      3. Жұмыскерді неғұрлым жеңіл жұмысқа ауыстыру үшін:

      1) өндірістік және тұрмыстық жарақат;

      2) еңбек міндеттерін орындауға байланысты кәсіптік ауруға шалдығуы немесе денсаулығына өзге де зақым келуі;

      3) ауыр ауру (онкологиялық аурулар);

      4) жасалған операциялар;

      5) жүктілік және босану;

      6) 3 жасқа дейінгі балаға күтім негіз болып табылады.

      4. Жұмыс беруші қызметкердің денсаулық жағдайы бойынша неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыруды Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша дәрігерлік – консультациялық комиссияның (бұдан әрі - ДКК) медициналық қорытындысының негізінде қызметкердің денсаулық жағдайының орындалатын жұмысқа сәйкестігі немесе сәйкес еместігі және оның еңбекке қарсы көрсетілімдерінің болуы туралы ДКК қорытындысын ресімдей отырып жүзеге асырады.

      5. Қызметкердің денсаулық жағдайы бойынша неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауысуы кәсібіне (мамандығына), аурудың ағымының ауырлығына және асқынуына байланысты жүзеге асырылады.

      6. Жұмыскердің денсаулық жағдайы бойынша уақытша ауысуына жұмыс берушінің атына өтініш ДКК қорытындысы негізінде беріледі.

      Жұмыс беруші жұмыскерге жеңіл еңбекке ауыстыру туралы ұсыныс береді және жұмыскер келіскен жағдайда жеңіл еңбекке уақытша ауыстыру туралы бұйрық шығарады.

      7. ДДК қорытындысында көрсетілген денсаулық жағдайы туралы деректер Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша амбулаториялық пациенттің медициналық картасына енгізіледі.

      8. Жұмыскерлердің денсаулық жағдайы бойынша неғұрлым жеңіл жұмысқа ауыстыру мәселелері бойынша еңбек даулары қолданыстағы заңнамада көзделген тәртіппен қаралады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады