"Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген төтенше жағдай кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-279/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 20 желтоқсанда № 21817 болып тіркелді

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 102) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген төтенше жағдай кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Денсаулық сақтау министрі А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 15 желтоқсандағы
№ ҚР ДСМ-279/2020
бұйрыққа қосымша

"Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген төтенше жағдай кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңына сәйкес енгізілген төтенше жағдай кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексі 7-бабының 102) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – Кодекс) әзірленді және "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген төтенше жағдай кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігін және Азаматтық қорғанысты ұйымдастыруды қамтамасыз ету бөлігінде азаматтық қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) жедел медициналық жәрдем - өмірге қатер төндіретін жіті аурулар мен жай-күйлер кезінде, сондай-ақ оқиға орнында және (немесе) медициналық ұйымға бару жолында денсаулыққа елеулі зиянды болғызбау үшін шұғыл және кезек күттірмейтін нысандағы медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесі;

      3) зардап шеккен адам - табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зиян (нұқсан) келтірілген жеке тұлға;

      4) медициналық көмек - дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда, халықтың денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;

      5) медициналық ұйым - негізгі қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымы;

      6) төтенше жағдай – адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай;

      7) төтенше жағдай (бұдан әрі – ТЖ) - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау мүдделерінде ғана қолданылатын және азаматтардың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарына жекелеген шектеулер белгілеуге жол беретін және оларға қосымша міндеттер жүктейтін, мемлекеттік органдар, ұйымдар қызметінің ерекше құқықтық режимі болып табылатын уақытша шара;

      8) төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдары – төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде туындаған жағдайды сипаттайтын және халыққа медициналық көмектің мазмұнын, көлемі мен ұйымдастырылуын айқындайтын факторлар мен жағдайлардың жиынтығы. Оның негізгі элементтері: халықтың санитариялық шығындарының мөлшері мен құрылымы, олардың қалыптасу заңдылықтары; зардап шеккендердің (науқастардың) медициналық көмекке мұқтаждығы, төтенше жағдай аймағының (ауданының), төтенше жағдай режимі енгізілген аумақтың санитариялық-гигиеналық және санитариялық-эпидемиялық жай-күйі, медициналық-санитариялық қамтамасыз ету үшін күштер мен құралдарға қажеттілік және олардың болуы; медициналық күштер мен құралдардың жай-күйі; төтенше жағдайды жою кезінде медициналық және авариялық-құтқару құралымдарының жұмыс жағдайлары, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жағдайы және басқалар;

      9 шұғыл медициналық көмек - денсаулыққа елеулі зиянды болғызбау және (немесе) өмірге төнген қатерді жою үшін кезек күттірмейтін медициналық араласуды қажет ететін кенеттен болған жіті аурулар мен жай-күйлер кезінде көрсетілетін медициналық көмек.

2-тарау. Енгізілген төтенше жағдай кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тәртібі

      3. Енгізілген төтенше жағдай кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган, орталық атқарушы органдар мен әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері бар басқа да орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады, медициналық көмек көрсетуді денсаулық сақтау субъектілері жүзеге асырады.

      4. Медициналық ұйымдар ТЖ-ға дайындалу және әрекет ету іс-шараларын жоспарлауды жүзеге асырады.

      5. ТЖ енгізілген жағдайда медициналық ұйымдар мынаны:

      1) медициналық ұйымдардың үй-жайларындағы пациенттердің, персоналдың және келушілердің қауіпсіздігін және оларды эвакуациялауды;

      2) материалдық құндылықтар мен медициналық құжаттаманың тұтастығын;

      3) ТЖ кезінде және одан кейін негізгі функциялардың үздіксіз орындалуын;

      4) ТЖ кезінде зардап шеккендерді қабылдауды, медициналық көмек көрсетуді, емдеуге жатқызуды және стационарлық емдеуді қамтамасыз етеді.

      6. ТЖ режимін енгізу кезінде халыққа көрсетілетін медициналық көмек төтенше жағдайлардың сипатына және төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдарларының масштабына байланысты көрсетіледі.

      7. Медициналық эвакуация зақымдану ошағында және эвакуация кезеңдерінде одан әрі емдеу және оңалту үшін медициналық ұйымдарға тасымалдай отырып, халыққа медициналық көмек көрсету бойынша тізбектеле жүргізілетін, сабақтасқан іс-шаралардың кешені.

      8. Медициналық эвакуация кезінде:

      1) әрбір эвакуациялық бағытта мамандандырылған (бейінді) госпиталдық төсек-орынның жеткілікті саны бар медициналық ұйымдардың болуы;

      2) емдеу-эвакуациялау іс-шараларында тізбектілік пен сабақтастықты қамтамасыз ететін медициналық құжаттаманың қысқа, нақты, бірыңғай жүйесінің болуы қажет.

      9. ТЖ енгізу үшін негіз болған жағдайлардың нәтижесінде зардап шеккен жеке тұлғаларға оңалтуды қоса алғанда, медициналық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ұсыну тәртібімен денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.

      10. ТЖ кезінде бірінші кезеңде шұғыл медициналық көмекті азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметтері, апаттық-құтқару бөлімшелері, апаттар медицинасы, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жедел медициналық жәрдем станциялары (бұдан әрі – ЖМЖС), сондай-ақ өңірлердің медициналық ұйымдары көрсетеді.

      11. Бірінші кезеңде медициналық көмек зардап шеккен адамның өміріне қауіп төндіретін зақымдану салдарларын жою, асқынулардың дамуын ескертуге және одан әрі эвакуациялауға дайындалуға бағытталады.

      12. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ЖМЖС станциялары ТЖ кезеңінде жедел тәртіппен ЖМК көрсетуге дайындықты қамтамасыз етеді.

      13. Екінші кезеңде медициналық көмек ТЖ режимі енгізілген аумақтағы денсаулық сақтау ұйымдарында көрсетіледі.

      14. Медициналық көмек көрсетудің әрбір кезеңінде медициналық іріктеу жүргізіледі.

      15. Медициналық іріктеу медициналық көрсетілімдерге, медициналық эвакуацияның осы кезеңіндегі көмектің белгіленген көлеміне және эвакуацияның қабылданған тәртібіне сәйкес біріңғай емдеу-профилактикалау және эвакуациялық іс-шараларға қажеттілік белгілері бойынша зардап шегушілерді топтарға бөлуді білдіреді.

      16. ТЖ аумағынан зардап шеккендер медициналық көмек алу және одан әрі емделу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық ұйымдарға жеткізіледі.

      17. Мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау ұйымдарын оның ішінде апаттар медицинасы саласындағы денсаулық сақтау ұйымдарын үйлестіруді және өзара іс-қимылды азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады