Қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды тәуелсіз сарапшының (сарапшылардың) жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-271/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 20 желтоқсанда № 21819 болып тіркелді

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 131-бабының 5-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды тәуелсіз сарапшының (сарапшылардың) жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 15 желтоқсандағы
№ ҚР ДСМ-271/2020 Бұйрықпен
бекітілген

Қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды тәуелсіз сарапшының (сарапшылардың) жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды тәуелсіз сарапшының (сарапшылардың) жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 131-бабының 5-тармақшасына сәйкес әзірленді және қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды тәуелсіз сарапшының (сарапшылардың) жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) денсаулық сақтау субъектілері – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлға;

      3) пациент – медициналық көмек көрсетуді қажет ететін ауруының немесе жай-күйінің болуына немесе болмауына қарамастан, медициналық көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке тұлға;

      4) тәуелсіз сарапшы – денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және тәуелсіз сарапшылар тізілімінде тұрған жеке тұлға.

      3. Патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды тәуелсіз сарапшының (сарапшылардың) қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талап етуі бойынша олардың еркін нысандағы жазбаша өтініші бойынша жүргізеді.

      4. Тәуелсіз сарапшылар туралы мәліметтер Кодекстің 8-бабының 18) тармақшасына сәйкес медициналық қызметтерді көрсету саласындағы мемлекеттік орган құрған Тәуелсіз сарапшылар тізілімінде болады.

      5. Тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) егер пациент қайтыс болған денсаулық сақтау ұйымынан және (немесе) мәйітті тәуелсіз ашып-қарау нәтижелеріне мүдделі денсаулық сақтау ұйымынан, лауазымды тұлғалардан қызметтік байланыста және (немесе) өзге тәуелділікте болмаған жағдайда патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды жүргізу үшін тартылады.

      6. Тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) Кодекстің 7-бабының 42) тармақшасына сәйкес бекітілген денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар және мамандандыру номенклатурасына сәйкес оның (олардың) мамандығын ескере отырып, патологиялық-анатомиялық ашып-қарау жүргізуге тартылады.

      7. Пациент қайтыс болған денсаулық сақтау ұйымының басшысы қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің бастамасы бойынша тәуелсіз патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды тағайындау кезінде оны қолайлы жерде жүргізу туралы ақпаратты және тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) туралы ақпаратты ұсынады. Патологиялық-анатомиялық ашып-қарау жүргізілетін нақты денсаулық сақтау ұйымын және тәуелсіз сарапшыны (сарапшыларды) қайтыс болған адамның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкілі таңдайды.

2-тарау. Қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды тәуелсіз сарапшының (сарапшылардың) жүргізу тәртібі

      8. Тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды жүргізу кезінде гематоксилин-эозин және (немесе) арнайы гистохимиялық бояуларды (иммундық-гистохимиялық, электрондық-микроскопиялық зерттеу әдістері мен Кодекстің 131-бабының 7-тармағына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы стандартпен көзделген зерттеу әдістерін) қоса алғанда, нақты ауруды диагностикалау үшін қажетті әдістер жиынтығын жүзеге асырады.

      9. Қайтыс болуы туралы медициналық куәлікті (перинаталдық өлім туралы медициналық куәлікті) тәуелсіз сарапшы патологиялық-анатомиялық ашып-қарау жүргізілген күні ресімдейді.

      10. Патологиялық-анатомиялық ашып-қарау нәтижелері бойынша патологиялық-анатомиялық диагнозды ресімдеу кезінде тәуелсіз сарапшы (тәуелсіз сарапшылар) мыаны көрсетеді:

      1) негізгі ауруды;

      2) негізгі аурудың асқынуын;

      3) қосалқы ауруларды;

      4) аралас негізгі ауруды: қосалқы ауруды, аралас ауруды, астас ауруды.

      11. Патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды тәуелсіз сарапшының (сарапшылардың) жүргізу нәтижелері ашып-қаралған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде еркін нысандағы жазбаша патологиялық-анатомиялық зерттеу хаттамасы (картасы) түрінде ресімделеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады