"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 261 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 153 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 23 желтоқсанда № 21878 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 261 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7996 болып тіркелген, 2012 жылғы 6 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 802-806 (27877) жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларында:

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Ұлттық Банк қызметшісінің лауазымына конкурстан тыс мына адамдар:

      1) Ұлттық Банк қызметшісінің бос лауазымына ауысу арқылы Ұлттық Банк қызметкерлері;

      2) кадр резервінде тұрған адамдар;

      3) жоғары біліктілік деңгейі және кәсіби дайындығы бар адамдар:

      шет тілін білетін адамдар (IELTS халықаралық сертификатының болуы – 9-дын 6-нан төмен емес, TOEFL IBT – 120-дан 80, TCF 699-дан 400 (В2), СILS 1, HSK 11-ден 6-деңгей);

      және (немесе) ғылыми дәрежесі бар;

      және (немесе) шетелдік жоғары оқу орындарында оқуды аяқтаған;

      және (немесе) халықаралық бухгалтерлік (CMA, CPA, CIPA, CAP, ACCA, IAB) немесе қаржылық (CFM, CFA, IFA, CIMA) сертификаттары, ақпараттық технологиялар (CISA, CISM) және ішкі аудит саласында (CIA, CCSA, CRMA, CGAP, CFSA) халықаралық сертификаттары, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы (ACAMS) халықаралық сертификаты бар;

      және (немесе) Ұлттық Банктің ұйымдарында және еншілес ұйымдарында, ұлттық басқарушы холдингте, оның еншілес ұйымдарында, даму институттарында, қаржы ұйымдарында, заңгерлік фирмаларда (компанияларда), құқық қорғау органдарында кемінде 2 (екі) жыл жұмыс тәжірибесі бар;

      және (немесе) мемлекеттік органдарда кемінде 2 (екі) жыл жұмыс тәжірибесі бар;

      және (немесе) IT және киберқауіпсіздік саласында (жүйе талдаушылары, архитекторлар), құрылыс саласында (құрылысшы-инженерлер), бұқаралық ақпарат құралдары саласында (журналистер, PR мамандары), химиялық-талдамалық сараптама саласында (металлургтер, химиктер, физиктер) лауазымының функционалдық бағыттарына сәйкес келетін ұйымдарда кемінде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі бар;

      4) бұрын Ұлттық Банкте немесе оның ведомствосында, не Агенттіктерде кемінде екі жыл жұмыс істеген адамдар (еңбек шарты теріс салдар бойынша бұзылған адамдарды қоспағанда);

      5) "Назарбаев Университеті" ДБҰ магистратурасының немесе Ұлттық Банк пен "Нархоз университеті" АҚ-тың арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімде көзделген білім беру бағдарламалары шеңберінде білім алған "Нархоз университеті" АҚ магистратурасының түлектері, немесе Ұлттық Банк магистратурасының түлектері;

      6) Президенттік жастар кадр резервіне алынған;

      7) Ұлттық Банк Төрағасының шешімі бойынша Ұлттық Банкке жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыру үшін тартылған өзге адамдар орналасады.".

      2. Адам капиталын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Ақпарат және коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.В. Вагаповқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Е. Досаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады