Атбасар аудандық мәслихатының 2017 жылғы 22 ақпандағы № 6С 9/10 "Атбасар ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы Атбасар аудандық мәслихатының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 6С 46/4 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 15 желтоқсанда № 8238 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы Атбасар аудандық мәслихатының 2023 жылғы 17 қарашадағы № 8С 9/4 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Атбасар аудандық мәслихатының 17.11.2023 № 8С 9/4 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген, Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес, Атбасар аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Атбасар аудандық мәслихатының "Атбасар ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2017 жылғы 22 ақпандағы № 6С 9/10 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5835 тіркелген, 2017 жылғы 30 наурызда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген, Атбасар ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары, қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда баяндалсын.

      2. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Атбасар аудандық мәслихатының сессия төрағасы Н.Безверхова
      Атбасар аудандық мәслихатының хатшысы Б.Борумбаев

      "Келісілді"

      Атбасар ауданының әкімі А.А.Қалжанов


  Атбасар аудандық
маслихатының
2020 жылғы 11 желтоқсандағы
№ 6С 46/4 шешіміне
қосымша
  Атбасар аудандық
маслихатының
2017 жылғы 22 ақпандағы
№ 6С 9/10 шешімімен
бекітілген

Атбасар ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      1. Атбасар ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың осы қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-3 - тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген, Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) атаулы күндер - жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия - өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Атбасар ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – Ақмола облысының статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы - отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;

      8) өмірлік қиын жағдай - азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      9) уәкілетті орган – "Атбасар ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалар Атбасар ауданының аумағында тұрақты тұратын тұлғаларға таралады.

      4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      5. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      6. Азаматтарға (отбасыларға) әлеуметтік көмекті төлеу банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиясы бар екінші деңгейдегі банктер арқылы алушының шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.

      7. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндердің тізбелері,сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі:

      1) Жеңіс күні - 9 мамыр (бір рет);

      2) Қарттар күні - 1 қазан (бір рет);

      3) Қазақстан Республикасының Мүгедектер күні - қазанның екінші жексенбісі (бір рет);

      4) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан (бір рет).

      9. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Ақмола облысының жергілікті атқарушы органымен бекітетін ережелердің негізінді жүзеге асырады.

      Арнайы және учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережелерді орталық атқарушы орган бекітеді.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      10. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдерін жергілікті атқарушы органы белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітіледі.

      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.

      Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу және адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу үшін негіздемелердің түпкілікті тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесін басшылыққа алады.

      11. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Ақмола облысының жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

      12. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      13. Әлеуметтік көмек келесі санаттағы алушыларға беріледі:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;

      еңбек ардагерлеріне;

      "Ардагерлер туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылатын басқа да адамдарға;

      ең төмен және төмен зейнетақы мөлшерінен төмен алатын зейнеткерлерге;

      бірінші, екінші топтағы мүгедектерге;

      көпбалалы отбасыларға;

      көпбалалы аналарға және олардың 15 жасқа дейінгі балаларына;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға;

      табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға);

      әлеуметтік мәні бар аурулары (қатерлі ісіктер, адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, туберкулез) бар азаматтарға;

      колледждерде күндізгі оқу нысаны бойынша ақылы оқитын, ауылдық елді мекенде тұратын, аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы студенттерге;

      медициналық колледждерде күндізгі оқу нысаны бойынша ақылы оқитын, Атбасар ауданында тұратын, аз қамтылған және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының студенттеріне;

      адамның иммунитет тапшылығы вирусымен (АИВ) тудыратын ауруы бар балалар.

      14. Әлеуметтік көмек көрсетіледі:

      1) 9 мамыр - Жеңіс күніне:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;

      еңбек ардагерлеріне;

      "Ардагерлер туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылатын басқа да адамдарға;

      2) 1 қазан - Қарттар күніне:

      ең төмен және төмен зейнетақы мөлшерінен төмен алатын зейнеткерлерге;

      3) Қазақстан Республикасының Мүгедектер күніне:

      бірінші, екінші топтағы мүгедектерге;

      4) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:

      басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      5) өмірлік қиын жағдайы туындаған кезде жылына бір рет, отбасыларға (азаматтарға), өтініш бойынша, ол басталғаннан кейін он екі айдан кешіктірмей, отбасының (азаматтың) табысына қарамастан:

      табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға), жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) өмірлік қиын жағдай туындаған кезде, өтініш бойынша, азаматтың (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын ескерместен жылына бір рет:

      әлеуметтік мәні бар ауруы (қатерлі ісіктер) бар азаматтарға стационар және амбулаториялық жағдайда арнайы емдеуден өтіп жатқандарға, денсаулық сақтау органдарында тіркеуде тұратыны туралы медициналық мекеменің анықтамасы негізінде, жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      әлеуметтік мәні бар ауруы (адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру) бар азаматтарға, денсаулық сақтау органдарында тіркеуде тұратыны туралы медициналық мекеменің анықтамасы негізінде, он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      адамның иммунитет тапшылығы вирусымен (АИВ) тудыратын ауруы бар балаларға, денсаулық сақтау органдарында тіркеуде тұратыны туралы медициналық мекеменің анықтамасы негізінде, ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде;

      колледждерде күндізгі оқу нысаны бойынша ақылы оқитын, ауылдық елді мекенде тұратын, аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы студенттерге, оқу орнымен жасалған шарттың көшірмесі негізінде жылдық оқудың жүз пайыздық құны мөлшерінде оқу ақысын төлеуге, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен;

      медициналық колледждерде күндізгі оқу нысаны бойынша ақылы оқитын, Атбасар ауданында тұратын, аз қамтылған және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының студенттеріне, оқу орнымен жасалған шарттың көшірмесі негізінде жылдық оқудың жүз пайыздық құны мөлшерінде оқу ақысын төлеуге, Атбасар ауданында жұмыспен өтеуді ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) уәкілетті ұйымның тізімдері негізінде ай сайын:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне коммуналдық қызметтерді және телефон байланысы қызметтерін абоненттік төлемін төлеуге, ұсынылған түбіртектерге сәйкес алушылардың шоттарына аудару жолымен облыстық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер есебінен жүз пайыз мөлшерінде шығындар төленеді.

      Әлеуметтік көмек Ұлы Отан соғысының ардагері пайдаланған уақытқа дейін жеңілдіктер қолданылатын, олармен бірге тұратын және тіркелген отбасы мүшелеріне (азаматқа) де көрсетіледі;

      әлеуметтік мәні бар ауруы (туберкулез) бар, амбулаториялық емделуде жүрген азаматтарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) өмірлік қиын жағдай туындаған кезде отбасыларға (азаматтарға) уәкілетті ұйымның тізімдері негізінде өтініш бере отырып, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерін жерлеуге бір рет;

      9) табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің аспайтын көп балалы отбасыларға өмірлік қиын жағдай туындаған кезде өтініш бойынша жылына бір рет, он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      10) тоқсан сайын, өтініш бойынша, көп балалы аналарға және олардың 15 жасқа дейінгі балаларына - қалалық жолаушылар көлігінің маршруттарында жол жүру билеттері.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      15. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      16. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      17. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Атбасар ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4-тарау. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      18. Әлеуметтік көмек келесі жағдайларда тоқтатылады:

      1) алушы қайтыс болған жағдайда;

      2) алушы Атбасар ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберу;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      19. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады

5-тарау Қорытынды ереже

      20. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады