Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 08.09.2023 № 78 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56 бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Темір аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 11 сәуірдегі № 15 "Темір ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4903 тіркелген, 2016 жылы 20 мамырда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің "Әділет" ақпараттық–құқықтық жүйесінде жарияланған) шешіміне келесідей өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Темір ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларында:
2 тармақтың 1) тармақшасы келесідей жаңа редакцияда жазылсын:
"1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;";
4) тармақшада:
"Темір аудандық орталық ауруханасы" деген сөздері "Темір аудандық ауруханасы" деген сөздерімен ауыстырылсын;
келесі мазмұндағы 9-1 тармақшасымен толықтырылсын:
"9-1. Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай кезде біржолғы әлеуметтік көмек 20 000 (жиырма мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі:
1) әрбір адамға табыстарын есепке алмай, бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектерге, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдарға уәкілетті ұйымның тізімі негізінде;
2) табыстарын есепке алмай, онкологиялық аурулардан зардап шегетін азаматтарға, адамның иммуножетіспеушілік вирусын жұқтырған және туберкулездің әртүрлі нысандарымен ауыратын науқастарға емделу кезеңінде, "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Темір аудандық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынымен ұсынылған тізімдерге сәйкес;
3) табыстарын есепке алмай, уәкілетті органның әлеуметтік қызметкерлері қызмет көрсететін жалғыз тұратын қарт азаматтарға;
4) отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын аз қамтамасыз етілген отбасыларға, қала, ауылдық округ әкімі ұсынған тізімдердің негізінде.
Әлеуметтік көмек төтенше жағдай кезеңінде бір рет және бір адамға тек бір санат бойынша беріледі.
Әлеуметтік көмек құжаттарсыз көрсетіледі және төтенше жағдай тоқтатылған жағдайда төлем тоқтатылады.".
2. "Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы шешімді Ақтөбе облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Осы шешім 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап қолданысқа енгізіледі.