Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31 бабына, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 26 бабына сәйкес, Хромтау ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Хромтау ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 28 желтоқсандағы № 313 "Хромтау ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшерін айқындау туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5850 болып тіркелген, 2018 жылғы 18 қаңтарда аудандық "Хромтау" газетінде жарияланған) қаулысына келесідей өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулының қосымшасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Хромтау ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыны Ақтөбе облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны оны ресми жариялағаннан кейін Хромтау ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Хромтау ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Хромтау ауданының әкімі | Н. Алдияров |
Хромтау ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 9 желтоқсандағы № 382 қаулысына қосымша |
|
Хромтау ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 28 желтоқсандағы № 313 қаулысымен БЕКІТІЛДІ |
Хромтау ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі және оларға ақшалай сыйақының мөлшері Көтермелеудің түрлері
1. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері:
1) алғыс жариялау;
2) грамотамен марапаттау;
3) ақшалай сыйақы беру.
Көтермелеудің тәртібі
2. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын, қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге ықпал еткен азаматтарды көтермелеу мәселелерiн Хромтау ауданының әкімдігімен құрылған Хромтау ауданы бойынша қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу жөнiндегi аудандық Комиссия (бұдан әрi - Комиссия) қарайды.
3. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, қылмыстың алдын алуға және жолын кесуге белсенді қатысатын азаматтарды көтермелеу жөніндегі ұсыныстарды Комиссияның қарауына Ақтөбе облысы полиция департаментінің Хромтау ауданының полиция бөлімінің бастығы енгізеді.
4. Комиссия қабылдаған шешім - көтермелеу үшін, ал Комиссия қабылдаған шешімге сәйкес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысының полиция департаменті бастығының бұйрығы - көтермелеуге ақы төлеу үшін негіз болып табылады.
5. Көтермелеу түрiн, соның iшiнде ақшалай сыйақы мөлшерiн, көтермеленушінің қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қосқан үлесiн ескере отыра, Комиссия белгiлейдi.
Ақшалай сыйақының мөлшері
6. Ақшалай сыйақының мөлшерi Комиссиямен белгiленеді және он еселік айлық есептiк көрсеткiштен аспайды.
7. Ақшалай сыйақы төлеу облыстық бюджет қаражаты есебiнен Ақтөбе облысының полиция департаменті Хромтау ауданының полиция бөлімімен жүргiзіледі.
8. Көтермелеуге ақы төлеуге арналған қаражат Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысының полиция департаменті шығыстарының құрамында жеке бағдарламамен көзделедi.