Сәтбаев қалалық мәслихатының 2014 жылғы 20 тамыздағы № 262 "Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қарағанды облысы Сәтбаев қалалық мәслихатының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 652 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 8 қаңтарда № 6145 болып тіркелді. Күші жойылды - Ұлытау облысы Сәтбаев қалалық мәслихатының 2023 жылғы 3 қарашадағы № 71 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ұлытау облысы Сәтбаев қалалық мәслихатының 03.11.2023 № 71 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегiн көрсету ережесiн бекiту туралы" қаулысына сәйкес Сәтбаев қалалық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Сәтбаев қалалық мәслихатының 2014 жылғы 20 тамыздағы № 262 "Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау ережесін бекіту туралы" шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2741 болып тіркелген, 2014 жылғы 26 қыркүйектегі "Шарайна" № 38 (2125) газетінде және 2014 жылғы 29 қыркүйекте "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау ережесінде:

      1 тармақ мынадай редакцияда мазмұндалсын:

      "1. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;

      2) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;

      4) уәкілетті орган – жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы;

      5) шекті жол берілетін шығыстар үлесі – аз қамтылған отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне проценттік қатынасы.";

      2, 2-1 және 2-2 тармақтар мынадай редакцияда мазмұндалсын:

      "2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге арналған шығыстарға ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлеген шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      2-1. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      2-2. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.";

      3, 3-1 тармақтар мынадай редакцияда мазмұндалсын:

      "3. Тұрғын үй көмегі Сәтбаев қаласында тұрақты тұратын, осы тұрғын үйде тіркелген, оның меншік иелері немесе тұрғын үйді пайдаланушылар (жалдаушылар) болып табылатын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), егер кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін ұстауға, күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтерді тұтынуға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлеміне тұрғын үй аумағының шекті шамасында, өтемақылық шамалармен қамтамасыз етілген жағдайда, бірақ алатын нақты жалпы аумағынан, кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін ұстауға, күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтерді тұтыну, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеу шығындарының мөлшерлерінен аспайтын, сондай-ақ телекоммуникациялық қызметтер көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуі, отбасы бюджетінде осы мақсаттарға шекті жол берілетін шығыстар үлесінен асатын тұлғаларға беріледі.

      Зейнеткерлік жасқа жетпеген мүгедектер (жалғыз тұратын мүгедектер, мүгедектерден тұратын отбасылар, 18 жасқа дейінгі балалары бар мүгедектер, мүгедектер мен олардың күтімімен айналысатын адамдар) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) ұстау мен коммуналдық қызметтерді пайдалануға, тұрғын үйді жалға алу ақысын төлеуге сонымен қоса, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттiк төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне жұмсалатын отбасының (азаматтың) шекті жол берілетін шығыстар үлесі отбасының (адамның) жиынтық табысының жеті пайызы мөлшерінде, өзге санаттардағы азаматтар үшін отбасының (адамның) жиынтық табысының сегіз пайызы мөлшерінде белгіленеді. Шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің өлшемі болып табылады.

      3-1. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.";

      18 тармақ мынадай редакцияда мазмұндалсын:

      "18. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш береді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген Ереженің 4-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.".

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Е. Токимбаев
      Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Т. Хмилярчук

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады