Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 02.03.2023 № 38 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының 26-бабына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қызылорда облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" Қызылорда облысы әкімдігінің 2019 жылғы 9 қыркүйектегі № 56 қаулысына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 6914 нөмірімен тіркелген, 2019 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қызылорда облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларында:
2-тармақтың 6, 7) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"6) мамандандырылған ұйымдар - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын, тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 9 қазандағы №1279 қаулысымен бекітілген, ұйымдар;
7) сатып алу интервенциялары - облыстың аумағында, бағалар төмендеген кезде және/немесе Қазақстан Республикасы аумағында төтенше жағдай енгізілгенде, мамандырылған ұйымдардың азық-түлік тауарларын сатып алу жөніндегі іс-шаралар;";
2-тармақ мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
"9) шекті сауда үстемесі - ішкі сауда субъектілерінің түпкілікті тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін облыстың жергілікті атқарушы органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарт жасасу жолымен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.";
мынадай мазмұндағы 9-1, 9-2-тармақтармен толықтырылсын:
"9-1. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жылдық кезеңге облыстың жергілікті атқарушы органы мамандандырылған ұйыммен тұрақтандыру қорының заттай және ақшалай мәндегі өтпелі активтері туралы міндеттемелері көрсетілген қосымша келісім жасасады.
Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатының жергілікті бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етеді.
Егер, мамандандырылған ұйымның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда соманың қайтарылуы сатып алу және өткізу бағаларының айырмасын шегере отырып жүзеге асырылады.
9-2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымның үстеме шығыстары азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағаларының айырмасы есебінен жабылады.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Облыстың жергілікті атқарушы органы ай сайын айдың 20-на дейін Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынады.";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Мамандандырылған ұйым өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңы 19-бабының 1-тармағына сәйкес, Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес облыстың мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстап тұру ескеріле отырып қалыптастырылады.";
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде азық-түлік тауарлары тікелей өндірушілерден және (немесе) ауыл шаруашылығы өндірушілерінен және (немесе) көтерме кәсіпорындардан (дистрибьюторлардан) сатып алынады.";
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Мамандандырылған ұйым аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету қажет баға деңгейінің көтерілуі жағдайында, 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.";
29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"29. Облыстың жергілікті атқарушы органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру мақсатында Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес мамандандырылған ұйымға кейін кәсіпкерлік субъектілеріне беру үшін қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және ақылылық талаптарымен жүзеге асырылады.";
30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"30. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына белгіленген төмендетілген бөлшек/көтерме сауда бағаларын белгілеуі жолымен қамтамасыз етіледі.";
34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"34. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызды қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мынадай түрде беріледі: кепіл және/немесе банктік кепілдендіру және/немесе сақтандыру шарты және/немесе үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі және/немесе корпоративтік кепілдендіру. Міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жазбаша нысанда рәсімделеді.";
36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"36. Облыстың жергілікті атқарушы органы бөлетін, оның ішінде бұдан бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражат қаржыландыру көзі болып табылады.".
2. "Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Б.Д. Жахановқа жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қызылорда облысының әкімі | Г. Абдыкаликова |