Мәслихаттың 2015 жылғы 29 сәуірдегі № 297 "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қостанай облысы Лисаков қаласы мәслихатының 2020 жылғы 7 сәуірдегі № 393 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 16 сәуірде № 9128 болып тіркелді. Күші жойылды - Қостанай облысы Лисаков қаласы мәслихатының 2024 жылғы 15 наурыздағы № 87 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Лисаков қаласы мәслихатының 15.03.2024 № 87 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес Лисаков қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Мәслихаттың "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы" 2015 жылғы 29 сәуірдегі № 297 (2015 жылғы 11 маусымда "Лисаковская новь" газетінде жарияланған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5621 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасында:

      1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Тұрғын үй көмегі Қазақстан Республикасында жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда Лисаков қаласының әкімшілік аумағында тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      1) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды;

      2) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;

      3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге көрсетіледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.";

      2-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "2. Тұрғын үй көмегін "Лисаков қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - уәкілетті орган) тоқсанына бір рет көрсетеді.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін қызметті алушы (не нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қостанай облысы бойынша филиалына (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорациясы) немесе www.egov.kz "электрондық үкіметтің" веб-порталына (бұдан әрі - портал) балама негізде өтініш береді және мынадай құжаттар ұсынады:

      1) өтініш;

      2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы ұсынылады);

      3) отбасының кірісін растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтерді қоспағанда);

      4) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтерді қоспағанда);

      5) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;

      6) банктік шоты;

      7) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;

      8) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;

      9) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      10) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді.";

      3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсету нәтижесін порталға өтініш берген кезде мемлекеттік корпорацияға құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап - 8 (сегіз) жұмыс күні ұсынады.";

      10-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "10. Тұрғын үй көмегінің мөлшері кондоминиум объектісін басқаруға және кондаминиум объектісінің ортақ мұлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық көрсетілетін қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарға, нормалар шегінде және отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.";

      12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "12. Белгiленген нормалар шегiндегi шектi жол берiлетiн отбасының (азаматтың) шығыстар үлесi жиынтық табыстың жеті пайызы мөлшерiнде белгiленедi.".

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 12-тармақты қоспағанда, 2020 жылғы 10 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады.

      Кезектен тыс сессиясының төрағасы А. Демисенов
      Қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы И. Неявко

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады