"Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, оған қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, іске асырылуын мониторингілеу және бағалау және бюджеттік кредиттеудiң орындылығын айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 27 қаңтардағы № 12 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 2 ақпанда № 22148 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, оған қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, іске асырылуын мониторингілеу және бағалау және бюджеттік кредиттеудің орындылығын айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9938 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2014 жылғы 19 желтоқсанда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, оған қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, іске асырылуын мониторингілеу және бағалау және бюджеттік кредиттеудің орындылығын айқындау қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бағалау (экономикалық сараптама жүргізу барысында) – бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінде не бюджеттік инвестициялардың қаржы-экономикалық негіздемесінде ұсынылған ақпаратты сипаттайтын тұжырымдар;

      2) бюджеттік бағдарламалар әкімшісі (бұдан әрі – ББӘ) – бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган;

      3) бюджеттік инвестициялар – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдауға бағытталған активтерді қоспағанда, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру жолымен мемлекет активтерін құруға және (немесе) дамытуға, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыруға және (немесе) ұлғайтуға бағытталған республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржыландыру;

      4) бюджеттік инвестициялар бойынша қаржыландыру көздері – республикалық және/немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде бюджеттік инвестицияларды іске асыруға бағытталған қарыз қаражаты;

      5) бюджеттік инвестицияларды іске асырудан болатын экономикалық тиімділік – бюджеттік инвестицияларды іске асырудан күтілетін, экономикалық тиімділік көрсеткіштерінің есептемесінде көрсетілген тікелей және жанама экономикалық тиімділік көрсеткіштері;

      6) бюджеттік инвестициялардың нәтижелілігі – заңды тұлғаның жарғылық капиталын қалыптастыру және (немесе) ұлғайту арқылы бюджеттік инвестициялардың экономикалық және қаржылық тиімділігінің, сондай-ақ нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу мүмкіндігінің есептемелерімен расталған дәлелдемелердің, тиімділік пен сапа көрсеткіштерінің болуы.

      Қызметін әлеуметтік салада жүзеге асыратын және негізгі кіріс көзі республикалық және (немесе) жергілікті бюджет болып табылатын коммерциялық емес акционерлік қоғамдар, мемлекеттік кәсіпорындар нысанындағы заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы іске асырылуы жоспарланатын бюджеттік инвестициялар бойынша экономикалық және қаржылық тиімділік дәлелдемелерінің болуы талап етілмейді;

      7) бюджеттік инвестициялардың орындылығы – заңды тұлғаның жарғылық капиталын қалыптастыру және (немесе) ұлғайту арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асырудың және бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асырудың экономикалық орындылығының, олардың ел экономикасына ықпалының негіздемесі және жобаның Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының ережелеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларына және Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес келуі;

      8) бюджеттік инвестициялық жоба (бұдан әрі – БИЖ) – Қазақстан Республикасы Президентінің қызметін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді іске асыруға арналған ақпараттандыру объектілерін, сондай-ақ белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бюджет қаражаты есебінен бюджеттік бағдарлама әкімшісі тікелей іске асыратын және аяқталған сипаттағы арнаулы мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілерін қоспағанда, жаңа объектілерді құруға (салуға) не қолда барларын реконструкциялауға, сондай-ақ ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;

      9) бюджеттік инвестициялық жоба бойынша экономикалық қорытынды – бюджеттік инвестициялық жобаны іске асырудың экономикалық орындылығы, оның ел экономикасына ықпалы және стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарға сәйкес келуі тұрғысынан, бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің экономикалық сараптамасы қорытындысының негізінде дайындалған мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның қорытындысы;

      10) бюджеттік инвестициялық жобаларды мониторингілеу – бюджет қаражаты бөлінген кезден бастап пайдалануға берілген кезге дейін жаңа объектілер құру (салу), бұрыннан бар объектілерді реконструкциялау, сондай-ақ ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту барысы туралы тұрақты және жүйелі түрде ақпарат жинау мен талдау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;

      11) бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалау – объектіні пайдалануға берген кезден бастап жобаның мақсаттарына қол жеткізу дәрежесін және нақты алынған нәтижелердің жоспарланған нәтижелерге сәйкестігін айқындау жөніндегі шаралар жиынтығы;

      12) бюджеттік инвестициялық жобаны әзірлеуге немесе түзетуге арналған техникалық тапсырма – бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды, оның әлеуетті әзірлеушісіне қойылатын біліктілік талаптарын айқындайтын, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу немесе түзету жөніндегі жұмыстардың мерзімдері мен көлемін регламенттейтін құжат;

      13) бюджеттік инвестициялық жобаның жүзеге асырыла алатындығы – жоба нәтижелері көрсеткіштеріне қолжетімділік;

      14) бюджеттік инвестициялық жобаның ресурстық және инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі – жобаның ресурстық және инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу қажеттілігінің жоспарланған және қол жеткізілген деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер;

      15) бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің экономикалық сараптамасы – салалық сараптама қорытындысының және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілетін басқа да сараптамалардың қорытындылары негізінде жүргізілетін жобаның жүзеге асырыла алатындығы мен тиімділігін айқындау тұрғысынан техникалық-экономикалық негіздемеде берілген ақпаратты кешенді бағалау;

      16) бюджеттік инвестициялық жобаның тиімділігі – бюджет қаражатының сұралатын көлемін пайдалана отырып, ең үздік тікелей нәтижеге қол жеткізу немесе бюджет қаражатының ең аз көлемін пайдалана отырып, жобаның мақсаттарына қол жеткізу немесе жобаны іске асырудан оң экономикалық нәтиже алу;

      17) бюджеттік кредиттеу – бюджеттік кредитті беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу туралы шешім қабылдау рәсімдерін қамтитын процесс;

      18) бюджеттік кредит есебінен іске асырылатын іс-шаралардың өзін-өзі ақтауы – бюджеттік кредит қайтарымдылығы мен жобаның қаржылық тиімділігінің есептемелерімен расталған дәлелдемелердің болуы;

      19) кешенді ведомстводан тыс сараптама – Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғимараттар мен құрылысжайларды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама бойынша "бір терезе" қағидатымен жүргізілетін, объектілер құрылысы жобаларының (салалық және ведомстволық сараптамаларды қамтитын) сараптамасы;

      20) іс-шараларды бюджеттік кредиттеу арқылы іске асырудың экономикалық және әлеуметтік тиімділігі – бюджеттік кредиттеу арқылы іске асыруға жоспарланатын жобадан әлеуметтік және экономикалық пайдалардың болуының есептемелермен расталған дәлелдемелерінің болуы;

      21) Гант диаграммасы – жобаның жоспары мен уақыт бойынша жұмыс графигінің дәйектілігі мен ұзақтығын графикалық көрсетуді бейнелеу үшін бюджеттік инвестициялардың электрондық порталында пайдаланылатын диаграмма;

      22) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды мониторингілеу – көрсетілген іс-шаралар түпкілікті іске асырылған кезге дейін заңды тұлғалардың бастапқы жарғылық капиталын қалыптастыру, акциялар пакетін (қатысу үлестерін) сатып алу арқылы республикалық немесе жергілікті бюджеттен тартылған заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың іске асырылуына тұрақты және жүйелі түрде ақпарат жинау, есепке алу мен талдау бойынша іс-шаралар жиынтығы;

      23) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды бағалау – іс-шаралар түпкілікті іске асырылған кезден бастап мақсаттарға қол жеткізу дәрежесі мен іс жүзінде алынған нәтижелердің жоспарланған нәтижелерге сәйкестігін айқындау жөніндегі шаралар жиынтығы;

      24) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесінің экономикалық сараптамасы – салалық сараптама қорытындысының және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес талап етілетін басқа да сараптамалардың қорытындылары негізінде жүргізілетін, іс-шаралардың негізділік пен нәтижелілік өлшемшарттарына сәйкес келуі тұрғысынан қаржылық-экономикалық негіздемеде берілген ақпаратты кешенді бағалау;

      25) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялар бойынша экономикалық қорытынды –бюджеттік инвестицияларды жүзеге асырудың экономикалық орындылығы, оның ел экономикасына ықпалы мен стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарға сәйкес келуі тұрғысынан заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесінің экономикалық сараптамасы қорытындысының негізінде дайындаған мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның қорытындысы;

      26) заңды тұлғалардың қызметін жоспарлау құжаттары – ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың 10 жылға арналған даму стратегиялары мен 5 жылға арналған даму жоспарларын әзірлеу және бекіту жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың 10 жылға арналған даму стратегиялары мен 5 жылға арналған даму жоспарлары, сондай-ақ мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарлары;

      27) заңды тұлғаның даму мақсаты – шаруашылық қызметінің ағымдағы шығындарын жабуды және ағымдағы шығыстарды қаржыландыруды көздемейтін, саланы дамытуға, саладағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған іс-шараларды іске асыру;

      28) заңды тұлғаның жарғылық капиталын қалыптастыру және (немесе) ұлғайту арқылы бюджеттік инвестициялар (бұдан әрі – Инвестициялар) – заңды тұлғаның жарғылық капиталын республикалық немесе жергілікті бюджеттен қалыптастыру және (немесе) ұлғайту арқылы оны дамытуға бағытталған іс-шараларды іске асыру;

      29) заңды тұлғаның жарғылық капиталын қалыптастыру және (немесе) ұлғайту арқылы бюджеттік инвестицияларды алушы (бұдан әрі – Алушы) – жарғылық капиталды ұлғайту немесе қалыптастыру үшін қаражаттың түпкілікті алушысы болып табылатын, іс-шараларды бюджеттік инвестициялар есебінен іске асыратын заңды тұлға;

      30) заңды тұлғаның жарғылық капиталын қалыптастыру және (немесе) ұлғайту арқылы бюджеттік инвестициялардың негізділігі – іс-шараларды іске асыруға арналған қаржыландыру көлемінің, сондай-ақ іс-шараларды меншікті және қарыз қаражаты есебінен қаржыландырудың мүмкін болмауының құжаттармен және есептемелермен расталған дәлелдемелерінің болуы;

      31) инвестициялық ұсыныс – бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері әзірлейтін тиісті іс-шаралар жиынтығын қоса алғанда, мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекеттік, үкіметтік бағдарламаларды және аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру шеңберінде мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асырудың орындылығын негіздейтін, мақсатқа қол жеткізу жолдары мен ықтимал қаржыландыру тәсілдерін көрсететін тұжырымдамалық ұсыныс;

      32) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің институционалдық жобасы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясына мемлекеттің қатысуы арқылы іске асырылуы жоспарланып отырған жоба;

      33) инвестициялық ұсыныстың ақпараттық парағы – мемлекеттік инвестициялық жоба бойынша негізгі ақпаратты қамтитын, оны іске асырудың орындылығын ашып көрсететін құжат;

      34) инвестициялық ұсыныстың экономикалық қорытындысы – салалық сараптама қорытындысының және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес талап етілетін басқа да сараптамалар қорытындыларының негізінде жүргізілетін, пайдалар мен шығындардың талдауын пайдалана отырып, инвестициялық ұсыныста берілген ақпаратты кешенді бағалау;

      35) квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес акционерлік қоғамдармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар;

      36) концессиялық жоба – Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және "Концессиялар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шектеулі уақыт кезеңі ішінде іске асырылатын және аяқталған сипаттағы концессияны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;

      37) кредитор – Қазақстан Республикасының бюджет және азаматтық заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит беретін кредит шартының тарапы;

      38) Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы органдар айқындайтын заңды тұлға – "Концессия мәселелері жөнінде мамандандырылған ұйым құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 шілдедегі № 693 қаулысына сәйкес "Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы" АҚ немесе жергілікті атқарушы органның шешімімен айқындалатын заңды тұлға;

      39) Қазақстан Республикасының Үкіметі не жергілікті атқарушы органдар айқындайтын заңды тұлғаның қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруына арналған бюджеттік кредиттеудің қаржылық-экономикалық негіздемесінің экономикалық сараптамасы – іс-шаралардың "іс-шараларды бюджеттік кредиттеу арқылы іске асырудың экономикалық және әлеуметтік тиімділігі" және "бюджеттік кредит есебінен іске асырылатын іс-шаралардың өзін-өзі ақтауы" өлшемшарттарына сәйкестігі тұрғысынан қаржылық-экономикалық негіздемеде ұсынылған ақпаратты кешенді бағалау;

      40) қаржылық-экономикалық негіздеме (бұдан әрі – ҚЭН) – заңды тұлғалардың жарғылық капиталына бюджет қаражатын салудың орындылығы, негізділігі жөніндегі мәліметтерді және оның нәтижесін бағалауды қамтитын құжат;

      41) қаржы агенттігі – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экономиканың белгілі бір салаларында мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруға уәкілеттік берілген және осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының қаржы нарығында және (немесе) халықаралық қаржы нарығында қарыз алуды жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдинг және акцияларының жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ банк немесе мемлекет жүз пайыз қатысатын, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;

      42) қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруын бюджеттік кредиттеудің қаржылық-экономикалық негіздемесі (бұдан әрі – бюджеттік кредиттің ҚЭН) – маркетингтік, әлеуметтік-экономикалық талдаудың, сондай-ақ бюджеттік кредиттеу арқылы іс-шараларды іске асырудың өзін-өзі ақтауы мен экономикалық және әлеуметтік тиімділігін негіздейтін қаржылық есептемелердің нәтижелерін қамтитын құжаттама;

      43) қаржылық схемаға қатысушылар – квазимемлекеттік сектордың субъектілері болып табылмайтын түпкілікті қарыз алушыларды қоспағанда, бюджеттік кредитті алуға және бөлуге қатысатын ұйымдар;

      44) қаржы-экономикалық негіздемені түзету – іс-шараларды, техникалық-технологиялық шешімдерді толықтыруға және (немесе) өзгертуге, бекітілген іс-шараларға көзделген шығыстарды ұлғайтуға алып келетін, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың белгіленген қаржы-экономикалық параметрлерінің өзгеруі;

      45) қарыз алушы – негізгі борышты өтеу және сыйақы, сондай-ақ кредиттік шартқа сәйкес басқа да төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттеме жүктелген, бюджеттік кредитті алатын, кредиттік шарттың тарапы;

      46) қатысушылар (бұдан әрі – Қатысушылар) – заңды тұлғаның жарғылық капиталын қалыптастыру және (немесе) ұлғайту арқылы бюджеттік инвестицияларды алуға және бөлуге қатысатын ұйымдар;

      47) құрамдауыш – іс-шараның аяқталған сипаты бар құрамдас бөлігі;

      48) маркетингтік орта – нысаналы клиенттермен табысты ынтымақтастық қатынас орнату және қолдау мүмкіндіктеріне ықпал ететін белсенді субъектілер мен іс-шараларды бюджеттік инвестициялар есебінен іске асыратын, жарғылық капиталды ұлғайту немесе қалыптастыру үшін қаражаттың түпкілікті алушысы болып табылатын заңды тұлғаның қызметі жүзеге асырылатын жағдайлар жиынтығы;

      49) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның электрондық порталының бюджеттік инвестицияларды мониторингілеу модулі (бұдан әрі – электрондық портал) – жоспарланған және іске асырылатын бюджеттік инвестицияларды есепке алу мен мониторингілеуді автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе;

      50) мемлекеттік инвестициялық жоба (бұдан әрі – МИЖ) – бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын, оның ішінде концессиялық жобаларды іске асыру арқылы мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар кешені;

      51) мультипликативтік әсер – тиісті салаға бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру кезінде экономиканың дамуына ықпал ету;

      52) нәтижелердің көрсеткіштері – мемлекеттік органның стратегиялық жоспарды, аумақты дамыту бағдарламасын және (немесе) бюджеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша қызметін сипаттайтын нысаналы индикаторлардың, тікелей және түпкілікті нәтижелердің жиынтығы;

      53) өнім – материалдық-заттай (материалдық өнім) немесе материалдық емес (зияткерлік өнім) нысанда не жұмыстар және (немесе) көрсетілетін қызметтер, оның ішінде қаржылық көрсетілетін қызметтер түрінде берілген шаруашылық қызметінің нәтижесі;

      54) пилоттық жоба – мемлекеттік бағдарламалар мен аумақтарды дамыту бағдарламаларында көзделген Нұр-сұлтан қаласында, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй құрылысы салаларындағы объектілерді салу бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы шеңберінде іске асыру жоспарланып отырған инвестициялық жоба;

      55) салалық сараптаманың қорытындысы – мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын немесе бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін немесе бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесін саланы дамыту басымдықтарына сәйкес келуі тұрғысынан бағалау;

      56) құрылыстың сметалық құны (бұдан әрі – сметалық құн) – сомасы жобалық материалдардың және сметалық-нормативтік базаның негізінде айқындалатын объект құрылысын жүзеге асыруға қажетті ақша;

      57) техникалық-экономикалық негіздеме (бұдан әрі – ТЭН) – негізгі техникалық, технологиялық және өзге шешімдер туралы мәліметтерді, сондай-ақ негізгі техникалық-экономикалық параметрлерді айқындай отырып, пайдалар мен шығындарды экономикалық талдаудың негізінде жүргізілетін, бюджеттік инвестициялық жобаның жүзеге асырыла алатындығын және тиімділігін зерделеу нәтижелерін қамтитын құжат;

      58) техникалық-экономикалық негіздемені түзету – техникалық шешімдердің өзгеруіне және қосымша шығыстарға алып келетін бюджеттік инвестициялық жобаның белгіленген техникалық-экономикалық параметрлерінің өзгеруі;

      59) техникалық-экономикалық параметрлер – техникалық-экономикалық негіздемеде не ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға бағытталған БИЖ-дің инвестициялық ұсынысында көзделген негізгі көрсеткіштер;

      60) түпкілікті қарыз алушы – кредитор немесе қаржы агенттігі айқындаған шарттармен мамандандырылған ұйым немесе жергілікті атқарушы органның атынан қарыз алушы беретін бюджеттік кредиттің түпкілікті алушысы;

      61) түпкілікті нәтиже – мемлекеттік орган қызметінің тікелей нәтижелеріне қол жеткізуге негізделген стратегиялық жоспардың, аумақты дамыту бағдарламасының және (немесе) бюджеттік бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізуді санмен өлшейтін бюджеттік бағдарламаның көрсеткіші;

      62) тікелей нәтиже – қол жеткізілуі осы функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыратын немесе қызметтер көрсететін ұйымның қызметіне толықтай тәуелді болатын, көзделген бюджет қаражаты шегінде орындалатын мемлекеттік функциялардың, өкілеттіктер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көлемінің сандық сипаттамасы;

      63) іс-шара – бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру шеңберінде орындалатын міндеттерді орындауға бағытталған өзара байланысты құрамдауыш(тар) кешені.";

      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Пилоттық жоба бойынша инвестициялық ұсыныс әзірлеу талап етілмейді.";

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. БИЖ-ді жоспарлау мынадай үш кезеңде жүзеге асырылады:

      1) Пилоттық жобаны қоспағанда, инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу және оларға сараптамалар жүргізу;

      2) ТЭН-ді әзірлеуді талап етпейтін жобаларды қоспағанда, БИЖ ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу;

      3) бюджетті әзірлеу сатысында бюджеттік инвестициялық жобаларды іріктеу.";

      3-тарау мынадай мазмұндағы 6-1 параграфпен толықтырылсын:

      "6-1-параграф. Пилоттық жоба шеңберінде іске асырылатын бюджеттік инвестициялық жобаларды әзірлеу, қарау және іріктеу тәртібі

      98-1. Пилоттық жобаны әзірлеу, қарау және іріктеу процесі мынадай негізгі кезеңдерді қамтитын іс-шаралар кешенін білдіреді:

      1) кешенді ведомстводан тыс сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымға құрылыс құнының есебін ББӘ-нің дайындауы және ұсынуы;

      2) құрылыс құны есебінің ведомстводан тыс кешенді сараптамасын қарау және жүргізу;

      3) бюджетті әзірлеу сатысында іріктеу және тиісті бюджет комиссиясының қарауына шығару.

      98-2. Пилоттық жоба шеңберінде іске асырылатын БИЖ мынадай құжаттарды қамтиды:

      1) "Құрылыстағы баға белгілеу бойынша нормативтік құжаттарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының 2017 жылғы 14 қарашадағы № 249-нқ бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімінде № 16073 болып тіркелген) 8-қосымшаға сәйкес айқындалатын құрылыс құнының есебі;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімінде № 10722 болып тіркелген) Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларында көзделген объектінің сметалық құнының лимитін есептеу нәтижелері туралы келісу-хат.

      98-3. Ведомстводан тыс кешенді сараптамамен келісілген құрылыс құнының есебі ББӘ бұйрығымен бекітіледі және жоспарланатын кезеңге арналған лимиттің мөлшерін айқындау және ЖСҚ әзірлеуге қаражат бөлу үшін негіз болып табылады.

      98-4. Пилоттық жоба шеңберінде іске асырылатын БИЖ-ді іріктеуді және тиісті бюджет комиссиясының қарауына шығаруды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган ББӘ осы Қағидалардың 98-2-тармағында көрсетілген құжаттарды және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 511 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімінде № 10007 болып тіркелген) бекітілген Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларына сәйкес дайындалған бюджеттік өтінімді ұсынған кезде жүзеге асырады.

      98-5. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган пилоттық жоба шеңберінде іске асырылатын БИЖ-ді қаржы қаражатымен қамтамасыз етілу, құрылыс құнының растайтын есебінің, объектінің сметалық құнының лимитін есептеу нәтижелері туралы келісу хатының болуы тұрғысынан қарайды және олар бойынша қорытындыны тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.

      98-6. Бекітілген есептің, объектінің сметалық құнының лимитін есептеу нәтижелері туралы келісу хаттың және пилоттық жоба шеңберінде іске асырылатын БИЖ-дің тиісті бюджет комиссиясының оң шешімінің негізінде тиісті бюджет жобасына енгізіледі.

      98-7. Пилоттық жоба шеңберінде іске асырылатын БИЖ-ді қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты және (немесе) республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілетін нысаналы даму трансферттері есебінен жүзеге асырылады. Бірлесіп қаржыландыру көлемі ағымдағы жағдайды және тиісті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, айқындалады.

      98-8. Пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде көзделетін құрылыс қызметі белгіленген тәртіппен бекітілген ЖСҚ-ға сәйкес жүзеге асырылады.

      98-9. Пилоттық жобаны жоспарлау және іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы, сондай-ақ пилоттық жобаның мемлекеттік бағдарламалар мен аумақтарды дамыту бағдарламаларында болуы негіз болып табылады.";

      102-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "102. Құрылыс қызметін болжайтын БИЖ-ге Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары барлау және қарсы барлау салаларында іске асыру жоспарланып отырған жобаларды қоспағанда, жер учаскесіне құқық беру туралы жерге орналастыру жобасы (қажет болған жағдайда жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар шығындарының, алынып қойылатын алқаптардың түріне байланысты ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы өндірісі шығындарының есептерін қоса бере отырып) қоса беріледі.".

      2. Инвестициялық саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Иргалиев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады