"Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 19 наурыздағы № 235 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 25 наурызда № 22382 болып тіркелді

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 82-бабы 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесі:

      мынадай мазмұндағы 109-1-тармақпен толықтырылсын:

      "109-1. Қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы олардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджет қаражатын үнемдеу түрінде бюджеттік инвестицияларды іске асыру қорытындылары бойынша пайда болған пайдаланылмаған қалдықтар "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Мемлекеттік мүлік туралы заң) және "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Акционерлік қоғамдар туралы заң) сәйкес қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектісінің тиісті басқару органының (құрылтайшысының) шешімі бойынша бюджетке қайтарылады.

      Егер квазимемлекеттік сектор субъектісі алдыңғы бюджеттік инвестициялардың қорытындылары бойынша қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы үнемдеу қаражатын пайдаланбаса және (немесе) үнемдеу қаражаты бюджетке қайтарылмаса, жаңа мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы Бюджеттік инвестицияларды жоспарлау қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы үнемдеу сомалары ескеріле отырып жүзеге асырылады. Бұл жағдайда бюджеттік бағдарламаның әкімшісі жаңа мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы Бюджеттік инвестицияларды жоспарлау кезінде ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарындағы және 1 сәуіріндегі жағдай бойынша қалдықтарға сүйене отырып, квазимемлекеттік сектор субъектісінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы үнемдеу сомасын ұсынуды қамтамасыз етеді.

      Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына есептелген тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуден түскен қаражат тиісті бюджеттің кірісіне аударуға жатады.";

      371-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "371. Төлемдер мен аударымдарды жүргізу үшін квазимемлекеттік сектор субъектісі аумақтық қазынашылық бөлімшесіне мыналарды қағаз тасығышта немесе "Қазынашылық-клиент" АЖ бойынша электрондық түрде:

      1) жарғылық капиталын ұлғайту/қалыптастыру кезінде – бағалы қағаздар нарығын қадағалау мен реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органның куәлігін не квазимемлекеттік сектор субъектісінің жарғылық капиталын ұлғайтуға ақша аударылған кезде басқару органдарының тиісті шешімін;

      2) аванстық төлемді қоспағанда, инвестициялық жобаны іске асыру кезінде – шот-фактураның немесе тауарларды жеткізу туралы жүкқұжаттың (актінің) немесе орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісінің немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген өзге құжат түрінің көшірмелерін.

      Инвестициялық жобаны Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым жүзеге асырған кезде, қазынашылықтың аумақтық бөлімшесіне көрсетілген ұйымның уәкілетті адамы қол қойған жазбаша өтінім беріледі.

      Шығыстарды және/немесе тартылған қарыз қаражатын, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан жарғылық капиталды қалыптастыруға немесе ұлғайтуға квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бұрын бөлінген қаражат есебінен өтеу кезінде квазимемлекеттік сектор субъектісі аумақтық қазынашылық бөлімшесіне шығыстарды өтеу жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының көшірмесін және қосымша, қарыз қаражатын тарту кезінде – кредиттік шарттың көшірмесін ұсынады.

      Инвестициялық жобаны іске асыру қаржы-экономикалық негіздемеге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарында ақшаның болуына сәйкес шарт соммасынан:

      30 пайыздан аспайтын мөлшерде – барлық инвестициялық жобалар бойынша;

      50 пайыздан аспайтын мөлшерде – жоғарытехнологиялық тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алғанда аванстық (алдын-ала) төлемге жол беріледі;

      3) мемлекеттік тапсырманы орындау кезінде аванстық төлемді қоспағанда, шот-фактураның немесе тауарларды жеткізу туралы жүкқұжаттың (акт) немесе орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің актісі немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген өзге де құжат түрінің көшірмелерін ұсынады.

      Мемлекеттік тапсырма орындалған және мемлекеттік тапсырманың мақсаттарына қол жеткізілген кезде мемлекеттік тапсырманы орындау үшін жауапты квазимемлекеттік сектор субъектісі жасасқан шарттың талаптарына сәйкес бюджеттік бағдарлама әкімшісінің келісімі бойынша мемлекеттік тапсырмаға тапсырыс беруші және орындаушы қол қойған, көрсетілген қызметтер актісінің негізінде аумақтық қазынашылық бөлімшесіндегі өз шотынан қаражат қалдықтарын, осы қаражатты екінші деңгейдегі банктердегі депозиттік шоттарда орналастыруды қоспағанда, екінші деңгейдегі банктегі есеп шотына аударады;

      4) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілген қызметтерге ақы төлеуге төлем жүргізген кезде ‒ төлем тапсырмасын.

      Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлем тапсырмаларын ұсынудың заңдылығы мен негізділігін, төлем тапсырмаларында көрсетілген деректемелердің дұрыстығын қамтамасыз етеді;

      5) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9938 болып тіркелген) Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, оған қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, іске асырылуын мониторингілеу және бағалау және бюджеттік кредиттеудің орындылығын айқындау қағидаларына сәйкес бюджеттік инвестициялардың ағымдағы қаржы-экономикалық негіздемесін түзетуді және (немесе) жаңасын әзірлеуді жүргізе отырып, жаңа және (немесе) ағымдағы жобаны (жобаларды) іске асыруға қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында пайдаланылмаған қалдықтарды бағыттау кезінде – тиісінше түзетілген ағымдағы және (немесе) жаңа қаржы-экономикалық негіздеменің көшірмесін қосымша;

      6) квазимемлекеттік сектор субъектісінің басқару органының (құрылтайшысының) шешімі бойынша үнемдеу қаражатын даму (жаңғырту, активтерді сатып алу) мақсаттарына үнемдеу сомасын пайдаланған кезде егер үнемдеу сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 50000 еселенген мөлшерінен аспаса, жобаның қаржы-экономикалық негіздемесін түзетуді жүргізусіз – басқару органдарының тиісті шешімінің көшірмесін қосымша;

      7) жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іске асыру қорытындылары бойынша бюджет қаражатын үнемдеу түрінде қалыптасқан қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы пайдаланылмаған қалдықтарды бюджетке қайтару кезінде – төлем тапсырмасы және Мемлекеттік мүлік туралы заңға және Акционерлік қоғамдар туралы заңға сәйкес қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектісінің тиісті басқару органының (құрылтайшысының) шешімі;

      8) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына есепке жатқызылған тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлдарды) төлеуден түскен қаражатты тиісті бюджет кірісіне аударған кезде – төлем тапсырмасын береді.";

      10-тараудың 2-параграфы алып тасталсын;

      733-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "733. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы кезекті қаржы жылына арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві есебінен қолма-қол ақшаның тапшылығын жабуға республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер Қазақстан Республикасының Үкіметінен қарыз алу және республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының республикалық маңызы бар қалаланың, астананың бюджетінің тапшылығын қаржыландыруға ішкі нарықта айналысы үшін мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару түрінде, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін, төтенше жағдай қолданылатын кезеңде айқындалған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген іс-шараларды белгіленген тәртіппен қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы түрінде жүзеге асырылады.

      Аудандық (облыстық маңызы бар қала) жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) қолма-қол ақшасының тапшылығын қаржыландыру үшін облыстың жергілікті атқарушы органынан қарыз алу түрінде жүзеге асырылады.

      Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының қарыз алуы тиісті жергілікті бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органынан қарыз алу түрінде жүзеге асырылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады