Уақытша теңгерімдеу төлемақысын есептеу және төлеу қағидаларын бекіту туралы

Мерзімі біткен

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 25 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 27 наурызда № 22400 болып тіркелді. Бұйрықтың қолданыста болу мерзімі 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданыста болу мерзімі - 01.01.2022 дейін (бұйрықтың 4-т.).

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 124-6-бабының 10-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Уақытша теңгерімдеу төлемақысын есептеу және төлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Табиғи монополияларды реттеу комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады және 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Иргалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2021 жылғы 25 наурыздағы
№ 25 Бұйрықпен
бекітілді

Уақытша теңгерімдеу төлемақысын есептеу және төлеу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Уақытша теңгерімдеу төлемақысын есептеу және төлеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 124-6-бабының 10-1) тармақшасына, "Теміржол көлігі туралы" 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 12-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мыналардың:

      1) жолаушылар қозғалысындағы локомотивтік тартқыш операторының (бұдан әрі - Оператор);

      2) Ұлттық инфрақұрылым операторының пайдасына Ұлттық жүк тасымалдаушының теңгерімдеу төлемақысын есептеу және төлеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:

      1) босату бағасы - қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өндіру және (немесе) өткізу үшін пайдаланатын баға;

      2) уақытша теңгерімдеу төлемақысы (BF) - Ұлттық жүк тасымалдаушының жолаушылар тасымалдарын қолдауға бағытталған шығыстары;

      3) уақытша теңгерімдеу төлемақысы (BF1) - жолаушылар қозғалысындағы локомотивтік тартқыш операторына бағытталатын уақытша теңгерімдеу төлемақысы;

      4) уақытша теңгерімдеу төлемақысы (BF2) - Ұлттық инфрақұрылым операторына бағытталатын уақытша теңгерімдеу төлемақысы;

      5) уәкілетті органның ведомствосы - қоғамдық маңызы бар нарықтар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ведомствосы.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер табиғи монополиялар және теміржол көлігі салаларындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Уақытша теңгерімдеу төлемақысын есептеу тәртібі

      3. Уақытша теңгерімдеу төлемақысының (BF) сомасын айқындауға арналған материалдар мен есептеулерді Оператор уәкілетті органның ведомствосына жолаушылар қозғалысындағы локомотивтік тартқыш көрсетілетін қызметтеріне шекті бағаны келісуге арналған ақпаратпен бір уақытта ұсынады.

      4. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 22 сәуірдегі № 218 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20468 болып тіркелген) әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар қозғалысындағы локомотивтік тартқыш операторының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялау көлемдерін айқындау әдістемесіне және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 230 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20559 болып тіркелген) Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар қозғалысындағы локомотивтік тартқыш операторының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялау қағидаларына сәйкес уақытша теңгерімдеу ақысының сомасы (BF1) оператордың залалдарын/шығындарын субсидиялау көлемдері айқындалғаннан кейін айқындалады.

      Жолаушылар қозғалысындағы локомотивтік тартқыш көрсетілетін қызметтеріне шекті бағаны келісуге ұсынылған ақпаратты қарау кезінде уәкілетті органның ведомствосы теміржол көлігі саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органнан мемлекеттік бюджет қаражатынан жолаушылар қозғалысындағы локомотивтік тартқыш операторын ұзақ мерзімді субсидиялау туралы ақпаратты сұратады. Теміржол көлігі саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган сұратылған ақпаратты уәкілетті органның ведомствосына сұрау салуды алған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде ұсынады.

      Уақытша теңгерімдеу төлемақысының сомасы (BF1) Оператордың шығыстары туралы жиынтық деректерге сәйкес, Оператор шығындарының жылдық жалпы сомасы негізге алына отырып айқындалады.

      Уақытша теңгерімдеу төлемақысының сомасы (BF1) мына формула бойынша есептеледі:

      BF1 = (C + IP + LP) - (I + S),

      мұндағы:

      С - амортизациялық аударымдарды қоспағанда, Оператордың шығыстары туралы жиынтық деректерге сәйкес Оператордың шығыстары;

      IP - қарыз қаражатын есепке алмағанда, жаңа активтерді құруға, қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңартуға, реконструкциялауға және техникалық қайта жарақтандыруға бағытталған инвестициялық бағдарлама (жоба);

      LP - өтеуге, инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін тартылған қарыздар бойынша негізгі қарыздың сомасы;

      I - локомотивтік тартқыш көрсетілетін қызметтеріне босату бағалары бойынша Оператордың болжамды кірісінің сомасы;

      S - мемлекеттік бюджеттен берілетін субсидиялар сомасы.

      Жолаушылар қозғалысындағы локомотивтік тартқыш көрсетілетін қызметтеріне босату бағасы өзгерген жағдайда уәкілетті органның ведомствосы уақытша теңгерімдеу төлемақысының (BF1) сомасын түзетеді.

      5. Уақытша теңгерімдеу төлемақысының (BF2) сомасы магистральдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне бекітілген тарифтік сметада көзделген кірістер шегінде, соңғы 5 жылдағы Ұлттық инфрақұрылым операторының жолаушыларды тасымалдаудан түскен кірістерінің орташа нақты сомасын есептеумен айқындалады.

      6. Уақытша теңгерімдеу төлемақысын қалыптастыру кезінде локомотивтік тартқыштың реттеліп көрсетілетін қызметімен байланысты шығыстар, оның ішінде:

      тауарларды өндіруге және қызметтерді ұсынуға арналған шығыстар;

      жалпы және әкімшілік шығыстар;

      сыйақы төлеуге арналған шығыстар;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы № 36 бұйрығымен бекітілген Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14778 болып тіркелген) (бұдан әрі - Баға белгілеу қағидалары) сәйкес белгіленген тәртіппен келісілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға арналған;

      негізгі борышты өтеуге арналған шығындар ескеріледі.

      7. Оператор шығыстары сомасын айқындауды қалыптастыру кезінде Оператордың шығындары қабылданады.

      Бұл ретте Оператордың шығыстары сметасы Баға белгілеу қағидаларына сәйкес қалыптастырылады.

3-тарау. Уақытша теңгерімдеу төлемақысын төлеу тәртібі

      8. Уақытша теңгерімдеу төлемақысын (BF) төлеудің көзі Ұлттық жүк тасымалдаушының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік қатынаста теміржол көлігімен жүктерді тасымалдау бойынша қызметтен алатын кірісі болып табылады.

      9. Уақытша теңгерімдеу төлемақысының (BF) төлеуге жоспарланған сомасын Ұлттық жүк тасымалдаушы бір жыл ішінде тең көлемде айларға бөледі.

      10. Уақытша теңгерімдеу төлемақысын (BF) Операторға және Ұлттық инфрақұрылым операторына төлеуді Ұлттық жүк тасымалдаушы ай сайын 10-ына дейінгі мерзімде жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады