БҰЙЫРАМЫН:
1. "Тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу туралы шешім шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 197 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16479 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 12 наурызда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу туралы шешім шығару қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органының шешімі негізінде және (немесе) салық салынатын объектінің және (немесе) салық салуға байланысты объектінің орналасқан жері бойынша тақырыптық тексерулер мынадай:
1) мемлекеттік кірістер органдарында тіркеу есебіне қою;
2) бақылау-касса машиналарының немесе үш құрамдасты интеграцияланған жүйенің болуы;
3) төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы;
4) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына әкету кезінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген құжаттардың болуы және тауарлардың құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келуі;
5) мынадай:
"Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі міндет қолданылатын тауарлар тізбесін, сондай-ақ Ресімдеу және олардың құжат айналымы қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 1424 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19784 болып тіркелген) бекітілген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында халықаралық автомобиль тасымалдарымен жүзеге асырылатын алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту кезінде;
тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелген кезде;
тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына әкеткен кезде тауарларға ілеспе жүкқұжаттардың болуы және тауарлар атауының, санының (көлемінің) тауарларға ілеспе жүкқұжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келуі;
6) акциздік және есепке алу-бақылау маркаларының болуы және төлнұсқалығы, лицензияның болуы;
7) автокөлік құралдарын көліктік бақылау немесе жол полициясы бекеттерінде тексеру кезінде импортталатын тауарларға тауар-көлік жүкқұжаттарының болуы және тауар атауларының тауар-көлік жүкқұжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келуі;
8) бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібін сақтау;
9) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын және акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіру, сақтау және өткізу шарттарын сақтау;
10) касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы мемлекеттік кірістер органы шығарған өкімді орындау;
11) электрондық нысанда шот-фактураларды жазып беру тәртібін сақтау;
12) Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына байланысты кедендік баждардың төмендетілген мөлшерлемелері қолданылатын тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлар қалдықтарының болуын растау мәселелері бойынша тағайындалады.";
мемлекеттік кірістер органы тақырыптық тексерулер тағайындау және хронометраждық зерттеп-тексеруді жүргізу туралы шешім шығару үшін өлшемшарттарында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидаларының 3-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша тақырыптық тексерулер үшін:
1) шағымдар, оның ішінде әлеуметтік желілер мен бейнехостингтерде, мобильдік құрылғылардың қосымшалары (Whatsap, Facebook, Wіpon және басқалар) арқылы, сондай-ақ электрондық шағым кітабы арқылы;
2) заңды және жеке тұлғалардың шағымдары бойынша бұдан бұрын жүргізілген салықтық тексерулер анықтаған бұзушылықтардың жойылмауы;
3) әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде мемлекеттік кірістер органдарында тиісті тіркеу есебінің болмауы;
4) фискалдық жады бар бақылау-кассалық машиналарының (бұдан әрі – ФЖ бар БКМ) немесе үш құрамдасты интеграцияланған жүйенің болмауы, сондай-ақ әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша ФЖ бар БКМ-ді немесе үш құрамдасты интеграцияланған жүйені оның мемлекеттік кірістер органдарында тіркелген жері бойынша пайдаланбау туралы мәліметтердің болуы;
5) әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша төлем карточкасын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болмауы (салық төлеуші осындай жабдықты (құрылғыны) орнатуға міндетті болған кезде);
6) есепке алу-бақылау және акциздік маркаларының болмауы, сондай-ақ әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша олардың сәйкес болмауы;
7) алкоголь өніміне, мұнай өнімдеріне, биоотынға, темекі бұйымдарына ілеспе жүкқұжаттардың болмауы және олардың сәйкес болмауы, сондай-ақ әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша лицензияның болмауы;
8) импортталатын тауарларға тауар-көлік жүкқұжаттарының болмауы, сондай-ақ әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша олардың сәйкес болмауы;
9) ФЖ бар БКМ қолдану сақталмауы жөнінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу туралы куәландыратын мәліметтер;
10) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінде "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) 47-тараумен белгіленген мерзімдерді бұза отырып жазылған электрондық түрдегі шот-фактура;
11) касса арқылы шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімнің қолданылуы кезеңінде салық төлеушінің контрагенттермен өзара есеп айырысуды жүзеге асыру фактілері бойынша касса арқылы шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы мемлекеттік кірістер органдарының талаптарын бұзушылықтар туралы куәландыратын мән-жайлардың анықталуы;
12) тауарларға ілеспе жүкқұжаттардың болмауы, сондай-ақ тауарлар атауының, санының (көлемінің) тауарларға ілеспе жүкқұжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келуі;
13) мемлекеттік кірістер органы тақырыптық тексерулер тағайындауы және хронометраждық зерттеп-тексеруді жүргізу туралы шешім шығаруы үшін осы Өлшемшарттардың 1-тармағының 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген мәліметтердің болуы ескеріледі.".
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәлеметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Е. Жамаубаев |