"Мемлекеттік авиацияда авиациялық жанар-жағар май материалдарының және арнайы сұйықтықтардың сапасын қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі № 393 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 19 сәуірдегі № 237 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 22 сәуірде № 22598 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік авиацияда авиациялық жанар-жағар май материалдарының және арнайы сұйықтықтардың сапасын қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі № 393 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15651 болып тіркелген, 2017 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік авиацияда авиациялық жанар-жағар май материалдарының және арнайы сұйықтықтардың сапасын қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Нұсқаулықта пайдаланылатын негізгі анықтамалар:

      1) авиациялық бөлім – мемлекеттік авиация әуе кемелерінің ұшуын ұйымдастыру мен орындауды, оларды пайдалануды және сақтауды жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік мекеме;

      2) авиациялық оқиға – әуе кемесінің бортындағы адамдардың қаза табуына (өлімге әкелген дене жарақатына) және/немесе осы әуе кемесінің жойылып кетуіне әкелген әуе кемесін ұшуда пайдалануға байланысты авиациялық жағдай;

      3) авиациялық техника – авиациялық техникалық құралдар кешені (әуе кемелері, олардың борттық жабдығы мен агрегаттары, қозғалтқыштар, мемлекеттік авиация әуе кемелерінің авиациялық қару-жарағы, авиациялық құтқару құралдары, кешенді тренажерлар (ұшу симуляторлары), жиынтықтаушы бұйымдар, әуе қозғалысын басқарудың, қондыру навигациясының және байланыстың техникалық құралдары, сондай-ақ ұшуды орындау, әуе қозғалысын басқаруды және ұшуды жерүсті қамтамасыз етуді ұйымдастыру үшін арналған жалпы және арнайы қолдануды жерүсті қамтамасыз ету құралдары;

      4) әуе кемесі – жер (су) бетінен шағылысқан ауамен әрекеттесуді болғызбай, ауамен өзара әрекеттесу есебінен атмосферада қалықтайтын аппарат;

      5) қамтамасыз ету бөлімдері – авиациялық-техникалық базалар, авиациялық комендатуралар, әуе қозғалысын басқару орталықтары;

      6) мемлекеттік авиацияны басқару органдары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Авиация қызметі.";

      50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "50. Әуе кемелерінде жанармайды ауыстыру әуе кемесінің пайдалану құжаттамасында белгіленген мерзімдерге, олар болмаған жағдайда осы Нұсқаулыққа 29-қосымшаға сәйкес әуе кемелерінің бактарында жанармайды сақтау мерзімдеріне сәйкес жүргізіледі.";

      мынадай мазмұндағы 119-1-тармақпен толықтырылсын:

      "119-1. Далалық жағдайларда әуе кемесіне отын құю мынадай қағидат бойынша жүзеге асырылады: тұндыру ыдысы (автоцистерна, резервуар) – шығыс ыдысы (әуеайлақтық отын құйғыш) – әуеайлақтық отын құйғыш – әуе кемесі.".

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тыл және қару-жарақ бастығының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
Н. Ермекбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады