"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 169-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16376 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларында:
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Жеке сот орындаушысын жоспардан тыс бақылау оған қатысты шағымдар, өтініштер не атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру кезінде жасаған заңдылықты бұзу фактілері туралы ақпарат түскен кезде жүргізіледі.";
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Жоспардан тыс бақылау тиісті әділет органының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен тағайындалған кезде комиссия аумақтық органның қызметкерлерінен құрылады.
Жоспардан тыс бақылау Республикалық немесе өңірлік палатасының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен тағайындалған кезде комиссия жеке сот орындаушылары палатасы қызметкерлерінен құрылады.
Тексеру жүргізу үшін комиссия кемінде үш адамнан құрылады.";
18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"18. Жоспардан тыс бақылаудың мәні келіп түскен шағымның, өтініштің және атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру кезінде жасаған заңдылықты бұзу фактілері туралы ақпараттың шеңберінде атқарушылық іс жүргізу материалдарын және жеке сот орындаушысының әрекеттерін зерделеу және тексеру болып табылады.
Бұл ретте жеке сот орындаушысының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны туралы күшіне енген сот актісі болған жағдайда жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылау жүргізілмейді.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Қорытынды кіріспе, сипаттама-уәждеме және қорытынды бөліктерінен тұрады.
Қорытындының кіріспе бөлімінде бақылаудың түрі туралы мәліметтер, бақылауды жүзеге асырған адамның және бақылауға жататын жеке сот орындаушысының тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), бақылауды жүргізу мерзімі, жеке сот орындаушысының бақылауды тағайындау туралы бұйрықтың нөмірі және күні көрсетіледі.
Қорытындының сипаттама-уәждеме бөлігінде жеке сот орындаушысының қызметі туралы және атқарушылық іс жүргізу туралы мәліметтер, оның ішінде атқарушылық әрекеттер хронологиялық тәртіппен баяндалады.
Қорытынды бөлікте Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтың болуы немесе болмауы туралы қорытынды, бір ай ішінде мерзім белгілене отырып оларды жою жөніндегі ұсынымдар баяндалады және жеке сот орындаушысының бұзушылықтарды жойғаны туралы ақпаратты тиісті аумақтық органға немесе жеке сот орындаушыларының тиісті палатасына беру міндеті көрсетіледі.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық жойылған және (немесе) келтірілген залал қалпына келтірілген жағдайда, қорытынды жеке сот орындаушыларының өңірлік (республикалық) палатасының тиісті тәртіптік комиссиясына қарауға жолданады.";
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Қорытындыға мынадай құжаттар тіркеледі:
1) жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) не оның өз міндеттерін адал атқармағандығын айқындайтын басқа да ақпарат болған кезде шағымдардың көшірмесі;
2) жеке сот орындаушысының кызметіне жоспарлы немесе жоспардан тыс бақылауды жүргізу туралы бұйрықтың көшірмесі;
3) жеке сот орындаушысының түсініктемесінің көшірмесі (бар болса) немесе түсініктеме беруден бас тарту туралы актінің көшірмесі;
4) атқарушылық іс жүргізу материалдарының көшірмесі (бар болса) немесе оны ұсынудан бас тарту туралы актінің көшірмесі;
5) жеке сот орындаушысының оның қызметіне жоспарлы немесе жоспардан тыс бақылау жүргізу туралы бұйрықпен және жеке сот орындаушысының қызметіне жүргізілген бақылау нәтижелері туралы қорытындымен танысқанын растайтын құжаттардың көшірмесі.".
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Әділет министрі | М. Бекетаев |