"Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 6 тамыздағы № 136 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 15 маусымдағы № 63 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 17 маусымда № 23047 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 6 тамыздағы № 136 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6402 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi 217-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарда:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      4-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) егер жоба бойынша құрылыс (құрылыс-монтаж) жұмыстарын жүргізу болжанған жағдайда, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 39-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметі уәкілеттік берген заңды тұлға (бұдан әрі – Заңды тұлға) жүзеге асыратын ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы;";

      4-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-2. Жобаны іске асыру үшін, оның ішінде мемлекеттік кепілдік берілген бұрын тартылған мемлекеттік емес қарызды өтеу үшін мемлекеттік кепілдікпен жаңа мемлекеттік емес қарызды тарту инвестициялық жобаның ТЭН-ін түзету және жаңа ТЭН әзірлеу үшін негіз болып табылмайды.

      Бұрын мемлекеттік кепілдік берілген инвестициялық жобалар бойынша мемлекеттік кепілдікпен мемлекеттік емес қарыз тартылған, сондай-ақ тиісті қорытындылар берілген инвестициялық жобаның ТЭН негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысы беріледі.

      Бұл ретте, қарыз алушы ішкі нарықта мемлекеттік кепілдікпен мемлекеттік емес қарыз тартылғаннан кейін бір ай ішінде мемлекеттік кепілдікпен бұрын тартылған қарызды толық көлемде өтеуді жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 216-бабына сәйкес бекітілетін, тиісті жылдың мемлекеттік кепілдіктерімен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тізбесіне енгізу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысы негіз болып табылады.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен мемлекеттік емес қарыз қаражаттары есебінен қаржыландыруға ұсынылған инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Инвестициялық жобаның ТЭН-ін сараптауға қойылатын талаптар".

      2. Инвестициялық саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық экономика министрі А. Иргалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады