"Шетелдік әскери оқу орындарында даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін іріктеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 20 шілдедегі № 371 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің м.а. 2021 жылғы 21 шілдедегі № 470 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 22 шілдеде № 23644 болып тіркелді.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Шетелдік әскери оқу орындарында даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін іріктеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 20 шілдедегі № 371 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15539 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Шетелдік әскери оқу орындарында даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеу қағидаларында:

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік ӘОО-ларда оқуға іріктеу оқуды шетелдік ӘОО-ларда жалғастыруға ниет білдірген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты жоғары әскери оқу орындарының (бұдан әрі – ҚР ҚМ ӘОО) бірінші курсында оқитын әскери қызметшілер қатарынан іріктеу жылының 15 тамызына дейін ҚР ҚМ ӘОО бастығының атына берілген баянат негізінде жүзеге асырылады.

      Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік ӘОО-ларда медициналық және музыкалық мамандықтарға оқуға іріктеу оқудың бірінші курсына қабылданған әскери қызметшілер қатарынан іріктеу жылының 15 тамызына дейін ҚР ҚМ ӘОО бастығының атына берілген баянат негізінде жүзеге асырылады.

      Азаматтардың ҚР ӘОО-на одан әрі оқуын шетелдік ӘОО-ларда жалғастыру мақсатында медициналық және музыкалық мамандықтар бойынша оқуға түсуі "Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 35 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13268 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады. Жоғарыда көрсетілген мамандықтарға оқуға түсу үшін ҰБТ бейіндік пәні: медициналық мамандықтар үшін биология, химия, музыкалық мамандықтар үшін шығармашылық емтихан болып белгіленеді.

      Шетелдік ӘОО-ларға іріктеу жүзеге асырылатын тізім, сондай-ақ қойылатын талаптар, іріктеу шарттары мен тәртібі туралы ақпарат 1 тамыздан кешіктірілмей ҚР ҚМ ӘОО-ның ғимараттарында жалпыға қолжетімді жерлерде орналастырылады.

      Баянатта әскери атағы, тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болған кезде), туған жылы мен айы, оқуға түскісі келетін шетелдік ӘОО-ның атауы (оқитын мамандығына қарамастан) көрсетіледі.

      Баянатқа өмірбаян (өз қолымен жазылған), қызметтік мінездеме (еркін түрде), 3 фотосурет (бас киімсіз, өлшемі 4,5 х 6 сантиметр) қоса беріледі.

      4. Іріктеу жылының 10 шілдесіне дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бейінді құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлерінің, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының бас қолбасшылары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесіне (бұдан әрі – ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесі) іріктеу комиссияларының құрамдарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі бұйрығының жобасына қосу үшін кандидаттарды ұсынады.

      Шетелдік ӘОО-ларға әскери қызметшілерді іріктеу жөніндегі комиссиялар (бұдан әрі – комиссия) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен іріктеу жылының 10 тамызына дейін тағайындалады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Комиссияның құрамына ҚР ҚМ ӘОО-ның бастығын қоспағанда, әскери қызметші оқитын ҚР ҚМ ӘОО-ның өкілдері қосылмайды.

      Комиссия хатшысы комиссияның төрағасымен дауыс беру құқығынсыз тағайындалады және осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттаманы (бұдан әрі – хаттама) жүргізуді қамтамасыз етеді.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Комиссияның оқуға іріктеу немесе одан бас тарту туралы шешімі әскери қызметшілердің сауалнамалық деректерін көрсете отырып, ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесіне ұсынылады.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Кәсіби іріктеу және шетелдік ӘОО-лар талаптарына жауап беретін жоғары әскери білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік ӘОО-ларға әскери қызметшілерді іріктеу үш кезеңде жүзеге асырылады:

      1) бірінші кезеңде – осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген келіп түскен құжаттардың негізінде әскери қызметшілердің тізімдері қалыптастырылады;

      2) екінші кезеңде – оқыту тілі бойынша тестілеу, онда әскери қызметші шетелдік білім беру ұйымында оқытылатын болады. Оқыту тілі бойынша тестілеу оқуға түсушілердің оқыту тілін меңгеру деңгейін айқындау үшін өткізіледі. Тестілеу сұрақтары негізгі орта білім беру бағдарламаларын ескере отырып, 30 сұрақтан тұрады, 1 сұрақ 1 балға теңестіріледі. Шекті деңгей 10 балды құрайды.

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдарының мамандықтарына іріктелетін әскери қызметшілермен бұдан бұрын зерттеуді "Ұсынылады" деген нәтижемен өткен адамдарды қоспағанда, психологиялық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулер (бұдан әрі – зерттеу) өткізіледі;

      3) үшінші кезеңде – конкурстық іріктеу жүзеге асырылады. Конкурстық іріктеу ең жоғарыдан ең төменгі рейтингілік балға дейін оқуға түсушілердің рейтингісін жасауды қамтиды және оны іріктеу комиссиясы жүргізеді.

      Зерттеу нәтижелері бойынша ұсынылмайтын іріктелетін әскери қызметшілер кезеңді өтпеген болып саналады.

      Рейтинг оқыту тілі бойынша тестілеу нәтижелерін және оқытудың бірінші курсы үшін үлгерімінің орташа балл нәтижелерін қосу арқылы қалыптастырылады (немесе медициналық және шығармашылық мамандықтарға оқуға түсушілерт үшін ҰБТ нәтижелері).

      Оқуға бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейін рейтингіде тұрған, іріктеудің екінші кезеңінің шекті деңгейінен өткен әскери қызметшілер жіберіледі.";

      15-тармақ алып тасталсын;

      көрсетілген бұйрыққа қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің міндетін
уақытша атқарушы генерал-лейтенант
М. Бектанов

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2021 жылғы 21 шілдедегі
№ 470 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы 20 шілдедегі
№ 371 бұйрығына
қосымша

      Нысан

№ ____ ХАТТАМА

      _______________________ іріктеу (апелляциялық) комиссиясының отырысы

      (комиссия құрылатын органның атауы)

      _____________________________ іріктеуден өткені (бас тартылғаны) туралы

      (ӘОО-ның атауы)

      Комиссия құрамы:

      төрағасы ________________________________________________________

      төрағаның орынбасары ____________________________________________

      мүшелері: _______________________________________________________

      ________________________________________________________________

      өз отырысында кандидаттарды қарады, зерделеді және қаулы етті:

Р/с №

Т.А.Ә. (бар болған кезде)

Туған күні, айы және жылы

Ұлты

Бөлімше

1-курс аралық аттестаттауының нәтижелері немесе ҰБТ нәтижесі бойынша үлгерімнің орташа балы

Оқыту тілі бойынша тестілеу нәтижелері

Психологиялық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулер

Жалпы балы

Комиссия шешімі











      Комиссия төрағасы: ____________________________________________

      (әскери атағы, аты-жөнінің бас әріптері және тегі)

      Комиссия мүшелері: ___________________________________________

      (әскери атағы, аты-жөнінің бас әріптері және тегі)

      Комиссия хатшысы: ___________________________________________

      (әскери атағы, аты-жөнінің бас әріптері және тегі)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады