"Діни туризм саласында туроператорлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2017 жылғы 22 қарашадағы № 166 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 21 шiлдедегi № 258 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 22 шiлдеде № 23656 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Діни туризм саласында туроператорлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2017 жылғы 22 қарашадағы № 166 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16056 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызметті жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Діни туризм саласында туроператорлық қызметті жүзеге асыру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық даму министрі
А. Балаева

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және спорт министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сыртқы істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық
даму министрі
2021 жылғы 21 шілдедегі
№ 258 Бұйрыққа қосымша
  Қазақстан Республикасы
Дін істері және азаматтық
қоғам министрінің
2017 жылғы 22 қарашадағы
№ 166 бұйрығымен бекітілген

Діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызметті жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызметті жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі − Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 15-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызметтің жүзеге асырылу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) діни туризм саласындағы уәкілетті орган – діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      2) келу туризмі саласындағы туристік операторлық қызмет – қызметтің осы түріне лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлғалардың туристік өнімді қалыптастыру, оны Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрмайтын туристерге, оның ішінде турагенттер арқылы ұсыну және өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызметі;

      3) турист - уақытша болатын елге (жерге) 24 (жиырма төрт) сағаттан 1 (бір) жылға дейінгі кезеңге келетін және ақылы қызметпен айналыспай, сол елде (жерде) сауықтыру, танымдық, кәсіби-іскерлік, спорттық, діни және өзге де мақсаттарда кемінде 1 (бір) рет түнейтін жеке тұлға;

      4) туристік қызмет көрсетуге арналған шарт - өтемді туристік қызмет көрсету бойынша туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға мен туристің арасындағы келісім;

      5) туристік қызмет саласындағы уәкілетті орган – туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) туристiк операторлық қызмет (бұдан әрі – туроператорлық қызмет) – қызметтiң осы түрiне лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлғалардың шығу туризмі саласындағы туристiк өнiмдi қалыптастыру, турагенттер арқылы ұсыну және өткiзу және келу туризмі мен ішкі туризм саласындағы туристік өнімді қалыптастыру, туристерге, оның ішінде турагенттер арқылы ұсыну және өткiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметi;

      7) туристік оператор (бұдан әрі – туроператор) – туристік операторлық қызметті, ішкі туризм, келу немесе шығу туризмі саласындағы туристік операторлық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      8) туристік өнім – саяхат кезінде туристің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті барлық қажетті туристік көрсетілетін қызметтер кешені;

      9) шығу туризмі саласындағы туроператорлық қызмет – қызметтің осы түріне лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлғалардың туристік өнімді қалыптастыру, оны турагенттер арқылы туристерге ұсыну және өткізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бейрезиденті қалыптастырған туристік өнімді турагенттер арқылы туристерге ұсыну және өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызметі;

      10) ішкі туризм саласындағы туроператорлық қызмет – қызметтің осы түріне лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлғалардың туристік өнімді қалыптастыру, оны Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын туристерге, оның ішінде турагенттер арқылы ұсыну және өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызметі.

2-тарау. Діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызметті жүзеге асыру тәртібі

1-параграф. Шығу туризмі саласындағы діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызметті жүзеге асыру тәртібі

      3. Діни бірлестіктер адамдардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған шығу туризмін ұйымдастыру үшін туроператорлар арасында квота бөлу жөнінде конкурс (бұдан әрі – конкурс) өткізеді.

      Жыл сайын діни бірлестік пен қабылдаушы ел арасында діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызметті жүзеге асыру үшін туроператорларды іріктеу үшін қажетті құжаттардың өлшемшарттарымен және тізбесімен келісім жасалады.

      4. Діни бірлестіктер конкурс өткізу туралы ақпаратты өздерінің интернет-ресурстарында жариялайды.

      Конкурс өткізу туралы ақпарат мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) конкурсқа қатысуға арналған құжаттарды қабылдаудың күні мен уақыты;

      2) діни бірлестік пен қабылдаушы елдің арасындағы келісімге сәйкес қажетті құжаттардың тізбесі;

      3) конкурсқа қатысуға арналған құжаттарды тапсыру үшін діни бірлестіктің электрондық және пошталық мекенжайы.

      5. Конкурсқа қатысу үшін туроператорлар конкурс өткізу туралы ақпаратта көрсетілген құжаттарды қабылдаудың күні мен уақытынан кешіктірмей осы Қағидалардың 4-тармағының 2)- тармақшасына сәйкес құжаттарды электронды немесе қағаз форматында пошта арқылы не қолма-қол береді.

      6. Діни бірлестіктер туроператорлар ұсынған құжаттардың осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкестігін қарайды және діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызметті жүзеге асыру үшін туроператорларды айқындай отырып шешім шығарады.

      7. Конкурс қорытындылары бойынша туроператорлар арасында квотаны бөлу нәтижелері туралы діни бірлестіктердің шешімі діни қызмет саласындағы уәкілетті органға танысу үшін жолданады және діни бірлестіктің интернет-ресурсында жарияланады.

      8. Конкурс қорытындысы бойынша діни бірлестік пен іріктелген туроператор арасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туризмді ұйымдастыру бойынша өзара іс-қимыл туралы шарт (бұдан әрі – шарт) жасалады.

      9. Турист діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған шығу туризмін жүзеге асыру үшін туроператорды діни бірлестікпен шарт жасасқандар ішінен дербес өзі таңдайды.

      10. Діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған шығу туризмін жасауды жоспарлаған турист "Туристік қызмет көрсетуге үлгілік шартты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 81 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10604 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 81 бұйрық) бекітілген үлгілік шартқа сәйкес туроператормен туристік қызмет көрсету шартын жасасады.

      11. Туроператорлар Заңның 26-бабының 4-тармағына сәйкес туристерге саяхат басталудан үш күн бұрын жазбаша түрде уақытша болатын елге (жерге) бару, уақытша болған елден (жерден) шығу және сонда болу ережелері туралы, заңнамасы туралы, жергілікті халықтың салт-дәстүрлері туралы, діни әдет-ғұрпы, қасиетті орындар, табиғи, тарихи, мәдени ескерткіштер және туристерге көрсетілетін, ерекше қорғаудағы басқа да объектілер, қоршаған ортаның жай-күйі туралы, сондай-ақ саяхат жасаған кезде тап болуы мүмкін қауіптер туралы қажетті және дұрыс ақпаратты қамтитын саяхаттың ерекшеліктері туралы мәліметтер береді және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын жүзеге асырады.

      12. Туроператорлар туристік қызмет саласындағы уәкілетті орган мен азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органды, сондай-ақ туристің отбасын саяхат кезінде туристің төтенше жағдайға ұшырағаны туралы білген немесе білуге тиіс кезден бастап дереу хабардар етеді.

      Егер шетелдік туристер - Қазақстан Республикасының аумағында немесе Қазақстан Республикасының турист азаматтары Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде төтенше жағдайға ұшыраған болса, туроператорлар дипломатиялық қызмет органдарына да хабар береді.

      13. Туристік қызмет саласындағы уәкілетті орган туроператорлар мен туристерді елдегі (жердегі) уақытша болатын туристер үшін ықтимал қауiптер туралы хабардар етедi.

2-параграф. Келу және ішкі туризмі саласындағы діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызметті жүзеге асыру тәртібі

      14. Туроператорлар діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған келу туризімі және ішкі туризм саласындағы туристік өнімді қалыптастырады.

      15. Турист діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған келу туризімін және ішкі туризмді жүзеге асыру үшін туроператорды дербес өзі таңдайды.

      16. Діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған келу туризімін және ішкі туризмді жасауды жоспарлаған турист № 81 бұйрыққа сәйкес туроператормен туристік қызмет көрсету шартын жасасады.

      17. Туроператорлар туристерге саяхат басталудан үш күн бұрын жазбаша түрде осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген мәліметтерді береді.

      18. Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда туроператорлар осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкес органдарға дереу хабар береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады