Қалдықтарды жинақтау лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттерін әзірлеу және бекіту, қалдықтарды басқару туралы есептілікті ұсыну және бақылау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 19 шiлдедегі № 261 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 23 шiлдеде № 23675 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 334-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қалдықтарды жинақтау лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттерін әзірлеу және бекіту, қалдықтарды басқару туралы есептілікті ұсыну және бақылау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде берілген тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2021 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи ресурстар
министрінің м.а.
С. Брекешев

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрінің
м.а.
2021 жылғы 19 шілдедегі № 261
бұйрығымен бекітілген

Қалдықтарды жинақтау лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттерін әзірлеу және бекіту, қалдықтарды басқару туралы есептілікті ұсыну және бақылау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қалдықтарды жинақтау лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттерін әзірлеу және бекіту, қалдықтарды басқару туралы есептілікті ұсыну және бақылау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 334-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және қалдықтарды жинақтау лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттерін, қалдықтарды басқару туралы есептілікті ұсыну және бақылау тәртібін айқындайды.

      2. Қоршаған ортаның қорғалуын және адамның өмірі мен (немесе) денсаулығы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, көмуге жататын қалдықтардың санын азайту және оларды қайта пайдалануға, қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға дайындауды ынталандыру мақсатында белгіленеді:

      1) I немесе ІІ санаттағы объектінің құрамына кіретін қалдықтардың әрбір нақты жинақталу орны үшін қалдықтардың Кодекстің 320-бабының талаптарына сәйкес белгіленген мерзім шегінде тиісті жинақтау орнында қоймалауға рұқсат етілген түрлері бойынша олардың шекті саны (массасы) түрінде - қалдықтардың жинақталу лимиттері;

      2) I және II санаттағы объектінің құрамына кіретін қалдықтардың әрбір нақты полигоны үшін қалдықтардың тиісті полигонда көмуге рұқсат етілген түрлері бойынша олардың шекті саны (массасы) түрінде;

      I немесе II санаттағы объектінің құрамына кіретін тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын қоймалаудың әрбір нақты объектісі үшін тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын тиісті қоймалау объектісіне он екі айдан астам мерзімге қоймалауға және ұзақ мерзімді сақтауға рұқсат етілген тау-кен өндіру өнеркәсібі қалдықтарының түрлері бойынша олардың шекті саны (массасы) түрінде - қалдықтарды көму лимиттері белгіленеді.

      3. Қалдықтардың жинақталу лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттері I және II санаттағы объектілер үшін тиісті экологиялық рұқсаттарда белгіленеді.

      III және IV санаттағы объектілер үшін қалдықтардың жинақталу лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттері белгіленбейді.

2-тарау. Қалдықтарды жинақтау лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттерін әзірлеу және бекіту тәртібі

      4. Қалдықтарды жинақтау лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттерін негіздеу және бекіту қалдықтарды басқару бағдарламасында жүзеге асырылады. Қалдықтарды басқару бағдарламасы I және II санаттағы операторлар үшін қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы негізгі, базалық құжат болып есептеледі және экологиялық рұқсаттың ажырамас бөлігі болып табылады.

      5. Қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу алдында қалдықтардың түзілу көлемдерін айқындау, қалдықтардың түрлері мен қауіптілігі бойынша жинақталу лимиттерін және ластаушы заттардың жер асты суларына, іргелес аумақтардың топырақтарына жылыстау дәрежесін, эолдық сейілту мен рекультивацияның ұтымдылығын ескере отырып, қалдықтарды көму лимиттерін есептеу жүргізіледі.

      6. Қалдықтардың түзілу көлемін айқындау I және II санаттағы объектінің операторы бекіткен өндірістік процестердің технологиялық регламенттерінде қамтылған нормалардың, шикізат шығысы туралы мәліметтердің, анықтамалық құжаттардың, материалдық-шикізат балансының негізінде және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нұсқаулық-әдістемелік құжаттарға (олар болған кезде) сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Қалдықтарды жинақтау лимиттерін айқындау кезінде қоршаған орта компоненттерінің қайталама ластануын болдырмауды, қалдықтарды өңдеу, қалпына келтіру немесе жою үшін беру кезеңділігін қамтамасыз ететін жағдайлар, сондай-ақ қалдықтардың түзілуін қысқарту, оларды қайта пайдалануға, қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға дайындау үлесін ұлғайту бойынша ұсынылатын шаралар ескеріледі.

      8. Қалдықтарды көму лимиттері сапаның экологиялық нормативтеріне қол жеткізу және сақтау мақсатында қалдықтарды көму және тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын қоймалау объектісінің сыйымдылығын ескере отырып, атмосфералық ауаға, жер асты сулары мен топырақтарға теріс антропогендік әсерді барынша азайту және болдырмау шарттарын сақтай отырып айқындалады.

      9. Қалдықтарды басқару бағдарламасы Кодекстің 5 және 328-баптарында белгіленген қағидаттарды сақтай отырып әзірленеді және үшінші тұлғалардан түзілетін және (немесе) алынатын қалдықтардың көлемі мен құрамы, оларды жинақтау, жинау, тасымалдау, залалсыздандыру, қалпына келтіру және жою тәсілдері туралы мәліметтерді, сондай-ақ қалдықтардың түзілуін қысқарту, оларды қайта пайдалану, қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін ұлғайту бойынша ұсынылатын шаралардың сипаттамасын қамтиды.

3-тарау. Қалдықтарды басқару туралы есептілікті ұсыну және бақылау тәртібі

      10. I және II санаттағы объектілердің операторлары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Кодекстің 187-бабына сәйкес өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша кезеңдік есептерді, сондай-ақ Кодекстің 384-бабының талаптарына сәйкес қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу үшін құжаттаманы ұсынады.

      11. Кодекске сәйкес I және II санаттағы объектілер операторларымен ұсынылатын мерзімді есептілік мемлекеттік органдарды, мүдделі жеке және заңды тұлғаларды қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге қатысты технологиялық, экономикалық, құқықтық және басқа да шешімдерді бағалау, болжау, әзірлеу, сондай-ақ қалдықтардың жалпы мемлекеттік кешенді есебін жүргізу үшін ақпаратпен қамтамасыз етуге арналған.

      12. Қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы объектілер операторларынан түсетін есептілікті талдау, өзектілендіру және жүйелеу нәтижелері бойынша сәйкессіздіктерді, алшақтықтарды және дәлсіздіктерді анықтауды мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады