ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
"Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 74-бабының 11-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мүлікті әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидалары бекітілсін.
2. Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі |
А. Иргалиев |
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 8 қазандағы № 91 бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік мүлікті әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік мүлікті әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидалары "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 74-бабының 11-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік мүлікті әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) баланс ұстаушы – объект жедел басқару немесе шаруашылық жүргізу құқығымен бекітілген мемлекеттік заңды тұлға;
2) жалға беруші – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган (жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган) не жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты, сондай-ақ аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі;
3) жалдаушы (жалға алушы) – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) болып табылады.
2-тарау. Мемлекеттік мүлікті әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) беру тәртібі 1-параграф. Тендер өткізуге дайындық
3. Мемлекеттік мүлікті әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) беру тендерлік негізде жүзеге асырылады.
Жалға беруші тендерді ұйымдастырушы ретінде әрекет етеді.
4. Жалға беруші мемлекеттік мүлік тізілімінің (бұдан әрі – тізілім) веб-порталында тендер өткізу туралы хабарламаны ол өткізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын қазақ және орыс тілдерінде жариялауды қамтамасыз етеді.
5. Тендер өткізу туралы хабарламада мынадай мәліметтер қамтылады:
1) жалға берушінің атауы;
2) тендер өткізу шарттары және тендерге қатысушыға қойылатын талаптар;
3) тендер объектісінің қысқаша сипаттамасын;
4) тендерді өткізу күні, уақыты;
5) тендерге қатысуға өтінімді қабылдау мерзімдері;
6) мүліктік жалдау (жалға алу) мерзімі және жалдау ақысының бастапқы мөлшерлемесінің мөлшері;
7) жалдау төлемін төлеу кезеңділігі;
8) кепілдік жарнаның мөлшері, оны енгізу мерзімі мен банк деректемелері;
9) тендерге қатысу үшін қажетті құжаттар тізбесі;
10) шарт жасасу мерзімі;
11) тендер объектісінің мекенжайы, онымен танысу мерзімдері мен шарттары.
6. Тендер өткізу туралы хабарлама жарияланғаннан кейін жалға беруші тізілімнің веб-порталы арқылы объект туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді, ал баланс ұстаушы объектіні тексеруге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
7. Тендерді дайындау және өткізу кезінде жалға беруші:
1) тендерлік комиссияны қалыптастырады;
2) тендер өткізу мерзімдерін айқындайды;
3) тендерлік құжаттаманы дайындайды;
4) тізілімнің веб-порталында тендер өткізу туралы хабарламаны жариялайды;
5) шарт жобасын дайындауды жүзеге асырады;
6) тендерлік комиссия отырысының хаттамаларына қол қояды;
7) тендер жеңімпазымен шарт жасасуды қамтамасыз етеді.
8. Тендерлік құжаттамада мыналар қамтылады:
1) тендер объектісі туралы оның нысаналы мақсаты көрсетілген мәліметтер;
2) өтінімнің және онымен бірге ұсынылатын құжаттардың мазмұны бойынша талаптар;
3) тендер шарттары;
4) тендер өткізу тәртібі;
5) шарт жобасы.
9. Тендерлік комиссияның құрамын қалыптастыру, оның отырыстарын өткізу, өкілеттілігі, кепілдік жарнаны енгізу және қайтару Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 212 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 17 наурызда № 10467 болып тіркелген) Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 16, 17 және 21-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.
10. Тендердің шарттары өзгерген не тендердің күші жойылған жағдайда баланс ұстаушының өтініші бойынша жалға беруші тізілімнің веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде тендердің өзгеруі немесе күшін жою туралы хабарламаны ол өткізілгенге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын жариялайды.
Тендер шарттарының өзгеруі не тендердің күшін жою туралы хабарлама жарияланғанға дейін тендерге қатысуға өтінім берген тұлғаларға тізілімнің веб-порталында электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып қол қойылған кепілдік жарнаны қайтаруға арналған өтініш негізінде кепілдік жарна қайтарылады.
2-параграф. Тендер өткізу
11. Тізілім веб-порталында тендер демалыс және "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мереке күндерін қоспағанда, сейсенбіден жұмаға дейін өткізіледі. Тендер Нұр-сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден 13:00-ге дейінгі кезеңде басталады және тендер өткізілетін күні аяқталады.
12. Тендерге қатысушыларды тізілімнің веб-порталында тіркеу тендер өткізу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және тендер өткізілгенге дейін бес минут бұрын аяқталады, содан соң қатысушылар берілген өтінімді кері қайтара алмайды.
13. Қатысушы ретінде тіркелу үшін тізілімнің веб-порталында Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру жөніндегі тендерге қатысушының электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған өтінімді (бұдан әрі – өтінім) тіркеу қажет.
14. Тендерге қатысу үшін қатысушы тізілімнің веб-порталында алдын ала мыналарды көрсете отырып тіркелуі қажет:
1) дара кәсіпкерлер үшін: жеке сәйкестендіру нөмірі, тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);
2) заңды тұлғалар үшін: бизнес сәйкестендіру нөмірі, толық атауы, бірінші басшының тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);
3) екінші деңгейдегі банктегі есеп айырысу шотының деректемелері;
4) қатысушының байланыс деректері (пошталық мекенжайы, телефоны, электрондық пошта мекенжайы);
5) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінен үзінді көшірме.
Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген кезде қатысушы өзгерістер болған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде өзектендірілген деректерді мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталына енгізеді.
15. Қатысушылар тендерді өткізу туралы хабарламада көрсетілген қатысушыға қойылатын талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың электрондық (сканерленген) көшірмелерін қоса бере отырып, тізілімнің арнайы бөлінген веб-парағында электрондық конвертке жүктелетін тендерлік шарттармен келісімі мен баға ұсынысын қамтитын өтінімді тіркейді.
16. Өтінімдер және оларға қоса берілетін қатысушылардың электрондық (сканерленген) құжаттарының көшірмелері тізілімнің веб-порталында сақталады және тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген уақыт пен күнге дейін жүктеу және қарау үшін қолжетімсіз.
17. Қатысушының осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген талаптарды сақтамауы, сондай-ақ бірыңғай оператордың шотына тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген кепілдік жарнаның түспеуі тізілім веб-порталының өтінімді қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.
18. Бірыңғай оператордың шотына кепілдік жарнаның түскені туралы мәліметтер, сондай-ақ тендерлік шарттармен келісуді және баға ұсынысын қамтитын өтінім болған жағдайда, тізілімнің веб-порталы өтінімді қабылдауды жүзеге асырады.
Тізілім веб-порталы автоматты түрде қатысушының тізілім веб-порталында көрсетілген электрондық мекенжайына өтінімді қабылдау не өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы электрондық хабарлама жібереді.
19. Егер тендер басталған сәтте қатысушылардың тіркелген өтінімдері болмаса, тізілім веб-порталында тендер автоматты түрде өткізілмеген болып танылады.
20. Тізілімнің веб-порталы тендерді өткізу туралы хабарламада көрсетілген тендер күні мен уақытының басталуы бойынша өтінімдерді ашуды автоматты түрде жүргізеді.
21. Тендер өткізу кезінде объект үшін жалдау ақысының ең жоғары сомасын ұсынған және тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген талаптарға сай келетін жалғыз қатысушы немесе тендерге қатысушы жеңімпаз деп танылады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің әртүрлі санатына жататын қатысушылар ұсынған жалдау ақысының сомалары сәйкес келген (тең болған) жағдайда, тендер жеңімпазын айқындау мынадай ретпен/басымдықпен жүзеге асырылады:
1) бірінші санат;
2) екінші санат;
3) үшінші санат;
4) төртінші санат.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің бір санатына жататын қатысушылар ұсынған жалдау ақысының сомасы сәйкес келген (тең болған) жағдайда, өтінімді бұрын тіркеген қатысушы жеңімпаз болып танылады.
3-параграф. Тендер нәтижелерін ресімдеу
23. Жалға беруші тендер өткізілген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде шарттың жобасын қалыптастырады және оны тізілімнің веб-порталы арқылы жеңімпазға жібереді.
24. Шарт тізілімнің веб-порталында электрондық форматта жасалады және тендер өткізілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, жалға беруші мен жалға алушы қол қояды және шарттың сәйкестендіргішін көрсете отырып, веб-порталда тіркеледі.
25. Жеңімпаз белгіленген мерзімде шартқа қол қоймаған жағдайда, жалға беруші электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын тендер нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды.
26. Кемінде бір жыл мерзімге жасалған жылжымайтын мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шарты құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркелуге жатады.
Шарттардың құқықтық кадастрында мемлекеттік тіркеу жалға алушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
27. Енгізілген кепілдік жарнаның сомасы жеңімпазға жасалған шарт бойынша тендер объектісін пайдаланғаны үшін төлем есебіне есептеледі.
3-тарау. Объектіні қабылдау-тапсыру актісі бойынша беру
28. Шартқа қол қойылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде объектіні баланс ұстаушы қабылдау-тапсыру актісі бойынша жалға алушыға береді, оған баланс ұстаушы, жалға алушы қол қояды және жалға беруші бекітеді.
Шарт бұзылған немесе мерзімі өткен кезде жалға алушы объектіні баланс ұстаушыға шарт бұзылған күннен немесе шарттың аяқталу мерзімінен кешіктірмей, баланс ұстаушы, жалға алушы қол қоятын және жалға беруші бекітетін қабылдау-тапсыру актісі бойынша қайтарады.
Жалға беруші объектіні қабылдау-тапсыру актісі бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде ол жөніндегі мәліметтерді тізілімге енгізеді.
29. Қабылдау-тапсыру актісінде:
1) актінің жасалған орны мен күні;
2) оларға сәйкес өкілдердің тараптардың мүдделерін білдіруге уәкілетті құжаттардың атауы мен деректемелері;
3) соған сәйкес объектіні беру жүргізілетін шарттың нөмірі мен қол қойылған күні;
4) берілетін объектінің атауы, оның орналасқан жері, анықталған ақаулықтардың тізбесі бар техникалық сипаттамалары мен жай-күйі көрсетіледі.
30. Қабылдау-тапсыру актісіне тараптардың өкілдері қол қояды және мөрлермен (бар болса) куәландырылады.
31. Қабылдау-тапсыру актісі қазақ және орыс тілдерінде үш данада жасалады, оның біреуі жалға берушіде, біреуі баланс ұстаушыда сақталады және біреуі жалға алушыға беріледі.
32. Жалға беруші жалдау ақысының мөлшерлемесін есептеу кезінде Қағидалардың 49-тармағында белгіленген базалық мөлшерлемелерді және қолданылатын коэффициенттердің мөлшерін басшылыққа алады.