БҰЙЫРАМЫН:
1. "Деңгейлес мониторинг жөніндегі пилоттық жобаны жүргізудің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 1 шілдедегі № 648 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20916 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 68-бабы 1-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Деңгейлес мониторинг жөніндегі пилоттық жобаны жүргізудің қағидаларында:
6, 7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Пилоттық жобаны іске асыру мынадай:
осы Қағидалардың 7-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген салық төлеушілер бойынша Өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылған күннен бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі;
осы Қағидалардың 7-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілер бойынша – көрсетілген тармақшамен белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылады.
7. Мыналар:
1) мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, Өзара іс-қимыл туралы келісім жасау туралы өтініш берілген күнге бір мезгілде мынадай:
Өзара іс-қимыл туралы келісім жасасу туралы өтініш берілген жылдың алдындағы жыл үшін корпоративтік табыс салығы туралы декларация бойынша салық төлеушінің декларациясына сәйкес салық кезеңінің соңында тіркелген активтердің құндық теңгерімдерінің сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және Өзара іс-қимыл туралы келісім жасасу туралы өтініш берілетін жылдың соңында қолданыстағы кемінде 325 000 еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайтын;
қосылған құн салығын қайтаруды есепке алмағанда, салық төлеуші төлеген салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің және оның міндеттемелері бойынша әлеуметтік төлемдердің сомасы Өзара іс-қимыл туралы келісімді жасау туралы өтініш берілетін жылдың алдындағы күнтізбелік жыл үшін кемінде 1 (бір) миллиард теңгені құрайтын;
салық төлеушінің бухгалтерлік және (немесе) салықтық есепті автоматтандыру үшін көзделген бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдана отырып, бухгалтерлік және салық есебін жүргізуі;
егер бар болса аудиторлық ұйымның аудиторлық қорытындысымен расталған Өзара іс-қимыл туралы келісім жасасу туралы өтініш берілетін кезеңнің алдындағы қаржы жылы үшін қаржылық есептілігінің болуы;
ішкі бақылау жүйесінің болуы;
Өзара іс-қимыл туралы келісімді жасау туралы өтініш берілген күнгі жағдай бойынша, Салық кодексінің 17-тарауына сәйкес қолданылатын, мемлекеттік кірістер органдарының тәуекелдерді басқару жүйесінің бағалауына сәйкес салық төлеушінің тәуекел деңгейі төмен немесе орташа болуы шарттарына сәйкес келетін коммерциялық ұйым болып табылатын салық төлеушілер;
2) акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі салық төлеушілер не олармен үлестес заңды тұлғалар, немесе олармен аффилиирленген заңды тұлғалар, сондай-ақ акцияларының 50 және одан көп пайызы аталған заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғалар.
Бұл ретте деңгейлес мониторинг бойынша пилоттық жобаны іске асыру мынадай мерзімдерде жүзеге асырылады:
телекоммуникация саласындағы салық төлеушілер бойынша – 2020 жылғы 1 тамыздан 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін;
газ тасымалдау саласындағы салық төлеушілер бойынша – 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін;
электр энергетикасы саласындағы салық төлеушілер, оның ішінде басқарушы (бас) компаниялар бойынша – 2021 жылғы 1 сәуірден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін;
тау-кен саласының салық төлеушілері бойынша – 2021 жылғы 1 сәуірден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін;
жүк тасымалы, мұнай тасымалдау саласындағы, мұнай өндіру және мұнай өңдеу саласындағы салық төлеушілер бойынша – 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін;
авиация саласындағы төлеушілер бойынша – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті органдар мен көрсетілген келісімдерге (келісімшарттарға) сәйкес мұнайгазконденсаты немесе теңіз кен орны, сондай-ақ олардың еншілес немесе байланысты компаниясы қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар арасында жасалған өнімдерді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда) көрсетілген сенімді тұлғалар (оператор) және (немесе) жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар);
4) инвестициялық басым жобаларды іске асыратын ұйымдар Пилоттық жобаға қатысушылар болып табылады.
8. Осы Қағидалардың 7-тармағы 2) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілердің тізбесін (бұдан әрі – тізбе) Комитет бекітеді және ол бекітілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Комитеттің интернет-ресурсында орналастырады.
Тізбеге енгізілген салық төлеушілер осы Қағидалардың 7-тармағы 2) тармақшасында айқындалған күндерге сәйкес Пилоттық жобаның қатысушылары болады және Комитеттің интернет-ресурсында тізбе орналастырылған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде Өзара іс-қимыл туралы келісімдер жасайды.";
10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Осы Қағидалардың 7-тармағы 1), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген салық төлеушілердің жоба алдындағы жұмысқа қатысуға өтініші Комитетке ерікті негізде және еркін нысанда жіберіледі.
Өтініш келу тәртібінде беріледі немесе хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі. Комитет Өтінішті қабылдаған күн оның келіп түскен күні болып табылады.
Өтінішті қарау келіп түскен сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Комитет Өтінішті қарау нәтижелері бойынша:
1) салық төлеушіге Комитеттің бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қол қойған 2 (екі) данасымен қоса бере отырып, салық төлеушімен Өзара іс-қимыл туралы келісім жасасуға келісетіні туралы жазбаша түрде хабарлайды;
2) салық төлеуші осы Қағидалардың 7-тармағы 1, 3) және 4) тармақшаларында белгіленген шарттарға сәйкес келмеген кезде негізделген себептерді көрсете отырып, Өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қоюдан жазбаша бас тартуды жібереді.
11. Салық төлеушілердің деңгейлес мониторингке кіруі үшін қажетті ішкі бақылау жүйесін және есептік ақпараттық жүйелерді зерттеу және дайындау бойынша жоба алдындағы жұмыстар Өзара іс-қимыл туралы келісім шеңберінде реттеледі.
Бұл ретте жоба алдындағы жұмыстарды іске асыру Өзара іс-қимыл туралы келісім жасалған күннен бастап 12 (он екі) ай мерзімді құрайды. Жоба алдындағы жұмысты іске асыру тараптардың келісімі бойынша, бірақ 6 (алты) айдан аспайтын мерзімге ұзартылады.
Салық төлеушілердің, мемлекеттік кірістер органдарының құқықтары мен міндеттері, жоба алдындағы жұмыстардың шеңберінде алынған ақпаратқа қатысты салық құпиясын сақтау және құпиялылық режимін сақтау шарттары да Өзара іс-қимыл туралы келісімде реттеледі.
Өзара іс-қимыл туралы келісім шеңберінде ішкі бақылау жүйелерін зерделеу және диагностика жасау, ақпараттық жүйелерді зерделеу және диагностика жасау, одан әрі салық төлеуші мен Комитет арасында ақпарат алмасу үшін іс-шараларды, іске асыру мерзімдерін және жауапты тұлғаларды көрсете отырып жол картасы бекітіледі.
Жоба алдындағы жұмыс қашықтықтан да (оның ішінде салық төлеушінің есептік деректер мен ішкі бақылау жүйесіне қашықтан қол жеткізуді ұсынуы арқылы), сол сияқты Пилоттық жоба қатысушысының орналасқан жеріне және (немесе) оның негізгі активтері орналасқан жерге барып та (қажет болған жағдайда салық төлеушінің ішкі бақылау жүйесін және оның ақпараттық жүйелерін физикалық тексеру) жүргізіледі.
Жоба алдындағы жұмыс қорытындылары және ішкі бақылау жүйесіне, есептік ақпараттық жүйелерге және деректермен ақпараттық алмасу жүйесіне дұрыстығы және толықтығы мәселелері жөнінде талаптарды әзірлеу бойынша Комитет Пилоттық жобаға қатысушыға ішкі бақылау жүйесін, ақпараттық жүйелерді және деректермен ақпараттық алмасу жүйесіне сәйкес келтіру бойынша еркін нысанда ұсыным ретінде жібере алады.";
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Пилоттық жоба туралы келісімде және осы Қағидаларда көзделген сұрау салулар мен хаттарға жауаптарды Пилоттық жоба қатысушысы электрондық пошта арқылы, қолма-қол немесе Пилоттық жоба туралы келісімде көрсетілген мекенжайларға хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы сұрау салуларда, Пилоттық жоба туралы келісімде және осы Қағидаларда көрсетілген мерзімде жібереді, және оған Пилоттық жоба қатысушысының басшысы не оны алмастыратын адам қол қояды.
Салықтық міндеттемелерді орындау мәселелері бойынша түсіндірулер, сондай-ақ жоспарланған мәмілелер бойынша алдын ала түсіндірулер Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен ұсынылады.
Алдын ала түсіндірулер беру туралы сұрау салуды Пилоттық жоба қатысушысы Комитетке осындай сұрау салуда көрсетілген мәліметті растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша нысанда береді.
Нақтылауды қажет ететін және алдын ала түсіндіруді дайындау үшін маңызы бар мәселелер бойынша алдын ала түсіндіруді дайындау барысында Комитет Пилоттық жобаның қатысушысын қосымша түсіндіруді алу үшін шақырады.
Бұл ретте салық міндеттемелерін орындау мәселелері бойынша түсіндірулер, сондай-ақ жоспарланатын мәмілелер бойынша алдын ала түсіндірулер даулы мәселелер туындаған кезде ескерілетін, жобаға қатысушы ұсынған мәліметтер мен құжаттар шегінде ұсынылады.".
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Е. Жамаубаев |