"Есеп саясатын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 7 қыркүйектегі № 444 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 28 желтоқсандағы № 1342 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 30 желтоқсанда № 26279 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Есеп саясатын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2010 жылғы 7 қыркүйектегі № 444 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6505 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Есеп саясатында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Есеп саясаты Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларына (бұдан әрі – Бухгалтерлік есепке алу қағидалары) сәйкес әзірленген.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілікті жасауы және ұсынуы "Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 1 тамыздағы № 468 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15594 болып тіркелген) бекітілген Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасауы және ұсынуы "Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 640 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14624 болып тіркелген) Бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерi мен бюджеттi атқару жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi органдардың шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу тәртібі "Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есепке алу шоттарының жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 15 маусымдағы № 281 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6314 болып тіркелген) бекітілген Бухгалтерлік есепке алу қағидаларына және Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есепке алу шоттарының жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Мемлекеттік мекеме дебиторлармен есеп айырысуларды түгендеу нәтижелері бойынша есепті кезеңнің соңына сатып алушылармен және тапсырыс берушілермен жасалған шарттар бойынша күмәнді берешекті өндіріп алу жөніндегі жұмыстың нәтижелерін ескере отырып, түгендеу комиссиясының актісіне сәйкес қабылданған мемлекеттік мекеме басшысының шешімі негізінде:

      1) төлеу мерзімін кешіктіру туындаған кезде күмәнді борыштар бойынша резерв құрайды:

      180 күннен 1 жылға дейін - берешек сомасынан 50% мөлшерінде;

      1 жылдан асқанда - берешек сомасынан 100% мөлшерінде.

      Егер кейіннен күмәндіге жатқызылған дебиторлық берешекті қайтару жүзеге асырылса, онда күмәнді дебиторлық берешек бойынша резервтерді құру жөніндегі бұрын танылған шығысты қалпына келтіру керек.

      2) өндіріп алу үшін мынадай үмітсіз дебиторлық берешекті есептен шығарады:

      өндіріп алудан сот бас тартқан, оның ішінде талап арыздың мерзімі өтіп кету себебі бойынша;

      борышкердің мүлкінің жеткіліксіздігіне байланысты оны тарату кезінде, сондай-ақ тарату балансы бекітілгенге дейін кредитор мәлімдеген кезде қанағаттандырылмаған;

      егер міндеттеме борышкердің қайтыс болуымен тоқтатылса, егер орындау борышкердің жеке қатысуынсыз жүргізілмесе не міндеттеме борышкердің жеке басымен өзгеше түрде тығыз байланысты болса;

      төрелік шешімдерінің не тараптар арасында дауды бейбіт реттеу туралы келісім жасасу негізінде;

      "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 26-бабының 7-тармағына сәйкес, оқудан шығарылған курсанттар мен кадеттерден қаражатты мемлекет кірісіне өндіріп алу мәселелері бойынша 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін заңды күшіне енген сот актілері бойынша қозғалған атқарушылық іс жүргізуді тоқтату негізінде.";

      92-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "92. Бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден түскен кірістер (мемлекеттік баж, алымдар мен төлемақылар) уәкілетті мемлекеттік органдар "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген тиісті декларацияларды, мәліметтерді немесе есеп айырысуларды ұсынған кезде туындайды.

      Салықтық емес түсімдер (айыппұлдар мен өсімпұлдар) бюджетке ақшалай қаражат түскен кезде кіріс деп танылады.

      Алынатын сома активті айқындауды қанағаттандыратын және активті тану өлшемшарттарын қанағаттандыратын жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдар кіріс ретінде танылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі Е. Жамаубаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады