Зеренді аудандық мәслихатының 2017 жылғы 6 ақпандағы № 10-83 "Зеренді ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы Зеренді аудандық мәслихатының 2021 жылғы 22 қаңтардағы № 2-11 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 1 ақпанда № 8342 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы Зеренді аудандық мәслихатының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 13-95 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Зеренді аудандық мәслихатының 26.12.2023 № 13-95 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес, Зеренді аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Зеренді аудандық мәслихатының "Зеренді ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2017 жылғы 6 ақпандағы № 10-83 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5756 тіркелген, 2017 жылғы 3 наурызда "Зерделі-Зеренді", "Зерен" аудандық газеттерінде жарияланған) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген, Зеренді ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:

      5 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "5. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1 тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1 тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1 тармағының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.";

      7 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "7. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндердің тізбесі, сондай–ақ әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні (бір рет);

      2) 26 сәуір – Чернобыль атом электростанциясының апаттарын жоюды еске алу күні (бір рет);

      3) 9 мамыр – Жеңіс күні (бір рет);

      4) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні (бір рет);

      5) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні (бір рет);

      6) 1 қазан – Қарттар күні (бір рет);

      7) Қазақстан Республикасының мүгедектер күні – қазанның екінші жексенбісі (бір рет);

      8) 1– 2 қаңтар – Жаңа жыл (бір рет).";

      9 тармақтың 4) тармақшасы жаңа редакцияда баяндалсын:

      "4) Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай:

      саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына және саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендерге;";

      9 тармақтың 9) тармақшасы жаңа редакцияда баяндалсын:

      "9) әлеуметтік көмек табыстарын есепке алмай келесі азаматтарға (отбасыларына) көрсетіледі:

      табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға), өмірлік қиын жағдай туындағаннан кейін, үш айдан кешіктірмей "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті Зеренді ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі" республикалық мемлекеттік мекемесінің анықтамасы негізінде 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатын 1, 2, 3 топтағы мүгедектерге, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет;

      уәкілетті ұйымның тізімі және ауруын растайтын анықтама негізінде, туберкулезбен ауыратын адамдарға, бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 6 ай бойы ай сайын;

      адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруы бар азаматтарға дәрігерлік - консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет;

      денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруы бар балаларға дәрігерлік - консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде екі еселік ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде ай сайын;

      химиялық алдын алу кезеңінде туберкулез жұқтырған балаларға туберкулез диспансерінің тізімі бойынша 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет;

      қатерлі ісіктер бар азаматтарға дәрігерлік-консультациялық комиссиясының қорытындысы негізінде 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет;

      аз қамтылған отбасылардан, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарынан шыққан, күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын колледж студенттеріне оқу орнымен жасасқан келісім шарттың көшірмесі, оқу орнынан берілген анықтама, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің қолдаухаты, және төлеу туралы квитанциялары негізінде оқу шығындарын 100 пайызы мөлшерінде өтеу;

      жоғары медициналық оқу орындарында оқитын аз қамтылған отбасылардан, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарынан шыққан, студенттерге оқуды аяқтағаннан кейін, Зеренді ауданында жұмысты өтеуді ескере отырып оқу шығындарын 100 пайызы мөлшерінде өтеу. Төлем білім беру орынымен жасасқан келісім шарттың көшірмесі, аудан әкімі, Зеренді аудандық ауруханасының бас дәрігері және студент арасында жасалған үш жақты келісім шарты, оқу орнынан берілген анықтама, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің қолдаухаты негізінде көрсетіледі;

      халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарынан шыққан, кәмелетке толмаған балаларды жерлеуге, баланың қайтыс болғанын растайтын құжат негізінде 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет;

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарға, коммуналдық қызметтерді төлеу құнының 100 пайызы мөлшерінде, жылу беру маусымына қатты отынға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, байланыс қызметтеріне телефон үшін абоненттік төлем құны мөлшерінде, газбен жабдықтауға, өтеу күніне ауданда қалыптасқан орташа статистикалық бағалар бойынша, айына бір баллон құны мөлшерінде, облыстық бюджеттен бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен ай сайын;

      коммуналдық қызмет шығындарын әлеуметтік көмек алушылардың жеке шоттарына өтініш бойынша ай сайын көрсетіледі:

      осы санат бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатын жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлеріне, 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне Қазақстан Республикасының аумағы бойынша емделу орындарына бару үшін - бір рет, темір жол (плацкартты вагон), автокөліктік жолаушылар көлігі (таксиден басқа) төлемдер құнынан 100 пайыз мөлшерінде;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, босатылған туралы анықтаманы ұсыну арқылы, алты айдан кешіктірмей, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет;";

      11 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "11. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.";

      15, 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 24 тармақтар алып тасталсын;

      25 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "25. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.".

      2. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы Б.Дюсембекова
      Зеренді аудандық
мәслихатының хатшысы
К.Аугалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Зеренді ауданының әкімдігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады