Ақтөбе облысының ауылдық жеріне және кенттеріне, аудандық маңызы бар қалаларына жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы

Жаңартылған

Ақтөбе облыстық мәслихатының 2021 жылғы 17 мамырдағы № 37 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 21 мамырда № 8303 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 12-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабына сәйкес, Ақтөбе облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Ақтөбе облысының ауылдық жеріне, кенттеріне және аудандық маңызы бар қалаларына жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне (берілген күні 3 (үш) жылдан аспайтын диплом алған жас мамандарға) әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі:

      әлеуметтік қолдау 3 000 000 (үш миллион) теңге мөлшерінде бір жолғы төлем түрінде белгілеу жолыменайқындалсын.

      Ескерту. 1 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облыстық мәслихатының 09.06.2023 № 28 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      2. Ақтөбе облысының ауылдық жеріне және кенттерге, аудандық маңызы бар қалаларға жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiне бюджет қаражаты есебінен әлеуметтiк қолдау көрсету тәртiбi мен мөлшері осы шешiмнiң қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      3. Облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 11 желтоқсандағы № 490 "Ақтөбе облысының ауылдық жерге жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiн әлеуметтiк қолдау шараларының жүйесiн айқындау туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6569 тіркелген) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      4. "Ақтөбе облыстық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы шешімді Ақтөбе облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы шешімді ресми жарияланғаннан кейін оны Ақтөбе облысы мәслихатының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      5. Осы шешімнің орындалуын бақылау жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына және облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасына жүктелсін.

      6. Осы шешiм оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiлсін.

      Облыстық мәслихаттың
сессия төрағасы
А. Айтжанов
      Облыстық мәслихаттың хатшысы А. Нугманов

  2023 жылғы 17 мамырдағы
№ 37 облыстық мәслихаттың
шешіміне қосымша

Ақтөбе облысының ауылдық жеріне және кенттеріне, аудандық маңызы бар қалаларына жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiне бюджет қаражаты есебінен әлеуметтiк қолдау көрсету тәртiбi мен мөлшері

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Ақтөбе облыстық мәслихатының 09.06.2023 № 28 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      1. Негiзгi ұғымдар:

      1) әлеуметтiк қолдау көрсету жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) – "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесі;

      2) жұмыс берушi - медицина (фармацевтика) қызметкерiмен еңбек шартын жасасқан тиісті бюджеттен қаржыландырылатын денсаулық сақтау ұйымы;

      3) ауылдық жерге және кенттерге, аудандық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина қызметкерлері (бұдан әрі - қызметкерлер) - кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын, ауылдық жерге және кенттерге, аудандық маңызы бар қалаларға уәкілетті орган жұмысқа жіберген жеке тұлғалар;

      4) ауылдық жерге және кенттерге, аудандық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген фармацевтика қызметкерлері (бұдан әрі - қызметкерлер) - жоғары фармацевтикалық білімі бар және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын, ауылдық жерге және кенттерге, аудандық маңызы бар қалаларға уәкілетті орган жұмысқа жіберген жеке тұлғалар.

      2. Жұмыс берушiмен еңбек шарты жасалғаннан кейін 5 (бес) жылдан кем емес мерзімге ауылдық жерге және кенттерге, аудандық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген қызметкер біржолғы төлемге әлеуметтiк көмек алу құқығына ие болады.

      Осы бес жыл мерзіміне қызметкердiң бала күтуге байланысты еңбек ақысы сақталмайтын демалыста болған уақыты, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақпен куәландырылған екi айдан аса еңбекке жарамсыздық кезеңi кiрмейдi.

      3. Қызметкерге әлеуметтiк қолдау көрсету облыстық бюджеттiң қаражаты есебiнен iске асырылады.

      4. Уәкiлеттi орган денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлық қамтамасыз ету мақсатында:

      1) Ақтөбе облысының ауылдық жерлері мен кенттері, аудандық маңызы бар қалалары үшiн жекелеген мамандықтар бойынша медицина және фармацевтика кадрларына деген сұранысқа жыл сайын талдау жасайды;

      2) медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң өтiнiштерiн, олардың бiлiктiлiгiн растайтын құжаттарын қабылдайды;

      3) әлеуметтiк қолдауға мұқтаж қызметкерлердiң тiзiмiн жасайды;

      4) ауылдық жерге және кенттерге, аудандық маңызы бар қалаларға жұмысқа жiберiлген қызметкерлерге әлеуметтiк қолдау көрсету мәселелерi бойынша түсiндiру жұмыстарын жүргiзедi.

      5. Уәкiлеттi органның жолдамасы бойынша жұмыс берушi қызметкермен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексiнiң талаптарына сәйкес еңбек шартын жасайды.

      6. Қызметкер әлеуметтiк қолдау алу үшін әлеуметтік қолдау көрсету жөнiндегi уәкiлеттi органға жеке куәлігінің көшірмесін, жоғары білімі туралы дипломының көшірмесін, еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін, мемлекеттік медицина ұйымына жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін тапсырады.

      7. Әлеуметтік қолдау көрсету туралы құжаттарды қарауды 3 (үш) жұмыс күні ішінде кемінде 5 (бес) адамнан кем емес кұрамдағы комиссия жүзеге асырады, ол қызметкерге әлеуметтік қолдау көрсету немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      8. Уәкілетті орган өндірістік қажеттілікке байланысты еңбек шартында келісілмеген және денсаулық жағдайы бойынша оған қарсы көрсетілмеген жұмысты бір медициналық ұйымнан екіншісіне ауыстыру туралы шешім қабылдаған жағдайда, сондай-ақ ауылдық жерлерде және кенттерде, аудандық маңызы бар қалаларда орналасқан қызметкерге әлеуметтік қолдау алу құқығы сақталады.

      9. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес және тәртіппен еңбек шарты мерзiмiнен бұрын бұзылған жағдайда, уәкiлеттi орган бұрын аударылған қаражатты қайтару бойынша шаралар қабылдайды.

      10. Еңбек қатынастары мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, бұрын төленген ақшалай қаражатты қайтару еңбек шартында көрсетіледі.

      11. Жұмыс берушi қызметкердiң әлеуметтiк қолдау алу құқығынан айырылған уақыттан бастап күнтізбелік 10 күннен кешiктiрмей (жұмысшымен жеке еңбек шартын бұзған жағдайда) бұл туралы уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi.

      12. Уәкiлеттi орган еңбек шарты жасалғаннан кезден бастап 30 күнтізбелік күн ішінде Ақтөбе облысының ауылдық жеріне және кенттеріне, аудандық маңызы бар қалаларына жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiне 3 000 000 (үш миллион) теңге көлемінде қаржыландыруды қызметкердің жеке шотына аудару жолымен жүзеге асырады.

      13. Осы Тәртiп пен мөлшердің орындалуын бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады