Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 17.10.2023 № 7/74 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Қарақия аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Қарақия аудандық мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" 2021 жылғы 29 наурыздағы № 2/18 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4488 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда көрсетілген шешіммен бекітілген, әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қарақия аудандық мәслихатының хатшысы | Ж. Қалаубай |
2021 жылғы 27 желтоқсандағы | |
№ 11/114 | |
Шешіміне қосымша | |
Қарақия аудандық мәслихатының | |
2021 жылғы 29 наурыздағы | |
№ 2/18 шешіміне қосымша |
Қарақия ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы (бұдан әрі - Қағида) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) арнайы комиссия- өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Ұлттық статистика бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
7) уәкілетті орган – "Қарақия аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
8) учаскелiк комиссия – әлеуметтiк көмек алуға өтiнiш бiлдiрген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу және қорытындылар дайындау үшiн ауыл, ауылдық округ әкімінің шешімдерімен құрылатын комиссия;
9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғарғы мөлшері.
3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - әлеуметтік көмек алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ, мереке күндерге ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
5. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсетудің, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) 21-23 наурыз –Наурыз мейрамы:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған, бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен наградталған көп балалы аналарға-2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) 9 мамыр - Жеңіс Күні:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 1 000 000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарға – 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне- 50 (елу) айлық есетік көрсеткіш мөлшерінде;
қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, атап айтқанда:
бұрынғы Кеңестер Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің; басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерінің, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлердің отбасыларына - 40 (қырық) айлық есетік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына - 40 (қырық) айлық есетік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына - 40 (қырық) айлық есетік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 40 (қырық) айлық есетік көрсеткіш мөлшерінде;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 40 (қырық) айлық есетік көрсеткіш мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 40 (қырық) айлық есетік көрсеткіш мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердiң, сондай-ақ қайтыс болуы белгiленген тәртiппен солардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде-40 (қырық) айлық есетік көрсеткіш мөлшерінде;
екінші рет некеге тұрмаған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның жұбайына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетіндерін қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың жұбайына (зайыбына) - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ;
1979 жылғы 1 желтоқсаннан 1989 жылғы желтоқсанды қоса алған кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерiне - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен тұлғаларға - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлық топтағы мүгедектерге -25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, мүгедек балаларға - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға -8 (сегіз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні:
Қазақстандағы 1986 жылғы 16-17 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтын адамдарға – 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде:
7. Әлеуметтік көмек жекелеген келесі санаттағы мұқтаж азаматтарға бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі:
1) уәкілетті ұйымнан әлеуметтік төлем алмайтын, әлеуметтік маңызды аурулары бар: қатерлі ісіктері бар, туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұрған, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған адамдарға, табыстарын есепке алмай бір рет 26 (жиырма алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зиян келтірілген тұлғаларға, табыстарын есепке алмай бір рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырып алған балаларға, Қазақстан Республикасы бойынша 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде, ай сайын;
4) өтініш берген тоқсан алдындағы Маңғыстау облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінің еселік шамасы 1,5-нан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар келесі негіздемелер бойынша өмірде қиын жағдайға тап болған тұлғаларға (отбасыларға):
жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы, кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық, кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы, туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі, дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы, әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі, жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы, әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау, баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар), бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болу бір рет - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерінде;
5) Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын: бала кезінен мүгедектер, жетімдер, ата-аналарының (ата-анасының) қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы, жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы болған жағдайда, студенттерге бір рет 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.
9. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы органдар бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
10. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Қарақия ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.
11. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.
3-тарау. Қорытынды ереже
12. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.