"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимдерін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 3 қарашадағы № 42 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2022 жылғы 6 қаңтардағы № 2 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министірлігінде 2022 жылғы 13 қаңтарда № 26463 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимдерін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 3 қарашадағы № 42 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14488 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимдерін қамтамасыз ету қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) бақылау-өткізу пункті (бұдан әрі – БӨП), арнайы үй-жай, сондай-ақ адамдарды және көлік құралдарының рұқсат етілген түрін өткізуді қамтамасыз етуге арналған шлагбауммен жабдықталған жер учаскесі;

      2) бекет – әкімшілік ғимаратқа кіретін жерде орналасқан, тәуліктік наряд қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттемелерін орындайтын орын;

      3) қауіпсіздік – объектінің қорғалу жай-күйі, бұл кезде қандай да бір қатердің болуынан не оның салдарының әсерінен оған зиян келтіруге байланысты жол берілмейтін қатер болмайды;

      4) кезекші бөлім – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Штабының (Департамент) (бұдан әрі - Штаб) құрылымдық бөлімшесі;

      5) кезекші бөлімнің тәуліктік наряды – кезекші бөлімнің тәуліктік кезекшілікке түсетін қызметкерлері;

      6) келуші – Агенттіктің қызметкері, мемлекеттік әкімшілік қызметшісі және Агенттіктің еңбек шарты жөніндегі жұмыскері (бұдан әрі – қызметкерлер, қызметшілер және жұмыскерлер) болып табылмайтын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік ғимаратына келуші Қазақстан Республикасының азаматы, шет ел азаматы, азаматтығы жоқ адам;

      7) өткізу режимі – әкімшілік ғимарат және әкімшілік ғимаратқа іргелес аумақ шегінде белгіленген, күзетілетін объектіге және күзетілетін объектіден адамдардың бақылаусыз кіру (шығу), көлік құралдарының бақылаусыз кіру (шығу), мүліктің бақылаусыз енгізілу (шығарылу), әкеліну (әкетілу) мүмкіндігін болдырмайтын тәртіп;

      8) объектішілік режим – әкімшілік ғимарат шегінде белгіленген, құпиялылық режимін және мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз етуге, әкімшілік ғимараттардағы өрт және техникалық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар жиынтығымен қамтамасыз етілетін тәртіп;

      9) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік ғимараттары (бұдан әрі – әкімшілік ғимараттар) – міндетті түрде күзетілуге және қорғалуға тиіс мемлекеттік объектілер;

      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік ғимаратының (ғимараттар кешенінің) жария-қолжетімді бөлігі – "Antikor-орталығының" сервистік орталықтары, күтуге арналған БӨП үй-жайлары және әкімшілік ғимараттар (бұдан әрі – жария-қолжетімді бөлік);

      11) тексеріп қарау жүйелері мен құралдары – бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік ғимаратына және әкімшілік ғимараттың іргелес аумағына әкелуге тыйым салынған заттар мен бұйымдар тізбесінде (бұдан әрі – Тыйым салынған заттар тізбесі) көрсетілген заттар мен бұйымдарды ғимаратқа санкциясыз кіргізуді (шығару) немесе әкелуді (әкету) алдын ала байқауға арналған техникалық құралдар жиынтығы;

      12) тұрақты электрондық карточка – кіруді бақылау және басқару жүйесінде (бұдан әрі – КББЖ) тіркелетін, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Агенттіктің Кадр жұмысы департаменті (аумақтық органдардың кадр жұмысын ұйымдастыру жөніндегі топтар) (бұдан әрі – кадр қызметі) қызметкерлерге, қызметшілерге және жұмыскерлерге қызметтің барлық кезеңіне беретін, иесінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде) және фотосуреті көрсетілген электрондық кіру карточкасы;

      13) электрондық қысқа мерзімді карточка – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құрылымдық бөлімшесінің басшысы қол қойған тізімдер негізінде, Кезекші бөлім бір айға дейінгі қолданылу мерзімімен бөгде ұйымдардың қызметкерлеріне беретін тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде) және фотосуреті көрсетілген электрондық кіру карточкасы;

      14) электрондық біржолғы карточка – келушінің тегі, аты және әкесінің аты (бар болған кезде) көрсетіліп, әкімшілік ғимаратқа бір рет кіруге кезекші бөлімде берілетін электрондық рұқсат кіру карточкасы.";

      6-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) мемлекеттік органдар мен өзге де бөгде ұйымдар, шетелдік өкілдіктер, пошта және өзге де хат-хабарларды, коммуналдық қалдықтарды немесе құрылыс қалдықтарын әкететін, тауар-материалдық құндылықтарды жеткізетін ұйымдар өкілдерінің көлік құралдары үшін:

      жұмыс күндері – алдын ала берілген өтінімдерге сәйкес сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін;

      демалыс және мереке күндері - кіруге жол берілмейді;";

      8-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) әкімшілік ғимараттағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жою үшін шақыру бойынша келген авариялық қызметтер үшін, жедел медициналық көмек көрсету үшін шақыру бойынша келген жедел медициналық көмек дәрігерлері үшін – тәуліктің кез келген уақытында және Агенттік қызметкерінің, қызметшісінің немесе жұмыскерінің ілесіп жүруімен;";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Жария-қолжетімді бөлікті қоспағанда, әкімшілік ғимараттарға рұқсаттама мынадай құжаттар бойынша:

      1) қызметкерлер, қызметшілер және жұмыскерлер – жұмыскерлерді қоспағанда, қызметтік куәлігін көрсеткен кезде тұрақты электрондық карточка бойынша;

      2) іссапарға жіберілген немесе іссапарға келген қызметкерлер, қызметшілер және аумақтық органдардың қызметкерлері – қызметтік куәлігін көрсеткен кезде тұрақты электрондық карточка бойынша;

      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үкіметтік байланыс қызметінің (бұдан әрі – ҚР ҰҚК АЖҚ), Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің (бұдан әрі – ҚР ПМК) Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің қызметкерлері – қызметтік куәлігін көрсеткен кезде, Кезекші бөлімге алдын ала ұсынылған қызметкерлердің тізімдеріне сәйкес;

      4) осы Қағидаларға 3–қосымшаға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік ғимараттарына қызметтік куәліктер бойынша кіруге құқығы бар лауазымды адамдардың тізбесінде (бұдан әрі – лауазымды адамдардың тізбесі) көрсетілген жекелеген мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері - қызметтік куәлігін көрсеткен кезде;

      5) келуші Қазақстан Республикасының азаматтары – жеке басын куәландыратын құжат және қызметкердің, қызметшінің немесе жұмыскердің ауызша өтінімі негізінде, Кезекші бөлімде берілетін біржолғы электрондық карточка бойынша;

      6) келуші шет мемлекеттердің азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар – жеке басын куәландыратын құжат негізінде, Кезекші бөлімде берілетін біржолғы электрондық карточка және Жеке қауіпсіздік департаментінің, Мемлекеттік құпиялармен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі бөлімшемен (бұдан әрі – МҚЖҰБ) келісу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органы басшысының (оны алмастыратын адамның) жазбаша рұқсаты бойынша;

      7) ресми сапарлармен келетін шетелдік азаматтар – МҚЖҰБ бұрыштама қойған мүдделі бөлімшелердің баянаттары негізінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органы басшысының (оны алмастыратын тұлғаның) жазбаша рұқсатымен;

      8) аумақтық органдардан және өзге де мемлекеттік органдардан ауыстырылған, сондай–ақ қызметке (жұмысқа) жаңадан қабылданған және қызметтік куәлік алмаған қызметкерлер, қызметшілер және жұмыскерлер - бөлімше басшысының жазбаша баянаты негізінде, Кезекші бөлімде берілетін біржолғы электрондық карточка бойынша;

      9) өз қызметін әкімшілік ғимараттарда ұзақ мерзімді негізде жүзеге асыратын мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлері – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құрылымдық бөлімшесінің басшысы қол қойған тізімдерге сәйкес, Кезекші бөлімде берілетін қысқа мерзімді электрондық карточка бойынша;

      10) жөндеу-құрылыс жұмыстарын орындауға шарттар жасасқан бөгде ұйымдардың қызметшілері мен жұмысшылары не конкурстарға қатысатын ұйымдар мен фирмалардың өкілдері - болу уақытын көрсете отырып және адамдардың тізімін, олардың жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органының басшысымен (оны алмастыратын адаммен) келісілген құрылымдық бөлімше басшысының баянаты негізінде біржолғы электрондық карточкалар бойынша;

      11) әкімшілік ғимараттарда өткізілетін тексеру және өзге де іс–шараларға қатысатын адамдар - сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органының басшысы (оны алмастыратын адам) бұрыштама қойған, мүдделі құрылымдық бөлімшелер Кезекші бөлімге алдын ала ұсынған тізімдерді қоса бере отырып, жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсеткен кезде баянаттар бойынша;

      12) ұсталғандар және сотқа дейінгі тергеу бойынша қамауға алынған, әкімшілік ғимараттарға жеткізілген адамдар – тергеушілердің айдауылдау туралы өтінімі негізінде, Кезекші бөлімде берілетін біржолғы электрондық карточка бойынша жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:

      "10-1. Алкогольдің, есірткінің немесе өзге де уытқұмарлықтың айқын белгілері бар қызметкер, қызметші, жұмыскер немесе келуші әкімшілік ғимаратқа жіберілмейді.";

      11, 12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Әкімшілік ғимараттарда бөгде адамдардың бақылаусыз болуының, әкімшілік ғимараттың іргелес аумағына бөгде көлік құралдарының рұқсатсыз кіруінің және тұрағының әрбір фактісі бойынша жеке қауіпсіздік бөлімшелері (бұдан әрі – ЖҚБ) қызметтік тергеу жүргізеді.

      12. Қызметкерлер, қызметшілер және жұмыскерлер алып кіретін осы Тізбенің 11) тармақшасында көрсетілген заттарды қоспағанда, іргелес аумаққа және әкімшілік ғимараттарға тыйым салынған заттар тізбесінде көрсетілген заттар мен заттарды енгізуге жол берілмейді.

      13. Жария-қолжетімді бөлікті қоспағанда, әкімшілік ғимаратқа енгізуге тыйым салынған заттар тізбесінің 8) – 11) тармақшаларында көрсетілген заттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органы басшысының (оны алмастыратын адамның) тиісті жазбаша рұқсатынсыз, кіре берісте орнатылған шкафтың ұяшықтарына уақытша орналастырылады. Бұл ретте, ұяшықтан кілт немесе нөмірлік жетон әкімшілік ғимараттан шығу сәтіне дейін келушіде болады.

      Шақырылған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің әкімшілік ғимараттың іргелес аумағына және әкімшілік ғимаратқа кіруіне (шығуына) "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес олардың кәсіби қызметіне байланысты бейне, кино және фотоаппаратурамен рұқсат етіледі.";

      14-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Келушілердің, қызметкерлердің, қызметшілер мен жұмыскерлердің (тіршілікті қамтамасыз етудің электрондық жүйелері бар адамдардан басқа, тиісті құжатты көрсеткен кезде) кіруі (шығуы) стационарлық негіздемелік металл детектор арқылы жүзеге асырылады.";

      15-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сыртқы келбеті, сауалнамалық деректері сәйкес келмеген жағдайда тәуліктік наряд қызметкері өткізу режимін бұзушыны ұстау, мән-жайларды анықтау үшін ЖҚД-ның уәкілетті қызметкерлеріне хабарлау және беру бойынша шаралар қабылдайды.";

      17-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ұсынылған жеке басты куәландыратын құжаттың түпнұсқалығына күдік туындаған жағдайда, тәуліктік наряд қызметкері келушіден мұқият көзбен қарап тексеру үшін жеке басын куәландыратын құжатты талап етеді, қажет болған жағдайда ЖҚД қызметкерлерін шақырады және тиісті шешім қабылдау үшін оларға жеке басын куәландыратын құжатты береді.";

      18-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) келуші жіберілетін қызметкердің, қызметшінің және жұмыскердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және кабинет нөмірі;";

      24-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Материалдық құндылықтарды әкімшілік ғимаратқа енгізу (әкелу) және оларды әкімшілік ғимараттан шығару (әкету) осы Қағидаларға 4 және 5-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша материалдық құндылықтарды әкімшілік ғимаратқа (ғимараттан) әкелуге (шығаруға) рұқсатты (бұдан әрі – рұқсат) және материалдық құндылықтарды әкімшілік ғимаратқа (ғимараттан) әкелуге (шығаруға) жүкқұжатты (бұдан әрі – жүкқұжат) ұсынған кезде жүргізіледі.";

      35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "35. ЖҚБ және МҚЖҰБ қызметкерлері тәуліктік наряд қызметкерлерін тарта отырып, техникалық құралдарды пайдалана отырып, қызметкерлерді, қызметшілер мен жұмыскерлерді құпия және қызметтік құжаттарды, пайдаланылуы мемлекеттік және қызметтік құпияны құрайтын мәліметтерге санкцияланбаған қол жеткізуге және жария етуге әкеп соғуы мүмкін ақпаратты электрондық тасығыштарды енгізу (шығару) тұрғысынан тексеруді кезең-кезеңімен жүзеге асырады.

      Құжаттар мен заттарды рұқсатсыз кіргізу (шығару) анықталған жағдайда, ЖҚБ және МҚЖҰБ қызметтік тергеу жүргізеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ұйымдастыру-бақылау департаменті (Штаб) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін, оны Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Сыбайлас
      жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
      (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасы М. Ахметжанов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады