Тауарларды қадағалап отыру тетігінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а. 2022 жылғы 27 қаңтардағы № 88 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 қаңтарда № 26670 болып тіркелді.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 176-1-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тауарларды қадағалап отыру тетігінің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қаржы министрінің міндетін атқарушы М. Султангазиев

  Қаржы министрінің
міндетін атқарушы
2022 жылғы 27 қаңтардағы
№ 88 Бұйрықпен бекітілген

Тауарларды қадағалап отыру тетігінің жұмыс істеу қағидалары

1–тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тауарларды қадағалап отыру тетігінің жұмыс істеу қағидалары "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 176-1-бабының 6-тармағына және "Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, 2019 жылғы 29 мамырда Астана қаласында жасалған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) сәйкес әзірленді және тауарларды қадағалап отыру тетігінің жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 29.11.2022 № 1207 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар:

      1) бөлшек сауда – тауарларды жеке, отбасылық, үйішілік және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес өзге де мақсаттарда пайдалану үшін сатып алуға және сатуға байланысты сауда қызметінің түрі;

      2) виртуалды қойма – тауарлардың автоматты режимде өткізілуін және бақылауға арналған электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі – ЭШФ АЖ) модулі.

      3) қадағалап отыру – Келісімді іске асыру мақсатында ұлттық қадағалап отыру жүйесін пайдалана отырып, қадағалап отыруға жататын тауарларды және осындай тауарлар айналымымен байланысты операцияларды есепке алуды ұйымдастыру;

      4) қадағалап отыру тетігі – ұлттық қадағалап отыру жүйелерінен мәліметтер алмасу негізінде жұмыс істейтін және тауарлар айналымын бақылау мақсатында қадағалап отыруды қамтамасыз ететін жүйе;

      5) қадағалап отыруға жататын тауарлар – Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – ЕАЭО) кедендік аумағына әкелінген, Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – ЕЭК) бекітетін мынадай тауарлар енгізілген тізбеге қатысты қадағалап отыру жүзеге асырылады:

      Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 51-тарауына сәйкес кеден органдары ұстаған және осындай тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар белгілеген мерзімде қажет етілмеген тауарларға;

      сот шешімі бойынша кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу есебінен өндіріп алу қолданылған, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсіміне орналастырылмаған тауарларға;

      тәркіленген немесе мемлекеттің меншігіне (кірісіне) өзгеше тәсілмен айналдырылған, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсіміне орналастырылмаған тауарларға;

      ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға;

      6) тауарлар айналымы – ішкі тұтыну үшін шығару кеден рәсіміне сәйкес қадағалап отыруға жататын тауарларды шығару, осындай тауарларды ЕАЭО кедендік аумағында өткізу, өткізумен байланысты және осы Келісімнің 4-бабының 4-тармағына сәйкес ЕЭК айқындаған жағдайларда оларды бір ЕАЭО мүше мемлекеттің аумағынан басқа ЕАЭО мүше мемлекеттің аумағына өткізуге;

      7) өткізу – сату, айырбастау, өтеусіз беру мақсатында тауарларды не өзге де мүлікті тиеп жіберу және (немесе) беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, лизинг шарты бойынша мүлікті беру, сондай-ақ борышкер кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған кезде, кепілге салынған тауарларды кепіл ұстаушыға беруге;

      8) тұлға – жеке тұлға, оның ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, заңды тұлға, сондай-ақ заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға;

      9) ілеспе құжат – "Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде шот-фактураны электронды нысанда жазып беру қағидаларын және оның нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 22 сәуірдегі № 370 бұйрығына сәйкес (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18750 болып тіркелген) (бұдан әрі – ЭШФ қағидалары) ресімделетін электрондық шот-фактураға пайдаланылады.

2–тарау. Тауарларды қадағалап отыру тетігінің жұмыс істеу тәртібі

      3. Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасында ұлттық қадағалап отыру жүйесі ЭШФ АЖ болып табылады, ол ұлттық қадағалап отыру жүйесін, оның ішінде ұлттық қадағалап отыру жүйесінен мәліметтерді сақтауға арналған жүйені пайдалана отырып, қадағалап отыруға жататын тауарлар және осындай тауарлардың айналымына байланысты операциялар туралы мәліметтерді есепке алуды және сақтауды қамтамасыз етеді.

      4. Қадағалануға жататын тауарларға қатысты, қадағалап отыру жүзеге асырылады.

      5. Осы Қағидалардың күші қолданылмайтын тауарлар Келісімнің 2-бабының 5-тармағында айқындалған:

      6. Қадағалау жүзеге асырылмайтындарға қатысты тауарлар Келісімнің 2-бабының 6-тармағында айқындалған.

      7. Ұлттық қадағалап отыру жүйелеріндегі қадағалап отыруға жататын тауарлар және осындай тауарлардың айналымына байланысты әртүрлі ЕАЭО мүше мемлекеттердің тұлғалары арасында жасалатын операциялар туралы мәліметтермен алмасу Келісімнің 8-бабына сәйкес тұрақты негізде жүзеге асырылады.

      Ұлттық қадағалап отыру жүйелеріндегі қадағалап отыруға жататын тауарлардың айналымына байланысты мәліметтермен алмасу, осындай тауарларды бір ЕАЭО мүше мемлекеттің аумағынан екінші ЕАЭО мүше мемлекеттің аумағына өткізу алдындағы операциялар Келісімнің 9-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Қадағалап отыру Келісімнің 6-бабына сәйкес қадағалап отыруға жататын тауарлар айналымымен байланысты соңғы операция туралы мәліметтер ұлттық қадағалап отыру жүйесіне енгізілген күннен бастап 5 (бес) жыл өткен соң тоқтатылады, ал егер осындай операциялар жүзеге асырылмаса - тауарларға арналған декларациядан немесе осындай тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініштен немесе ЕАЭО мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес осы Қағидалардың 2-тармағының 5) тармақшасында үшінші, төртінші және бесінші абзацтарында көрсетілген қадағалап отыруға жататын тауарларға негіз болатын құжаттардан алынған мәліметтер ұлттық қадағалап отыру жүйесіне келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жыл өткен соң не қадағалап отыруға жататын тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты ЕЭК айқындаған ұзақтығы неғұрлым аз өзге мерзім өткен соң тоқтатылады.

      Егер қадағалап отыруға жататын тауарлар Келісімнің 2-бабының 2-тармағына сәйкес ЕЭК бекіткен тізбеден алып тасталса, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген немесе осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес ЕЭК айқындаған мерзім өткенге дейін, қадағалап отыру тоқтатылады.

      ЕЭК Келісімнің 6-бабының 3-тармағына сәйкес осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген немесе осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес ЕЭК-да айқындалған мерзім өткенге дейін қадағалап отыруы тоқтатылатын жағдайлар және осы жағдайларда қадағалап отыру тоқтатылатын мерзімдерді айқындайды.

      9. Қадағалап отыруға жататын тауарлар айналымын жүзеге асыратын тұлғалардың:

      1) техникалық іркілістерден, байланыс құралдары (телекоммуникациялық желілер және Интернет ақпараттық-телекоммуникациялық желісі) жұмысындағы бұзылулардан, электр энергиясының ажыратылуынан туындаған ақпараттық жүйелердің ақаулығына байланысты, сондай-ақ Келісімнің 7-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ЕЭК айқындаған өзге де жағдайларда электрондық құжаттар түрінде ресімдеу мүмкін болмаған жағдайды қоспағанда, ілеспе құжаттарды электрондық құжаттар түрінде ресімдеуіне;

      2) ақпараттық жүйелердің ақауы жойылған күннен кейін күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде ақпараттық жүйелердің ақауы болған жағдайда, осындай құжаттарды кейіннен ұлттық қадағалап отыру жүйесіне енгізе отырып, қағаз тасығышта ілеспе құжаттарды ресімдеуіне;

      3) ЭШФ қағидаларына сәйкес, оның ішінде "Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі міндет қолданылатын тауарлар тізбесін, сондай-ақ Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу және олардың құжат айналымы қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 1424 бұйрығына сәйкес тауарларға ресімделген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19784 болып тіркелген) ілеспе жүкқұжат негізінде электрондық шот-фактура жазып беруіне;

      4) қадағалап отырудың ұлттық жүйесіне енгізілуге жататын толық және анық мәліметтерді ұсынуына;

      5) қадағалап отыруға жататын тауарлар бойынша виртуалды қойма арқылы қадағалап отыру бойынша құжат айналымын жүзеге асыруына жатады.

      10. Келісімнің 11-бабының 1-тармағына сәйкес ұлттық қадағалап отыру жүйесінде байланыс құралдарының (телекоммуникациялық желілердің және Интернеттің ақпараттық-телекоммуникациялық желісінің) жұмысындағы техникалық іркілістерден, бұзылулардан, электр энергиясының ажыратылуынан туындаған ақпараттық жүйелердің ақаулығына, сондай-ақ ЕЭК айқындайтын өзге де жағдайларға байланысты ұлттық бақылау жүйесінде осындай орын ауыстыруға байланысты операциялар туралы мәліметтер болмаған жағдайда, бір ЕАЭО мүше мемлекеттің аумағынан басқа ЕАЭО мүше мемлекеттің аумағына қадағалап отыруға жататын тауарларды өткізуге жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады