Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жыл сайынғы профилактикалық тексерілуін, медициналық және санаторийлік-курорттық емделуін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 5 наурыздағы № 80/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 5 наурызда № 27038 болып тіркелді

      "Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жыл сайынғы профилактикалық тексерілуін, медициналық және санаторийлік-курорттық емделуін қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсiн.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Президентінің Іс басқармасы

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің
2022 жылғы 5 наурыздағы
№ 80/НҚ бұйрығымен
бекітілген

Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жыл сайынғы профилактикалық тексерілуін, медициналық және санаторийлік-курорттық емделуін қамтамасыз ету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жыл сайынғы профилактикалық тексерілуін, медициналық және санаторийлік-курорттық емделуін қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген және ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің және оның бірге тұратын отбасы мүшелерін (жұбайы, зайыбы) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған жағдайда профилактикалық тексерілуін, медициналық және санаторийлік-курорттық емделуін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасының ғарышкерлігіне кандидат (бұдан әрi – ғарышкерлікке кандидат) – алдын ала iрiктеуден өткен және ғарышкер бiлiктiлiгiн алу үшiн даярлыққа жiберiлген Қазақстан Республикасының азаматы;

      2) Қазақстан Республикасының ғарышкерi (бұдан әрi – ғарышкер) – даярлықтан өткен, ғарышкер (сынаушы ғарышкер, зерттеушi ғарышкер, нұсқаушы ғарышкер) бiлiктiлiгiнің және ғарышкер мәртебесiнің берілгені туралы құжаттар алған Қазақстан Республикасының азаматы;

2-тарау. Ғарышкерлікке кандидатты, ғарышкерді жыл сайынғы профилактикалық тексерілулермен қамтамасыз ету тәртібі

      3. Ғарышкерлікке кандидаттардың, ғарышкердің және оның бірге тұратын отбасы мүшелерінің (жұбайы, зайыбы) жыл сайынғы профилактикалық тексерілуі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 142-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы бекіткен тізбеге (бұдан әрі – Тізбе) сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – Уәкілетті орган) жыл сайын профилактикалық қарап-тексерумен қамтамасыз етілуге жататын адамдардың тізбесін қалыптастырады.

      5. Уәкілетті орган жыл сайын 31 желтоқсанға дейін профилактикалық қарап-тексерумен қамтамасыз етілуге жататын адамдардың тізбесін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасына, олардың тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті және (немесе) аумақтық органға жібереді.

      6. Жыл сайын 15 қаңтардан кешіктірмей Уәкілетті орган ғарышкерге және оның бірге тұратын отбасы мүшесіне (жұбайы, зайыбы) ғарышкерге жыл сайынғы профилактикалық тексерілуден өту мүмкіндігі туралы хабарлама жібереді.

3-тарау. Ғарышкерлікке кандидатты, ғарышкерді медициналық емдеумен қамтамасыз ету тәртібі

      7. Ғарышкерлікке кандидаттарды, ғарышкерлерді және бірге тұратын отбасы мүшелерін (жұбайы, зайыбы) медициналық қамтамасыз ету:

      1) Тізбеге сәйкес;

      2) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен денсаулық сақтау саласындағы басқа да медициналық ұйымдарда олардың тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылады.

      8. Ғарышкерлікке кандидаттарды, ғарышкерлерді және олардың бірге тұратын отбасы мүшелерін әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету Кодекстің 139-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Ғарышкерлікке кандидатты, ғарышкерді және олардың бірге тұратын отбасы мүшелерін медицина ұйымдарына ауыстыру қажеттілігі туындаған кезде, ауыстыру Кодекстің 7-бабының 82) тармақшасына сәйкес бекітілген Медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

4-тарау. Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің санаторийлік-курорттық емделуін қамтамасыз ету тәртібі

      10. Ғарышкерлікке кандидаттарды, ғарышкерлерді және бірге тұратын отбасы мүшелерін (жұбайы, зайыбы) санаторийлік-курорттық емдеу:

      1) Тізбеге сәйкес жүзеге асырылады;

      2) Тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен денсаулық сақтау саласындағы басқа да санаторийлік-курорттық ұйымдарда көрсетіледі.

      11. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер және олардың бірге тұратын отбасы мүшелері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 7 қазандағы № ҚР ДСМ-116/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21381 болып тіркелген) бекітілген Медициналық оңалту көрсету қағидаларына сәйкес медициналық оңалтуға жіберіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады