БҰЙЫРАМЫН:
1. "Инновациялық гранттар беру кезінде технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институты қызметтеріне ақы төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 366/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21360 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Инновациялық гранттар беру кезінде инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты қызметтеріне ақы төлеу қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Инновациялық гранттар беру кезінде инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты қызметтеріне ақы төлеу қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Инновациялық гранттар беру кезінде технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институты қызметтеріне ақы төлеу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Инновациялық экожүйе және ғылыми-техникалық даму департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Б. Мусин |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі |
|
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі |
|
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі |
Инновациялық гранттар беру кезінде инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институтының қызметтеріне ақы төлеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы инновациялық гранттар беру кезінде инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институтының қызметтеріне ақы төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 100-1-бабы 2-тармағының 9) тармақшасына сәйкес әзірленді және инновациялық гранттар беру кезінде инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институтының қызметтеріне ақы төлеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) инновациялық грант – инновациялық қызмет субъектілеріне инновациялық гранттар берудің басым бағыттары шеңберінде олардың инновациялық жобаларын іске асыру үшін өтеусіз негізде берілетін бюджет қаражаты;
2) инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты – инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға уәкілетті берілген ұлттық даму институты;
3) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – инновациялық және технологиялық даму саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыруды салааралық үйлестіруді және оған қатысуды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) өтінім беруші – инновациялық грантты алуға арнаған өтінім берген жеке және (немесе) заңды тұлға.
2-тарау. Инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты қызметтеріне ақы төлеу тәртібі
3. Инновациялық гранттар беру жөніндегі инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты қызметтеріне ақы төлеу тиісті қаржы жылына бюджеттік бағдарламамен республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен уәкілетті орган және инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты арасында жасалған шартта көзделген шығыстар сметасына сәйкес жүзеге асырылады.
Инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты қызметтерінің құны:
1) гранттар берілген инновациялық жобалар бойынша жоспарланған мақсаттарға қол жеткізуді талдау мақсатында берілген инновациялық гранттарға мониторинг жүргізуге;
2) инновациялық гранттар беру рәсімін ұйымдастыруға;
3) өтінімдер қабылдау, оларды беру тәртібі туралы жұртшылықты хабардар етуге, әлеуетті өтінім берушілермен консультациялар және түсіндіру жұмыстарына арналған шығыстарды қамтиды.
4. Инновациялық гранттар беру жөніндегі инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институтының қызметтеріне ақы төлеу уәкілетті орган мен инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты арасындағы орындалған жұмыстардың қол қойылған актісі негізінде жүргізіледі.