Маркетинг желiсi, қоғамдық таратушылар, почта және басқа да тәсiлдер бойынша сату арқылы сауда орнынан тыс бөлшек сауда қағидаларын бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 2022 жылғы 11 наурыздағы № 136-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 15 наурызда № 27114 болып тіркелді.

      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қоса беріліп отырған Маркетинг желісі, қоғамдық таратушылар, почта және басқа да тәсілдер бойынша сату арқылы сауда орнынан тыс бөлшек сауда қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Сауда және интеграция министрі
Б. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары -
Сауда және интеграция министрі
2022 жылғы 11 наурыздағы
№ 136-НҚ
бұйрығымен бекітілген

Маркетинг желісі, қоғамдық таратушылар, почта және басқа да тәсілдер бойынша сату арқылы сауда орнынан тыс бөлшек сауда қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Маркетинг желісі, қоғамдық таратушылар, почта және басқа да тәсілдер бойынша сату арқылы сауда орнынан тыс бөлшек сауда қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және маркетинг желісі, қоғамдық таратушылар, почта және басқа да тәсілдер бойынша сату арқылы сауда орнынан тыс бөлшек сауданы жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Маркетинг желісі, қоғамдық таратушылар, почта және басқа да тәсілдер бойынша сату арқылы сауда орнынан тыс бөлшек сауданы жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, сондай-ақ сауда қызметінің субъектілері өз қызметінде Заңды, сауда қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін және осы Қағидаларды басшылыққа алады.

      3. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының арнайы заңнамалық актілерімен реттелетін тауарлардың жекелеген түрлерінің айналымы жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.

      4. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бөлшек сауданың басқа тәсілдері - телекоммуникация құралдары, электронды байланыс, оның ішінде интернет электрондық желісі және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдер арқылы сауда орындарынан тыс бөлшек сауда;

      2) тапсырыс - белгілі бір тауарды (қызметті) сатып алуға нақты ниет білдірілген, сатып алуды жүргізу үшін қажетті талаптар (тауар саны мен сапасы, бағасы, жеткізу мерзімі және тағы басқа) жазылған, сатушы жауабының шектеулі мерзімі көрсетілген, тапсырыс берушінің сатушыға жіберген құжаты, осы мерзім ішінде сатушының өтінімді сөзсіз растауын алған кезде шарт жасалған болып саналады және екі тарап үшін де міндетті болады;

      3) қоғамдық таратушылар - үйде, мекемелерде, ұйымдарда, кәсіпорындарда, көлікте тауарларды ұсыну арқылы ықтимал сатып алушылармен тікелей жұмыс істейтін, кірісі тек сату көлеміне тәуелді сатушылар немесе агенттер;

      4) маркетинг желісі - тауарды өз бетінше немесе басқа агенттерді тарту арқылы тарататын тәуелсіз сатушылар әрекет ететін, сауда орындарынан тыс бөлшек сауданың бір түрі, олардың кірісі дербес сатудан және олар желіге тартқан басқа агенттердің сатуынан түскен комиссиялық кірістен тұрады.

2-тарау. Маркетинг желісі, қоғамдық таратушылар, почта және басқа да тәсілдер бойынша сату арқылы сауда орнынан тыс бөлшек сауданы жүзеге асыру тәртібі

      5. Маркетинг желісі, қоғамдық таратушылар, почта және басқа да тәсілдер бойынша сату арқылы сауда орнынан тыс бөлшек сауданың көмегімен сатылатын тауарлардың түр-түрін сатушы айқындайды.

      6. Қазақстан Республикасының заңнамасымен немесе шартпен өзгеше белгіленбесе, не тауардың табиғи орамы болмаса, тауардың әр бірлігі оралады, өлшеніп салынады.

      Сатушы сатып алушының сұрауы бойынша тауарды арнайы ыдысқа (себеттер, қораптар, полиэтилен сөмкелер және басқалар) орау бойынша өтеулі немесе өтеусіз негізде қосымша қызметтер көрсете алады, тапсырыстарды сыйлық ресімдеуде жинақтайды, тауарларды жеткізу бойынша қызметтер көрсетеді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 15.02.2023 № 75-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен қандай да бір тауарларды сату кезінде тұтынушының жасы бойынша шектеу белгіленсе, егер тұтынушы жасын растайтын құжаттарды ұсынбаса, онда сатушы сатудан бас тартады.

      8. Егер сатушы тауардың кемшіліктерін айтпаған болса, сапасы төмен тауар сатып алған сатып алушы өз таңдауы бойынша сапасыз тауарды тиісті сапалы тауарға айырбастауға, тауардың сатып алу құнын мөлшерлес төмендетуді, тауардың кемшіліктерін Қазақстан Республикасының заңнамада белгіліенген мерзімде жоюды, тауардың кемшіліктерін жою жөніндегі шығыстарды өтеуді немесе шартты орындаудан бас тартуды және тауарға төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етеді.

      9. Тапсырыстарды қабылдау, беру және жеткізу сатып алушымен келісілген уақытта жүргізіледі.

      10. Тапсырысты ресімдеу қағаз жеткізгіште екі данада немесе электрондық нысанда жүргізіледі, онда тапсырыстың реттік нөмірі, сатушының атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тауардың атауы, бағасы, саны, жалпы құны, қосымша көрсетілетін қызметтердің құны, тапсырысты қабылдау және орындау күні мен уақыты, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және жеткізу мекенжайы, сондай-ақ өзге де келісілген шарттар көрсетіледі.

      Қағаз тасығышта ресімдеу кезінде тапсырыс бланкісінің бірінші данасы сатып алушыға беріледі, екіншісі сатушыда сақталады. Егер алдын-ала төлем жасалса, тапсырыс формасында арнайы белгі қойылады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 15.02.2023 № 75-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Тапсырысқа өзгерістер тек сатып алушының келісімі бойынша енгізіледі. Тапсырыс берілген тауарлардың қандай да бірінің болмауы туралы сатушы сатып алушыны хабардар етеді және төлем жасалған жағдайда оған тиісті ауыстыруды немесе қаражатты қайтаруды ұсынады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 15.02.2023 № 75-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Тапсырысты сатып алушыға берген кезде қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда тауарды босатуға арналған жүкқұжат, ал қолма-қол тәсілмен төлем жүргізген кезде – бақылау-касса машинасының чегі (тауар чегі) беріледі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 15.02.2023 № 75-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Тапсырысқа алдын ала төлем жасаған, бірақ оны белгіленген мерзімде алмаған сатып алушыға, егер шартта өзгеше көзделмесе, ол төлеген ақша қайтарылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес тауарды уақтылы жеткізбеуден болған шығын өтеледі.

      14. Төлем жасалған немесе алдын-ала төлем жүргізілген жағдайларда тапсырысты тиісті орындау тапсырыс бойынша жіберілген тауарды алудан (сатып алудан) бас тартқан жағдайда сатып алушы сатушының тауарды почта арқылы жіберуге кеткен шығыстарын өтейді.

      15. Қоғамдық таратушылар жасайтын бөлшек сауда үйде, мекемелерде, ұйымдарда, кәсіпорындарда және көлікте тауарларды ұсыну арқылы жүзеге асырылады.

      16. Алып тасталды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 15.02.2023 № 75-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      17. Алып тасталды – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 01.07.2022 № 279-НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      18. Алып тасталды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 15.02.2023 № 75-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      19. Алып тасталды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 15.02.2023 № 75-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады