БҰЙЫРАМЫН:
1. "Салаларды технологиялық дамытуға инновациялық гранттар беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 364/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21361 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Салаларды технологиялық дамытуға инновациялық гранттар беру қағидаларында:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Салаларды технологиялық дамытуға инновациялық гранттар беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 100-1-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес әзірленді және салаларды технологиялық дамытуға инновациялық гранттар беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) грант алушы – осы Қағидаларға сәйкес инновациялық грант алған инновациялық жобаларды іске асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың және (немесе) жай серіктестіктердің тобы;
2) гранттық қаржыландыру жөніндегі кеңес (бұдан әрі – кеңес) – құрамына тәуелсіз (отандық және (немесе) шетелдік) сарапшылар, қоғамдық ұйымдардың және тиісті салалардың өкілдерінің (келісім бойынша) тақ саны кіретін, өтінімдердің сараптамаларын және осы Қағидаларда белгіленген инновациялық гранттарды беру кезінде қойылатын өлшемшарттарды ескере отырып, өтінім берушілердің жобалары бойынша шешімдер қабылдау үшін инновациялық даму саласындағы ұлттық институт шеңберінде құрылған алқалы орган;
3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті орындау барысында алынған және кез келген ақпараттық жеткізгіште тіркелген жаңа білім немесе шешімдер, ғылыми әзірлемелер мен технологияларды өндіріске енгізу, сондай-ақ жаңа бұйымдардың, материалдар мен заттардың модельдері, макеттері, үлгілері;
4) жобаны бағалау өлшемшарттары – баллдық жүйені пайдалана отырып, өтінім берушінің жобасын бағалау белгілері;
5) инновациялық грант – инновациялық қызмет субъектілеріне инновациялық гранттар берудің басым бағыттары шеңберінде олардың инновациялық жобаларын іске асыру үшін өтеусіз негізде берілетін бюджет қаражаты;
6) инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты (бұдан әрі – ұлттық институт) – инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға уәкілетті ұлттық даму институты;
7) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – инновациялық және технологиялық даму саласындағы басшылықты жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыруға қатысуды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
8) кеңестің шешімі – кеңес мүшелері қабылдаған және хаттамамен ресімделген және инновациялық грант беру мәселесі бойынша дауыс беру қорытындылары туралы мәліметтерді қамтитын шешім;
9) консорциум (бұдан әрі – консорциум) – заңды тұлғалар қандай да бір ресурстарды біріктіретін және бизнестің нақты міндеттерін шешу үшін күш-жігерін үйлестіретін бірлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негізінде уақытша ерікті тең құқықты одақ (бірлестік);
10) консорциялық келісім – бірлескен ғылыми және коммерциялық қызметті, мүшелер арасындағы өзара қатынастарды, бірлескен жобаны жүзеге асыруды, сондай-ақ консорциум мүшелері арасындағы құқықтар мен міндеттерді реттеу үшін екі немесе бірнеше заңды тұлғалар, консорциум мүшелері арасында жасалған келісім;
11) лицензиялық шарт – патент иеленуші (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) тиісті өнеркәсіптік меншік объектісін белгілі бір түрде уақытша пайдалану құқығын беретін шарт;
12) озық технология – нарықта кішігірім практикалық қолданылуы және одан әрі тарату үшін жоғары әлеуеті бар технология;
13) өтінім – өтінім беруші жіберетін, өтінімдерді электронды қабылдау мен сүйемелдеудің автоматтандырылған жүйесі арқылы толтырылатын салаларды технологиялық дамыту үшін инновациялық грант алуға арналған өтініші;
14) өтінім беруші – аккредиттелген ғылыми ұйым мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорын арасындағы консорциалдық келісімнен тұратын (салалық қауымдастықтарды тарту құпталады), оның ішінде осы Қағидаларға сәйкес инновациялық грант алуға өтінімді қарауға ұсынған жоғары технологиялық стартап-компанияларды тарта отырып, инновациялық гранттар берудің басым бағыттары шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға – инновациялық жобаларды іске асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың және (немесе) жай серіктестіктердің тобы;
15) өтінімдерді электронды қабылдау және сүйемелдеудің автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі – автоматтандырылған жүйе) – бұл инновациялық гранттарды алуға берілетін өтінімдерді қабылдау және сүйемелдеу жөніндегі автоматтандырылған жүйе;
16) салаларды технологиялық дамытуға инновациялық грант беру туралы шарт (бұдан әрі – шарт) – ұлттық институт пен грант алушы арасында инновациялық грант беруге жасалған шарт;
17) технология – белгілі бір өнімді өндіру мен шығаруды, оның ішінде тауарларды өндіру мен шығаруды қамтамасыз ететін әдістер мен құралдардың жиынтығы;
18) технологиялар трансферті – Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған тәсілдермен алынған инновациялық қызмет, меншік, иелену және (немесе) пайдалану өнегесі субъектілерінің жаңа немесе жетілдірілген технологияларды енгізу процесі;
19) шетелдік технологиялық әріптес – тиісті құзыреттілікке ие, озық технологияның иесі және (немесе) тасымалдаушысы.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Инновациялық гранттар беруді уәкілетті орган мен ұлттық институт арасында жасалған шарт негізінде инновациялық гранттар беруге көзделген қаражатты бөлу жолымен ұлттық даму институтын тарта отырып, уәкілетті орган жүзеге асырады.";
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Жобаның іске асырылуын бақылау мақсатында ұлттық институт егжей-тегжейлі бизнес-жоспарға сәйкес жобаның іске асырылуына және грант алушының ұлттық институт инновациялық компанияларды құруға және (немесе) инновациялық технологияларды енгізуге және жасалған шарт талаптарына сәйкес өткізілген инновациялық өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған қабылданған қарсы міндеттемелер жобасын аяқтау туралы шешім қабылдаған сәттен бастап 3 (үш) жыл ішінде орындауына тұрақты мониторинг жүргізеді.
Шартта грант алушының жобаның кепілдіктен кейінгі мониторингі мақсатында жобаны аяқтау туралы ұлттық институт шешім қабылдаған сәттен бастап 3 (үш) жыл ішінде жоба туралы ақпаратты ұлттық институтқа беруі көзделеді.";
3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"3-тарау. Салаларды технологиялық дамытуға инновациялық грант ұсыну кезінде қойылатын өлшемшарттар".
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Инновациялық экожүйе және ғылыми-техникалық даму департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Б. Мусин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі