Екінші деңгейдегі банктердің тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына беру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімін бекіту туралы

Мерзімі біткен

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2022 жылғы 4 мамырдағы № 467 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 6 мамырда № 27936 болып тіркелді. Бұйрық 2023 жылғы 31 желтоқсаннан бастап өз қолданысын тоқтатады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданыста болу мерзімі 31.12.2023 (бұйрықтың 3-т.)
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 68-бабы 1-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Екінші деңгейдегі банктердің тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын, ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына беру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық 2022 жылғы 16 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс және 2022 жылғы 31 желтоқсаннан бастап өз қолданысын тоқтатады.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Қаржы
министрінің
2022 жылғы 4 мамырдағы
№ 467 Бұйрықпен
бекітілген

Екінші деңгейдегі банктердің тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын, ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына беру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Екінші деңгейдегі банктердің тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын, ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына беру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімі (бұдан әрі – Пилоттық жоба) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 68-бабы 1-1-тармағына сәйкес әзірленді және:

      1) Пилоттық жобаға қатысушыларды;

      2) Пилоттық жобаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін;

      3) Пилоттық жобаны іске асыру тәртібі мен мерзімін айқындайды.

      2. Пилоттық жоба екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету кезінде салық төлеушілер жүзеге асыратын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына тегін негізде беруді көздейді.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) ақшалай есеп айырысулар – қолма-қол ақша және (немесе) төлем карточкаларын және (немесе) мобильдік төлемдерді пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы тауарды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін жүзеге асырылатын есеп айырысулар;

      2) мобильдік төлемдер – дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның, жеке практикамен айналысатын адамның, заңды тұлғаның пайдасына тауарды сатып алғаны, жұмыстарды орындағаны, қызметтерді көрсеткені үшін ақы төлеуге электрондық нысанда бастамашылық жасалған, мобильдік қосымша немесе штрих кодты пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған өзге де жабдық (құрылғы) арқылы алынатын қолма-қол ақшасыз төлемдер;

      3) салық төлеушілер – Салық кодексінің 166-бабы 2-тармағында көрсетілген салық төлеушілерді қоспағанда, дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғалар, жеке практикамен айналысатын адамдар және ақшалай есеп айырысуларды жүзеге асыру кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдану бойынша міндеттемелері бар заңды тұлғалар.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Салық кодексіне және "Ақпараттандыру туралы", "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Пилоттық жобаға қатысушылар

      4. Мыналар:

      1) ЕДБ арқылы ерікті негізде ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді беруге дайындығын білдірген салық төлеушілер;

      2) ""Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 123 Бұйрық) бекітілген "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес Комитеттің ақпараттық жүйелері сервисіне қосуға өтінімдер берген ЕДБ (келісу бойынша);

      3) мемлекеттік кірістер органдары – Комитет және пилоттық жобаның қатысушылары болып табылатын, аумағында орналасқан жері бойынша салық төлеушілер тіркелген оның аумақтық органдары Пилоттық жобаның қатысушылары болып табылады.

3-тарау. Пилоттық жобаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері

      5. Деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын (бұдан әрі – ДБФ бар БКМ) қолдану бойынша міндеттемелері бар салық төлеушілер Пилоттық жобаны жүргізу барысында интеграция мәселелері бойынша түсіндірулер мен ұсынымдар алуға құқылы.

      6. Салық төлеушілер:

      1) Пилоттық жоба аяқталғанға дейін ЕДБ арқылы ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді беруге;

      2) ЕДБ-ға тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына беру туралы келісім беруге міндетті.

      7. ЕДБ Пилоттық жобаны жүргізу барысында Комитеттен интеграция мәселелері бойынша түсіндірулер мен ұсынымдар алады.

      8. ЕДБ:

      1) № 123 Бұйрыққа сәйкес Комитеттің ақпараттық жүйесімен интеграцияны қамтамасыз етуге;

      2) Комитетке ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді өзгермеген түрде беруге;

      3) қызметкерлердің мемлекеттік құпияны құрайтын ақпаратты және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты жария етпеу, таралуына жол бермеу талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге;

      4) ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді беру кезінде салық төлеушілер үшін техникалық қолдауды қамтамасыз етуге міндетті.

      9. Мемлекеттік кірістер органдары:

      1) Пилоттық жоба мәселелері бойынша түсіндірулер беруге;

      2) мемлекеттік кірістер органдарының құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттандыруға;

      3) Салық кодексінде көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

      10. Мемлекеттік кірістер органдары:

      1) Пилоттық жоба шеңберінде ЕДБ-дан ерікті негізде ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтер беретін салық төлеушілер бойынша ақпарат сұратуға;

      2) Салық кодексінде көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.

4-тарау. Пилоттық жобаны іске асыру тәртібі мен мерзімі

      11. ЕДБ ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді беру тәртібі:

      1) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде салық төлеушілер жүзеге асыратын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді жедел беруді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйені іске асырады;

      2) № 123 Бұйрыққа сәйкес берілетін деректердің форматы мен құрамы бойынша Қомитеттің ақпараттық жүйесіне интеграциялау арқылы ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді береді.

      12. Пилоттық жобаны жүргізу мерзімі 2022 жылғы 16 мамырдан бастап 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін айқындалсын.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады