"Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2022 жылғы 16 мамырдағы № 342 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 17 мамырда № 28069 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9984 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларында:

      2-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) өмір бойына бас бостандығынан айыруға және өлім жазасы түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандардың (бұдан әрi – ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандар), сондай-ақ қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде ұсталатындардың жазасын өтеу ерекшеліктері;";

      2-тармақтың 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарда ұсталатын сотталғандардың жазасын өтеу ерекшеліктері.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Сотталғандарды мекемеге қабылдауды мекеме бастығының кезекшi көмекшiсi (бұдан әрі – кезекші) арнайы бөлiм мен мекемеде орналасқан медициналық ұйым қызметкерлерінің қатысуымен мекеменің бақылау-өткізу пунктінде жүзеге асырады. Қызметкерлерді үстеме жұмыстарға тарту Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандарды қабылдауды мекеме басшылығы, кезекші, жедел және режим бөліністерінің қызметкерлері және медицина қызметкерi жүзеге асырады. Сотталғандардың тарапынан заңға қайшы іс-әрекеттердi болдырмау мақсатында резерв тобының бақылаушылары қатысады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген деректерді тексергеннен кейін сотталғандар кезекшінің және бақылаушылар жасақшасының ілесіп жүруімен карантин бөлiмшесiне жөнелтіледі (ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандарға олардың мекеме объектiлерiнiң орналасқан жерiн есте сақтау мүмкіндігін болдырмау мақсатында алдын ала көздерiне селдір емес матадан таңғыш кигізеді), оларға толық тiнту, ал оларға тиесiлі заттарға қарап тексеру жүргізiледі.

      Толық тінту және заттарды қарап тексеру жүргізу алдында сотталғандарға өздерінде және жеке заттарында бар осы Қағидаларда көзделмеген заттарды, бұйымдарды, құжаттар мен тамақ өнімдерін ерікті түрде тапсыру ұсынылады. Көрсетілген тыйым салынған заттар ерікті түрде тапсырылған жағдайда сотталғандарға тәртіптік жазалау шаралары қолданылмайды.

      Сотталғандар осы қағидада көзделмеген заттар мен бұйымдарды өз еркімен тапсырған жағдайда оларға тәртіптік жазалау шаралары қолданылмайды.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Медициналық қызметкер дене жарақаттарын, тері және жұқпалы ауру белгілерін анықтау мақсатында сотталғандарды сыртқы қарауын өткізеді. Дене жарақаттарын анықтау фактісі туралы жазбаша түрде прокурорға дереу хабарланады. Бұдан әрі сотталғандарды шомылдыру және толық санитарлық тазарту жүргізіледі. Бұдан кейін сотталғандар карантин бөлімшесіне орналастырылады, онда оларға, сондай-ақ ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандарға ұзақтығы 15 (он бес) тәулікке дейін медициналық бақылау белгіленеді, медициналық тексеру жүргізіледі. Карантин бөлімшесінде болу кезеңінде сотталғандар жазаны өтеудің дағдылы жағдайында болады. Мекеме психологтары жаңадан келген сотталғандардың жеке басын зерделеу, оларды жаңа жағдайға бейімдеу бойынша жұмыс жүргізеді. Өзіне-өзі қол жұмсауға, өз денесіне қасақана қандай да бір зақым келтіруге және басқа да заңға қайшы әрекеттерге бейім адамдар анықталады. Зерделеу нәтижелері бойынша жаңадан келген сотталғанның әрқайсысына психологиялық портрет жасалады, мекеменің тиісті қызметіне олармен жұмыс істеу бойынша ұсынымдар енгізіледі. Осы кезеңде жұқпалы аурумен ауыратындар анықталған жағдайда, олар оқшауландырылады, мекемеде эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізіледі.

      Сотталғанды карантин бөлімшесінен тәртіптік изоляторға, жалғыз адамдық камераға немесе мекемеде орналасқан медициналық ұйымға стационарлық жағдайда медициналық көмек алу үшін ауыстырған жағдайда осы үй-жайда ұсталуы карантин бөлімшесінде болу мерзіміне есептеледі.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Сотталғандарды жасақтар (бөлімшелер) және камералар бойынша бөлу туралы шешімді олардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін, олардың еңбекке тартылуын, жалпы және кәсіптік білім беру жүйесінде оқуын ескере отырып, мекеме бастығы басқаратын мекеме комиссиясы қабылдайды. Комиссияның құрамына мекеме бастығының орынбасарлары, күзет, жедел, режим, тәрбие, арнайы, психологиялық, өндірістік қызметтердің және мекемеде орналасқан медициналық ұйымның өкілдері кіреді. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде комиссия құрамына, бұдан басқа, жалпы білім беретін мектептің және өндірістік-техникалық училищенің қызметкерлері кіреді. Комиссия талқылауының нәтижесі бойынша мекеме бастығының бұйрығы шығарылады.

      Террористік немесе экстремистік қылмыстар үшін сотталғандарды қоспағанда күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталғандар бөлек ұсталады.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Күн тәртібіне ұйқыдан тұру, тексеру, ұйқыға жату, дәретханаға бару, дене шынықтыру, тамақ ішу, жұмысқа тарату, жұмыста, оқуда, тәрбие және спорттық-бұқаралық іс-шараларда, кездесу бөлмелерінде, дүкенде, мекемеде орналасқан медициналық ұйымда болу, телефон арқылы сөйлесу уақыттары кіреді. Сотталғандардың үзіліссіз сегіз сағаттық ұйқысы және оларға жеке уақыт беру көзделеді. Сотталғандардың жасақ бойынша аптасына кемінде бір рет моншада жуынуы қарастырылады. Жасақтардың моншада жуыну күні мен уақыты мекеме бастығы немесе оның міндетін атқарушы адам бекіткен кестемен белгіленеді, бұл ретте, бір сотталғанның жуыну ұзақтығы 1 сағаттан кем болмауы тиіс.

      Сотталғандар күн тәртібінен бос уақытта, мекеме әкімшілігі белгілеген орындарда дене шынықтыру жаттығуларымен айналысады.";

      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Туберкулезден емдеуге арналған мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарда ұсталатын сотталғандар және мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдардың стационарлық жағдайында медициналық көмек алып жатқан ауыр сырқаттанған сотталғандар медициналық көрсеткіштердің негізінде берілген емдеуші дәрігердің жазбаша рұқсатымен тамақты тұратын жерлерінде (медициналық палаталарда не бактерия бөлетін туберкулезбен ауыратындарға арналған бөлімшелердегі ас қабылдау бөлмелерінде) қабылдайды.";

      35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тексеру плацта жасақтар бойынша сапқа тұрғызу арқылы жүргізіледі. Сотталғандарды карточкалары бойынша салыстырып тексеру, содан кейін сотталғандардың жалпы санын есептеу жүргізіледі.

      Сотталғанның тегі оқылған кезде, ол "Мен" немесе "Я" деген сөздермен дыбыс береді, екі метрден аспайтын қашықтықта қызметкердің алдына келіп, жеке басын карточкадағы фотосуретпен салыстыру үшін бас киімін шешеді, (қысқы кезеңнен басқа) және атын және әкесінің атын (болған кезде) анық және түсінікті түрде атайды. Содан кейін саптың қарама-қарсы жағындағы өз орнына өтеді.

      Сапқа тұрғызудан түнгі ауысымдағы жұмыстан кейін демалып жатқандар, төсек тартып жатқан ауруы бойынша босатылған сотталғандар, сондай-ақ тастап кетуі мүмкін емес жұмыстардағы сотталғандар босатылады. Мұндай адамдардың бар-жоғын тексеру олар орналасқан орындарда жүргiзiледі.

      Өзіне өзі қызмет көрсете алмайтын және арнаулы жүрiп-тұру құралдарынсыз (кресло-арбалар) жүріп-тұра алмайтын І және ІІ топ мүгедектердің бар-жоғын тексеру, медициналық қорытынды болған кезде оқшауланған учаскеде жүзеге асырылады.

      Мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарда сотталғандарды тексеру оқшауланған учаскелер не палаталар бойынша жүргізіледі.";

      45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "45. Жалғыз адамдық камераларда, қауіпсіз орында, жазаны өтеудің қатаң жағдайында ұсталатын, ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандар үшін тамақ өнімдерін, оның ішінде шайды және бірінші кезекте қажетті заттарды олардың өтінімдері бойынша мекеменің тиісті қызметінің қызметкерлері сатып алады. Сатып алынған тауар осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім негізінде қолын қойғызу арқылы сотталғанға беріледі.";

      46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "46. ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандардан басқалары, сотталғандар өздерiнiң қалауы бойынша өз қаражаттары есебінен мекемелердің орналасқан ауданындағы коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету кәсiпорындарының, медициналық ұйымдарының қосымша қызметтерiн пайдалана алады.";

      57-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "57. Саны мен түр-түрі медициналық қорытындыда айқындалған, сондай-ақ сотталған жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға арналған сауқаттар мен сәлемдемелер тексеруден кейін адресаттарға беріледі. Медициналық қорытындыға сәйкес сотталғандар алатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар мекемеде орналасқан медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлеріне беріледі. Бұл ретте, медициналық қорытындыға сәйкес сотталғандар алатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жазаны өтеу жағдайларына сәйкес рұқсат етілген сауқат пен сәлемдемелер санына енгізілмейді.";

      58-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "58. Тәртiптiк изоляторларда ұсталған сотталғандарға сауқат және бандерольдер жазалау шарасын өтегеннен кейін тапсырылады, ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандарға мекеме әкiмшiлiгi камерада тапсырады. Мекеме әкiмшiлiгi сауқат және бандерольдердің ішіндегілердің сақталуын қамтамасыз етедi, алайда ішіндегі заттардың ұзақ уақыт сақтау салдарынан табиғи бұзылуына жауапты болмайды.";

      95-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "95. Сотталғандарға заң көмегін алуы үшiн олардың өтiнiмi бойынша адвокаттармен кездесулер олардың санына, ұзақтығына шектеу қоймай, құпиялылығын қамтамасыз ететiн жағдайларда берiледi. Сотталғанның қалауы бойынша кездесулер бөлу қоршауынсыз оңаша берiлуi мүмкiн, ал ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандарға арнайы жабдықталған бөлмеде берiледi.";

      98-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "98. Мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдардағы сотталғандарға кездесулер сотталғандарда медициналық жағынан қарсы көрсеткiштер болмаған жағдайда ҚАК-нің 92, 136, 138, 140, 141, 143, 145, 151-баптарында белгіленген нормалар бойынша беріледі.";

      99-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "99. Жұқпалы аурулар туындауын және таралуын ескерту мақсатында мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдардағы сотталғандарға, бактерия бөлетін туберкулезбен ауыратындарға ұзақ мерзiмді кездесулер берілмейді.";

      104-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "104. Жазаны өтеудің қатаң жағдайларында ұсталатын сотталғандарға, сондай-ақ тәртiптiк изоляторға, жалғыз адамдық камераға және уақытша оқшаулау үй-жайларында қамалған сотталғандарға жұбайы (зайыбы), жақын туысы қайтыс болған немесе науқастың өміріне қатер төндіретіндей қатты ауырған, оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтірген дүлей зілзала болған айрықша жағдайларда телефон арқылы сөйлесуге рұқсат беріледі.

      Жоғарыда көрсетілген себептер бойынша ерекше мән-жайлардың бары қайтыс болу туралы куәлікпен, медициналық ұйымдардың және жергілікті атқарушы органдардың анықтамаларымен расталады.

      Осы телефон арқылы сөйлесулерді ұсынған кезде мекеме әкімшілігі сотталғанның қауіпсіздігін және оқшаулануын қамтамасыз етеді.

      Айрықша жеке жағдайларға әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу жатады. Бұл жағдайда жазаны өтеудің қатаң жағдайларындағы, жалғыз адамдық камерадағы, уақытша оқшаулау үй-жайындағы сотталғандарға жақын туыстарымен телефон арқылы сөйлесу айына бір рет беріледі.";

      123-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "123. Мәдени-бұқаралық іс-шаралар, еңбекке пайдалану, тамақтану, медициналық тексеру, санитарлық тазарту, амбулаториялық жағдайларда медициналық көмек көрсету, сотталғандарды жеке мәселелерi бойынша қабылдау олардың тұратын жері бойынша ұйымдастырылады.";

      131-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "131. Тәртіптік изоляторларда, жалғыз адамдық камераларда және уақытша оқшаулау үй-жайларында ұсталатын сотталғандарды медициналық тексеру және амбулаториялық жағдайларда медициналық көмек арнайы жабдықталған үй-жайда жүзеге асырылады. Санитарлық тазарту басқа сотталғандардан бөлек жүргiзiледi. Науқас сотталғандар медициналық көрсеткiштерi бойынша жеке камераларға орналастырылады.";

      134-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "134. Сотталғандарды, қасақана өз-өзiне қандай да бiр зақым келтіру немесе ауруын сылтауратумен байланысты емес себептер бойынша тәртiптiк изоляторлардан, жалғыз адамдық камералардан және уақытша оқшаулау үй-жайларынан мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарға ауыстырған жағдайда, олардың мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарда болу мерзiмi жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.";

      153-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "153. Сотталғандардың медицина қызметкерінің қабылдауына (медициналық қарап-тексеруге) алдын ала жазылуы сотталғандардың өтініші бойынша бақылаушылар қызметі кезекшілікті қабылдау-тапсыру және сотталғандарды салыстырып тексеру кезінде жүзеге асырылады.

      Емдеуге жатқызу кезінде сотталған стационарлық жағдайда медициналық көмек алу үшін мекемеде орналасқан медициналық ұйымға ауыстырылады. Мекемеде орналасқан медициналық ұйымда медициналық бұйымдардың және (немесе) тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауына байланысты медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда, сотталған өзге тиісті медициналық ұйымға емдеуге жатқызылады.";

      9-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9-тарау. Өмір бойына бас бостандығынан айыруға және өлім жазасы түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандардың, сондай-ақ қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде ұсталатын сотталғандардың жазаны өтеу ерекшеліктері";

      1-параграфтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-параграф. Өмір бойына бас бостандығынан айыруға және өлім жазасы түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандардың жазаны өтеу ерекшеліктері";

      155-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "155. ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандар:

      1) мекеменің аумағы бойынша міндетті еріп жүрумен және қолына артқы жағынан тағылған қол кісендерімен, сондай-ақ көзіне киілген селдір емес материалдан жасалған таңғышпен (сейілдеу алаңдарында, монша бокстарында, тұрғын және жұмыс камераларында болу уақыттарынан басқа) алып жүргізіледі;

      2) осы Қағидаларға 16-қосымшаға сәйкес ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандарға камераларда ұстауға рұқсат берілген Заттар мен нәрселердің тізбесіне сәйкес заттар мен нәрселерді камераларда сақтайды;

      3) мекеменің кітапханасынан алынған көркем және өзге әдебиетті пайдаланады.";

      156-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "156. Жазаны өтеу кезеңінде қылмыс жасаған ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандар тергеу изоляторына ауыстырылмайды. Тергеу амалдары жазаны өтеу орны бойынша жүргізіледі.";

      157-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "157. ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандарға медициналық көмек көрсету бекет дәлізінде орналасқан арнайы уақытша ұстау камерасында жүргізіледі, онда сотталғандарға қажетті көмек көрсетіледі. Сотталғандарды мекемелер аумағынан тыс жерге этаппен жөнелтуге жол бермеу мақсатында мекемеде арнайы кабинеттер жабдықталады, онда хирургиялық үстел, стоматологиялық кресло, рентген аппараты сотталғандарға қол кісенін бекітуге арналған кронштейнмен жабдықталған.

      Туберкулездің ауыр түріне және ішкі ағзаларының қабынуына шалдыққан сотталғандар камералық ұстау мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда болады. Камераларға әкімшілік келген кезде осы санаттағы сотталғандарды сапқа тұрғызу көзделмейді.";

      158-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) дәрігердің рұқсатынсыз құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттектер, олардың аналогтары мен прекурсорлары бар дәрілік заттарды сатып алуға, сақтауға және пайдалануға;";

      172-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "172. Мекемелер шегінен тыс жерде тұратын сотталғандарға медициналық қызмет көрсету мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарда жүзеге асырылады.";

      11-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "11-тарау. Мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарда ұсталатын сотталғандардың жазаны өтеу ерекшеліктері";

      176-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) мекеме белгілеген күн тәртібі мен мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдар үшін көзделген киім нысанын сақтайды;";

      3-қосымшаның ескертпесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ескертпе:

      1. Күн тәртібі әр мекемеде жергілікті жағдайларға, күннің ұзақтығына, жыл маусымына қарай жасалады.

      2. Егер сотталғандар өндірісте бірнеше ауысыммен жұмыс істеген жағдайда, күн тәртібі әр ауысым үшін жасалады.

      3. Мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарда, карантин бөлімшесінде, жазаны өтеудің қатаң жағдайында, жалғыз адамдық камераларда, тәртіптік изоляторларда, уақытша оқшаулау үй-жайларында, сондай-ақ камералық ұстау жағдайларында ұсталатын сотталғандардың күн тәртібі жеке белгіленеді.";

      4-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      8-қосымшаның 18) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "18) мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарда сақталатын дәрігердің/фельдшердің тағайындауы бойынша дәрілік заттар;";

      8-қосымшаның 19) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "19) бала күтіміне арналған заттар (өздерімен бірге 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге медицина қызметкерінің рұқсатымен);";

      16-қосымшаның тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "ӨББА-ға және ӨЖББАА-ға сотталғандардың камераларында болуға рұқсат етiлетiн заттар мен нәрселердің тiзбесi".

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 2-тармағының 10) тармақшасын, 3-тармағын, 7-тармағының 2-абзацын, 11, 18, 29, 35, 57, 98, 99, 104, 123, 131, 134, 153-тармақтарын, 157-тармағының 2-абзацын, 158-тармағының 6) тармақшасын, 172-тармағын, 11-тарауының тақырыбын, 176-тармағының 1) тармақшасын, 3-қосымшасының ескертпесін, 4-қосымшасын, 8-қосымшасының 18) тармақшасын, 8-қосымшасының 19) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
М. Ахметжанов
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
2022 жылғы 16 мамырдағы
№ 342 бұйрығына
қосымша
Қылмыстық-атқару жүйесі
мекемелерінің ішкі
тәртіптеме қағидаларына
4-қосымша

Сотталғандарды пайдалануға жол берілмейтін жұмыстар мен лауазымдардың тiзбесi

      Сотталғандарды:

      қадағалау, бақылау және күзет техникалық құралдарын күту және жөндеу бойынша;

      оларға ерiктi жалданушы қызметкерлердi бағындырумен байланысты;

      сатушы, бухгалтерлер-операционисттер, кассирлер, азық-түлiк, зат қоймаларының меңгерушісі ретінде, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерде күрделi және қымбат жабдықтармен жұмысқа пайдалануға жол берілмейді.

      Сондай-ақ сотталғандарды:

      құпия және таралуы шектеулі құжаттарды, қызметкерлер мен сотталғандардың жеке істерін сақтау, сондай-ақ олармен жұмыс істеу;

      қару, оқ-дәрілер, қадағалау, бақылау және күзеттің арнайы құралдары мен техникалық құралдарын сақтау және есебін жүргізу, сондай-ақ дәрілік заттарды, жарылғыш, уландырғыш және улы заттарды есепке алу, сақтау және беру;

      ҚАЖ объектілерінді күзетуге тартылған жеке құрамды орналастыру жүзеге асырылатын үй-жайларда тікелей жұмыс істеуге тартуға жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады