"Аң аулау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/157 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 27 мамырдағы № 188 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 31 мамырда № 28305 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Аң аулау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/157 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11091 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      Аң аулау қағидаларына 11-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрі
С. Брекешев
     
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрі
2022 жылғы 27 мамырдағы
  № 188 Бұйрыққа қосымша
Аң аулау қағидаларына
11-қосымша

      Нысан

Аң аулауды өткізу мерзiмдерi

Жануарлар түрлері

Аң аулау мерзiмдерi

Су тышқан (ондатра)

1 қазан – 15 ақпан

Кәдiмгi тиiн

20 қазан – 15 ақпан

Қарсақ, түлкi, бұлғын, құну, сарғыш күзен, ақ қалақ, ақкiс, сары күзен, сасық күзен, американ су күзенi, кәмшат (ортаазиялықтан басқасы), сiлеусiн (түркістандықтан басқасы), жанат, қоян (ақ қоян, ор қоян)

1 қараша – 15 ақпан (аң аулайтын ит түрлерімен және аушы жыртқыш құстармен қарсақ, түлкі және қоян аулау солтүстiк аймақта** 15 қазаннан бастап аулау)

Құм қоян

1 қарашадан бастап – 31 қаңтарды қос алғанда

жанат тектес ит

1 қыркүйектен ұйқыға жатқанға дейін

Зорман (сары тышқан)

ұйқыдан шыққаннан бастап – 30 сәуiрге дейін

Суырлар*

5 маусымнан бастап ұйқыға жатқанға дейін оңтүстік аймақта***
15 маусымнан бастап ұйқыға жатқанға дейін солтүстiк аймақта**

Шалшықшылар, жылқышы

1 шілдеден бастап 30 қарашаға дейін (аталық жылқышыны көктемгі аулауға 1 наурыз – 30 сәуір кезеңінде 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге рұқсат етіледі)

Бөдене, кептер, түркептер

20 тамыздан бастап 30 қарашаға дейін (аң аулайтын иттермен және аушы жыртқыш құстармен 15 шілдеден бастап ұшып кеткенге дейін бөдене аулау)

Маймаққаз, қаз*, қарашақаз, үйрек*, қасқалдақ

Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары – тамыздың соңғы сенбісінен 30 қарашаға дейін
Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстар қыркүйектің бірінші сенбісінен бастап 15 желтоқсанға дейін.
Атырау облысы – 15 қырүйектен 15 желтоқсанға дейін.
Маңғыстау, Түркістан облыстары – қыркүйектің екінші сенбісінен – 31 желтоқсанға дейін
(аталық үйректерді көктемгі аулауға 1 наурыз – 15 мамыр кезеңінде 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге рұқсат етіледі)

Шiл (аққұр, тундралық, сұр, далашiлi, сақалдышiл), шіл

қыркүйектің алғашқы сенбісінен – 30 қарашаға дейін

Құр

15 қыркүйектен – 30 қарашаға дейін (аталық құрларға көктемгi аулауға 10 сәуір – 15 мамыр кезеңiнде 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзiмге рұқсат етiледi)

Қоңыраю (тянь-шаньаюынан басқа)

қыркүйектің алғашқы сенбісінен – 30 қараша аталықтарымен қысыр қалған аналықтарын көктемгi аулауға 15 сәуір – 15 мамыр кезеңiнде 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзiмге рұқсат етiледi. (халықтың денсаулығы мен өміріне қатер төнген, материалдық залал келтірген жағдайда, уәкілетті органның және жерілікті атқарушы органдардың мамандандырылған ұйымдарының аң аулау мерзімдеріне қарамастан қоңыр аюды атуына жол беріледі)

Борсық

15 қыркүйектен – 31 қарашаға дейін

қабан, құдыр

қыркүйектің алғашқы сенбісінен – 31 желтоқсан

Сібір елігі, сібір тау ешкісі, марал, аскания бұғысы, бұлан

15 шілдеден аталықтарына, 15 қырк.йектен 31 желтоқсанға дейін аналық пен төлдерге

Саңырау құр

1 қазан – 30 қараша аталықтарын көктемгi аулауға 10 сәуірінен – 15 мамыр кезеңiнде 15 күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмге рұқсат етіледi

Гималай ұлары, кекiлiк

15 қазан – 31 желтоқсан

Құндыз

15 қыркүйектен – 30 қараша

Қырғауыл

15 қараша – 31 желтоқсан

      Ескертпе:

      * – Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген түрлерден басқа.

      ** – солтүстік аймақ: Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Қарағанды облысының Осакаров, Бұқар жырау, Нұра, Қарқаралы, Абай аудандары, Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Көкпекті, Катонқарағай, Жарма, Ұлан, Абай, Зырян, Глубокое, Шемонаиха, Бородулиха, Бесқарағай аудандары, сондай-ақ Семей және Риддер қалаларының әкімшіліктеріне бағынысты жерлер.

      *** – оңтүстік аймақ: Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары, Қарағанды облысының Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай, Ұлытау аудандары, Шығыс Қазақстан облысының Аягөз, Тарбағатай, Зайсан, Үржар аудандары.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады