БҰЙЫРАМЫН:
1. "Патронаттық тәрбие туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 14 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10285 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Патронаттық тәрбие туралы ережеде:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;
2) патронат тәрбиеші – қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган (бұдан әрі – орган) баланы (балаларды) оның ішінде білім беру ұйымдарындағы, медициналық немесе басқа да ұйымдағы баланы (балаларды), қылмыс жасады деп күдіктенген баланы патронаттық тәрбиеге беру туралы шарттың негізінде баланы (балаларды) (бұдан әрі – шарт) тәрбиелеуге берген адам;
3) туыстар – үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін ортақ ата-бабалары бар туыстық байланыстағы адамдар.";
9, 10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Мына адамдарды:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлеті шектеулi деп таныған адамдарды;
2) сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;
3) өзіне Қазақстан Республикасының заңында жүктелген мiндеттердi тиісінше орындамағаны үшiн қорғаншы (қамқоршы) мiндеттерін орындаудан шеттетiлгендердi;
4) егер бала асырап алуды сот олардың кiнәсi бойынша жойса, бұрынғы асырап алушыларды;
5) денсаулық жағдайы бойынша баланы қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерін орындай алмайтын адамдарды;
6) тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды;
7) қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу кезінде қасақана қылмыс жасағаны үшін жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар адамдарды;
8) азаматтығы жоқ адамдарды;
9) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдарды;
10) қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеу кезінде қамқорлыққа алынған баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдарды;
11) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдарды;
12) адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халық денсаулығына және адамгершілікке, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы қылмыстық құқық бұзушылығы үшін соттылығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдарды (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда);
13) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодекстің 91-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен психологиялық даярлықтан өтпеген азаматтарды (баланың жақын туыстарын қоспағанда) қоспағанда, тек кәмелетке толған тұлғалар патронат тәрбиешілер болып табылады.
10. Баланы (балаларды) патронаттық тәрбиеге алуға тілек білдірген адам органға мынадай құжаттарды:
1) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша патронаттық тәрбиеші болу және ақшалай қаражат төлеуді тағайындау туралы өтінішті (бұдан әрі – өтініш);
2) тұлғаны куәландыру құжатын (тұлғаны сәйкестендіру үшін);
3) егер патронат тәрбиеші болуға тілек білдірген адам некеде тұрса, зайыбының (жұбайының) нотариалды куәландырылған келісімін;
4) егер некеде тұрса, некеге тұру туралы куәліктің көшірмесін;
5) тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттардың көшірмесін;
6) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12127 болып тіркелген) бекітілген Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуына мүмкін болмайтын аурулардың тізбесіне сәйкес ауруының жоқ екендігін растайтын патронат тәрбиеші болуға тілек білдірген адамның және егер некеде тұрса зайыбының (жұбайының) денсаулық жағдайы туралы анықтаманың, сондай-ақ "Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 мамырдағы № ҚР ДСМ-49/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20665 болып тіркелген) бекітілген нысандарына сәйкес наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде тіркеуде тұрғандығы туралы мәліметтің жоқтығы туралы анықтаманы;
7) білімі туралы дипломның көшірмесін;
8) баланың (балалардың) білім беру ұйымында оқуы туралы анықтаманы (мектеп жасындағы балалар үшін);
9) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есептері бойынша адамның қылмыс жасағаны туралы мәліметтердің бар не жоқ екендігі туралы анықтама;
10) "Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын психологиялық даярлау бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптарды, оларды психологиялық даярлау жөніндегі қызметті ұйымдастыру тәртібін және осындай даярлықтан өткені туралы сертификаттың нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 27 сәуірдегі № 165 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20507 тіркелді) бекітілген нысанына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасы азаматтарының психологиялық даярлықтан өткені туралы сертификат (баланың жақын туыстарын қоспағанда);
11) екінші деңгейдегі банкте дербес шоттың ашылуы туралы шарт;
12) баламен (балалармен) туыстық фактісін растайтын құжаттардың көшірмелері (туыстары, баланың (балалардың) өгей әкесі (өгей шешесі) үшін) ұсынады.
Бала (балалар) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тұрған жағдайда баланың (балалардың) туу туралы куәлігін көрсетілетін қызметті берушіге тапсырылатын тізбенің 8) тармақшасындағы көрсетілген құжаттардың электронды көшірмелерін тіркеу талап етілмейді.
Кодекстің 122-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес орган жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды туыстарына, өгей әкелеріне (өгей шешелеріне) патронаттық тәрбиелеуге береді.
11. Құжаттарды тексеру қорытындылары бойынша орган өтініш берілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде баланы (балаларды) патронаттық тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдерген адамдардың тұрғын үйін тексереді, нәтижелері бойынша осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын тексеріп-қарау актісін жасайды және осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шартты жасау мүмкіндігі (мүмкін еместігі) туралы қорытынды (бұдан әрі – Қорытынды) шығарады.
Қорытындыға қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде орган оның түпнұсқасын баланы (балаларды) патронаттық тәрбиелеуге алуға тілек білдірген адамдарға береді және оң қорытынды алған тұлғалар туралы мәліметтерді Кодекстің 118-3-бабына сәйкес Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкіне (бұдан әрі – Республикалық деректер банкі) енгізеді.
Баланы патронаттық тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген, оң қорытынды алған адамдар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 16 қарашадағы № 661 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14666 болып тіркелген) бекітілген Республикалық деректер банкін қалыптастыру және пайдалану қағидаларына сәйкес балаларды Республикалық деректер банкінде іріктеуді жүзеге асырады.";
26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"26. Патронат тәрбиешілердің еңбегіне ақы төлеу шарттары "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес патронаттық тәрбиешіге ақы төлеу бір жылға дейін еңбек өтілі бар білім саласындағы санаты жоқ біліктілігі орта деңгейдегі (В4-4) негізгі персоналдың лауазымдық айлықақысы мөлшері есебімен жүргізіледі.";
35-тармаққа орыс тілінде өзгеріс енгізілді, мемлекеттік тіліндегі мәтіні өзгермейді;
37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"37. Патронаттық тәрбиеге берілген баланы (балаларды) тәрбиелеуге және күтіп-бағуға бақылауды органдар 6 айда кемінде 1 рет:
1) патронаттық тәрбиеге берілген балаға (балаларға) оның тәрбиелену және күтіп-бағылу жағдайларын тексеру мақсатында бару;
2) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес оңалту іс-шараларының, оның ішінде оңалту құралдарының уақтылы ресімделуіне және алынуына, сондай-ақ мүгедектігі бар баланың оны мақсатты пайдалануына бақылау жасау;
3) патронат тәрбиешілердің патронаттық тәрбиеге берілген баланы (балаларды) тәрбиелеу және күтіп-бағу үшін материалдық құралдарды пайдалануын тексеру түрінде жүзеге асырады.";
Патронаттық тәрбие туралы ереженінің 2-қосымшасының оң жақ жоғарғы бұрышы жаңа редакцияда жазылсын:
"Нысан Бекітемін Республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқарманың, аудандардағы, облыстық маңызы бар қалалардағы білім бөлімінің басшысы ____________________________ (тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда) 20 ___ жылғы "__"__________ ____________________________ күні, қолы, мөрдің орны"; |
Патронаттық тәрбие туралы ереженінің 3-қосымшасының оң жақ жоғарғы бұрышы жаңа редакцияда жазылсын:
"Нысан Бекітемін Республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқарманың, аудандардағы, облыстық маңызы бар қалалардағы білім бөлімінің басшысы ____________________________ (тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда) 20___ жылғы "__" ___________ ____________________________ күні, қолы, мөрдің орны". |
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі |
А. Аймағамбетов |