"Педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 153 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 қыркүйектегі № 410 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 қыркүйекте № 29874 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 153 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20449 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларында:

      10 және 11 – тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ұйымдарында, үш ауысымды оқыту режимінде жұмыс істейтін және оқушы орны тапшы білім беру ұйымдарынан басқа орта білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді.

      11. Білім беру ұйымдарының бес күндік жұмыс аптасы режимінде жұмыс істейтін педагогтер үшін демалыс күндері сенбі және жексенбі болып табылады.

      Үш ауысымда оқытатын білім беру және оқушы орны тапшы білім беру ұйымдарында алты күндік жұмыс аптасы режимінде жұмыс істейтін педагогтер үшін демалыс күні жексенбі болып табылады.

      Тәрбиеленушілер үшін шарттық негізде қосымша білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметтерін іске асыратын мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен педагогтері үшін жұмыс уақыты мен демалыс режимі ішкі тәртіп қағидаларында белгіленеді.";

      13–тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Педагогтер үшін демалыс және жұмыс істемейтін мереке күндері оқу жүктемесі мен оқу сабақтарының ауысым кестесін ескере отырып, білім беру ұйымының жұмыс режиміне байланысты белгіленеді.

      Білім алушылардың тәулік бойы болуы және белгілі бір уақыт, маусым ішінде болуы көзделген білім беру ұйымдарының педагогтері үшін білім беру ұйымдарының үлгілері мен түрлеріне, оқу сабақтарының ауысымдылығына және жұмыс кестесіне байланысты кемінде 12 сағат көлемде ауысымаралық демалыс беруді ескере отырып, жұмыс уақыты белгіленеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
А. Аймағамбетов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады