Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 11 қазандағы № 139 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 14 қазанда № 30157 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 24.11.2022 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2022 жылғы 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
Ю. Ильин

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Экология, геология және табиғи

      ресурстар министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
2022 жылғы 11 қазандағы
№ 139 бұйрығымен
бекітілген

Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және биологиялық тәуекелдерді бағалауды және биологиялық тәуекелдерді азайту бойынша іс-шараларды ұйымдастыруды қамтитын биологиялық тәуекелдерді басқаруды айқындайды.

      2. Осы Әдістемеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі – халыққа және мемлекеттік органдарға адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатер туралы, қалыптасқан жағдайда әрекет ету тәртібі туралы хабар беруді қамтамасыз ететін бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы;

      2) азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шаралары – бұл халықты қорғау, соғыс уақытында экономика объектілері жұмысының тұрақтылығын арттыру, ықтимал қираулардың, қазіргі заманғы зақымдаушы құралдарды қолдану салдарынан халықтың шығынын болдырмау немесе азайту, зақымдау ошақтарында, авариялар және дүлей зілзалалар аудандарында авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін жағдай жасау мақсатында жүргізілетін іс-шаралар кешені;

      3) биологиялық қауіпсіздік – адамдардың және табиғи ортаның жекелеген компоненттерінің (атмосфералық ауаның, жерүсті және жерасты суларының, жер бетінің және топырақ қабатының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің және өзге де организмдердің (бұдан әрі – табиғи ортаның жекелеген компоненттері) қауіпті биологиялық факторлардан қорғалуының, оның ішінде биологиялық қорғау шараларымен қамтамасыз етілетін жай-күйі;

      4) биологиялық тәуекелдерді бағалау – биологиялық тәуекелдерді басқару элементі және патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге байланысты қызметтің әртүрлі салаларында қауіпті биологиялық факторлардың, құралдардың, әдістердің, технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің әсерінен теріс салдарлар туындауының алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық, аналитикалық және практикалық іс-шаралар жиынтығын білдіреді;

      5) мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар) – жануарлардың өлекселерін залалсыздандыруға арналған, санитарлық қорғаныш аймағын - арнайы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ өнеркәсіп ұйымдары мен елді мекендегі басқа да өндірістік, коммуникациялық және қойма объектілерін оларға қолайсыз факторлардың әсерін азайту мақсатында жақын аумақтардан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардан сақтай отырып орналасқан құрылыс;

      6) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу – патогенді биологиялық агенттерді зерттеу, жою және (немесе) иммундық-биологиялық препараттарды әзірлеу мақсатында оларды бөлуге (табуға), әзірлеуге (жасауға), өндіруге (дайындауға), олардың айналымына (оның ішінде әкелуге (әкетуге), сақтауға, тасымалдауға) тікелей бағытталған патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу процестері (сатылары);

      7) патогенді биологиялық агент – адамның, жануардың немесе өсімдіктің организмінде инфекциялық және (немесе) паразиттік процесті туғызуға қабілетті микроорганизмдер, биологиялық және өсімдік тектес улар (уыттар), гельминттер, нематодтар.

      3. Биологиялық тәуекелдер төрт деңгейге бөлінеді:

      1) биологиялық тәуекелдің төмен деңгейі – табиғи зілзаланың, ірі аварияның немесе апаттың салдарынан, ықтимал қауіпті биологиялық объектінің бұзылуы нәтижесінде адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туындатуға қабілетті және жұқтырған организмнен сау организмге таралмайтын, вакциналарды қоса алғанда оларға қатысты емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері бар қалыптасқан жағдай;

      2) биологиялық тәуекелдің орта деңгейі – табиғи зілзаланың, ірі аварияның немесе апаттың салдарынан, ықтимал қауіпті биологиялық объектінің бұзылуы нәтижесінде адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туындатуға қабілетті, жұқтырылған организмнен сау организмге барынша аз таралатын және (немесе) жұқтырылған организмнен сау организмге жеңіл таралатын, вакциналарды қоса алғанда оларға қатысты тиімді емдеу құралдары мен алдын алу және қолжетімді тәсілдері бар қалыптасқан жағдай;

      3) биологиялық тәуекелдің жоғарғы деңгейі – табиғи зілзаланың, ірі аварияның немесе апаттың салдарынан, ықтимал қауіпті биологиялық объектінің бұзылуы нәтижесінде адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің аса қауіпті инфекциялық ауруларын жұқтырылған организмнен сау организмге оңай тарайтын, оның ішінде оларға қатысты вакциналар мен тиімді емдеу құралдары жоқ қалыптасқан жағдай;

      4) биологиялық тәуекелдің жол берілетін деңгейі – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, қарсыластың қазіргі заманғы зақымдаушы құралдарды қолданған жағдайында қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен халықты қорғау және табиғи ортаның жекелеген компоненттерін қорғау бойынша қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етумен биологиялық тәуекелдердің төмен, орта және жоғарғы деңгейлері алып тасталатын жағдай.

      4. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар (бұдан әрі - төтенше жағдайлар) салдарының нәтижесінде адамдар мен жануарлардың және өсімдіктердің биологиялық жұғу жағдайын тудыратын ықтимал қауіпті биологиялық объектілер:

      1) өз қызметінде патогенді биологиялық агенттерді қолданатын ұйымдар (объектілер);

      2) мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар) және қауіпті патогенді биологиялық агенттерді көму және кәдеге жарату орындары.

      5. Төтенше жағдайлар орын алған кезде салдарынан ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге, сондай-ақ мал қорымдарына (биотермиялық шұңқырлар) және қауіпті патогенді биологиялық агенттерді көму және кәдеге жарату орындарына әсерін тигізген жағдайда биологиялық зақымданудың тарау қаупі:

      1) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің құрылысының, ғимаратының қирауы;

      2) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерде өрт, жарылыс болуы;

      3) мал қорымдарын және патогенді биологиялық агенттерді көму орындарының су басуы немесе су жайылуы;

      4) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің төтенше жағдайларға бейім аумақтарда орналасуы;

      5) патогенді биологиялық агенттерді тасмалдау.

2-тарау. Биологиялық тәуекелдерді басқару

1-параграф. Биологиялық тәуекелдерді бағалау

      6. Биологиялық тәуекелдерді бағалау патогенді биологиялық агенттермен (бұдан әрі - ПБА) жұмыс істеуге, ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге, инфекциялық және (немесе) паразиттік аурулардың эпидемиялық және эпизоотиялық ошақтарына және ықтимал ошақтық аумаққа қатысты жүргізіледі.

      7. Биологиялық тәуекелдерді бағалау ішкі және сыртқы болып бөлінеді.

      8. Биологиялық тәуекелдерді ішкі бағалауды патогенділігі І және ІІ ПБА-мен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілер жүргізеді.

      Ішкі бағалау шеңберінде тәуекел деңгейі және оны жоюға немесе ең төменгі деңгейге дейін төмендетудің ықтимал шаралары бағаланады. Ішкі бағалау нәтижелері бойынша Объектінің биологиялық қауіпсіздігі туралы қорытынды еркін нысанда жасалады.

      9. Объектінің биологиялық қауіпсіздігі туралы қорытынды:

      1) персонал мен халыққа жақын тұратын адам үшін қауіпті объектінің тәуекел деңгейі туралы;

      2) қауіпті объектіде төтенше жағдайлардың туындау мүмкіндігі туралы;

      3) ықтимал салдарларды бағалау туралы;

      4) төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды және қауіпті объектідегі төтенше жағдайларды жоюға әзірлікті бағалау туралы;

      5) қауіпті объектідегі төтенше жағдайлардың қатері мен салдарларын азайту жөніндегі іс-шаралар туралы;

      6) азаматтық қорғаудың объектілік құралымдарының қауіпті объектідегі төтенше жағдайларды жоюға әзірлігі мен жарақтандырылуы туралы;

      7) персоналдың жеке қорғану құралдарының болуы және жай-күйі туралы ақпаратты қамтиды.

      Қорытындыға биологиялық тәуекелдерді жою немесе жол берілетін деңгейге дейін төмендету жөніндегі қорытындылар мен ұсынымдар қоса беріледі.

      10. Жыл сайын тиісті жылдың 1 қаңтар жағдайы бойынша объектінің биологиялық қауіпсіздігі туралы қорытынды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне ұсынылады.

      11. Биологиялық қатерлерді сыртқы бағалау мүдделі мемлекеттік органдардан, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарынан және патогендігі І және ІІ ПБА пайдаланатын ұйымдардан, сондай-ақ азаматтық қорғаныс және өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша ақпарат жинау арқылы жүргізіледі.

      12. Биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалауды жүргізу тәртібі мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) ықтимал қауіпті биологиялық объектілер бойынша мәліметтер мен деректерді жинау және талдау (биологиялық қауіпсіздік саласындағы, ветеринария саласындағы, өсімдіктер карантині жөніндегі, өсімдіктерді қорғау саласындағы уәкілетті органдардың және ұйымдардың ұсынған деректеріне сәйкес);

      2) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің ішкі есебін жүргізу;

      3) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерде өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласында мемлекеттік бақылауды жүргізу.

      13. Биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалауды жыл сайын тиісті жылдың 1 қыркүйегіне дейін азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері белгіленген құзыреті шегінде жүргізеді. Сыртқы бағалау қорытындысы бойынша биологиялық тәуекелдердің болуына және тәуекелдерді жол берілетін деңгейге дейін төмендету жөніндегі іс-шаралардың тиімділігіне талдау жасалады. Өткізілген іс-шаралардың нәтижелері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетіне ұсынылады.

      14. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау нәтижелері бойынша биологиялық тәуекелді жол берілетін деңгейге дейін төмендету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу жөнінде ұсынымдар жасалады және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына және І және ІІ патогенділік ПБА пайдаланатын ұйымдарға жіберіледі.

2-параграф. Биологиялық тәуекелдерді азайту бойынша іс-шараларды ұйымдастыру

      15. Патогенділігі І және ІІ топтағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу бойынша қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда (объектілерде) биологиялық қатерлерді төмендету мақсатында мынадай іс-шаралар жүргізіледі:

      1) осы Әдістемеге қосымшаға сәйкес ықтимал қауіпті биологиялық объектінің қауіпсіздік паспорты әзірленеді;

      2) тасымалдау басталғанға дейін 3 күнтізбелік күн бұрын азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелесін патогенді биологиялық агенттерді тасымалдау көзделетіні туралы хабардар етеді;

      3) өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асырады;

      4) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерді салу, реконструкциялау кезінде азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шараларын ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;

      5) объект аумағын және жұқтырудың есептік аймағына түсетін халықты қамти отырып, ықтимал қауіпті биологиялық объектілерде жергілікті құлақтандыру жүйесін ұйымдастыруды және орнатуды жүзеге асырады;

      6) азаматтық қорғаныс бойынша іс-шараларды ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;

      7) Төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарын әзірлеуді және бекітуді жүзеге асырады;

      8) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің Азаматтық қорғаныс жоспарын әзірлеуді және бекітуді жүзеге асырады;

      9) жеке қорғану құралдарын және биологиялық барлау аспаптарын жинақтауды жүзеге асырады.

      16. Биологиялық қатерлерді төмендету мақсатында жергілікті атқарушы органдар мал қорымдарында (биотермиялық шұңқырларда) және қауіпті патогенді биологиялық агенттерді көму және кәдеге жарату орындарында мынадай іс-шаралар жүргізеді:

      1) жыл сайын су тасқыны кезеңі басталар алдында мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды) және қауіпті патогенді биологиялық агенттерді көму және кәдеге жарату орындарын қарап-тексеру актісін жасай отырып, көзбен шолып қарап-тексеру жүзеге асырылады;

      2) жылына кемінде бір рет Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырыстарында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің биологиялық қауіпсіздігінің жай-күйі туралы мәселелері қаралады;

      3) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын тиісті жылдың 1 шілдесіне дейін азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне мал қорымдарының (биотермиялық шұңқырлардың) тізілімін жүргізу қағидаларына қосымшаға сәйкес мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар) туралы деректерді (мәліметтерді) ұсынады Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 3 ақпандағы № 35 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19987 болып тіркелген).

  Биологиялық тәуекелдерді
басқару әдістемесіне
қосымша

Ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің паспорты

р/с № Сұрақтар Ақпарат Ескертпе

1

Азаматтық қорғаныс бойынша санаттағы объектінің атауы, мекенжайы,



2

Басшының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), байланыстары (ұялы, жұмыс телефоны, кезекшінің телефоны)



3

Объектінің қысқаша сипаттамасы және патогенді биологиялық агенттің түрі



4

Патогенді биологиялық агенттің саны (бірл./кг.)



5

Эпидемияның пайда болу қаупі және олардың қысқаша сипаттамасы



6

Ықтимал қауіпті биологиялық объектідегі жұмысшылар мен қызметшілердің саны



7

Қорғау құралдары (дезинфекциялау машиналарының түрі, саны, жай-күйі және маркасы, өңдеуге арналған химикаттардың көлемі)



8

Азаматтық қорғау құралымдары (күштер мен құралдар, жеке құрам, техника)



9

Жергілікті құлақтандыру жүйесінің болуы және қамту аймағы, жай-күйі



10

Басқа да мәліметтер




Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады