Сенімгерлік басқаруға берілген және талап етілмеген ақшаны есепке алу үшін орталық депозитарийде ашылған шотта есепке алынатын активтерді басқарудан түсетін инвестициялық кірісті бөлу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 23 қарашадағы № 104 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 29 қарашада № 30797 болып тіркелді.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 80-1-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Сенімгерлік басқаруға берілген және талап етілмеген ақшаны есепке алу үшін орталық депозитарийде ашылған шотта есепке алынатын активтерді басқарудан түсетін инвестициялық кірісті бөлу қағидалары бекітілсін.

      2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық Банкі

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2022 жылғы 23 қарашадағы
№ 104 қаулысына
қосымша

Сенімгерлік басқаруға берілген және талап етілмеген ақшаны есепке алу үшін орталық депозитарийде ашылған шотта есепке алынатын активтерді басқарудан түсетін инвестициялық кірісті бөлу қағидалары

      Осы Сенімгерлік басқаруға берілген және талап етілмеген ақшаны есепке алу үшін орталық депозитарийде ашылған шотта есепке алынатын активтерді басқарудан түсетін инвестициялық кірісті бөлу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 80-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және сенімгерлік басқаруға берілген және талап етілмеген ақшаны есепке алу үшін орталық депозитарийде ашылған шотта есепке алынатын активтерді басқарудан түсетін инвестициялық кірісті бөлу тәртібін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Орталық депозитарийдегі және талап етілмеген ақшаны есепке алу үшін ашылған шотта есепке алынатын активтерді сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) мен орталық депозитарий арасында жасалған сенімгерлік басқару туралы шарттың (бұдан әрі – шарт) негізінде Ұлттық Банк жүзеге асырады.

      2. Шарт жазбаша нысанда жасалады. Шартқа Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 44-тарауына сәйкес мүлікті сенімгерлік басқару шарты туралы нормалар қолданылады.

      3. Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруға берілген және талап етілмеген ақшаны есепке алу үшін орталық депозитарийде ашылған шотта есепке алынатын активтерді басқару нәтижесінде алынған инвестициялық кіріс (бұдан әрі – инвестициялық кіріс) Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында есептеледі.

      4. Ұлттық Банк шартқа сәйкес, бірақ жылына кемінде бір рет инвестициялық кіріс сомасы туралы орталық депозитарийге хабарлайды.

      5. Инвестициялық кіріс талап етілмеген ақшасы алдыңғы жылы орталық депозитарийде талап етілмеген ақшаға арналған шотта есепке алынған тұлғаларға не осы тұлғалардың мұрагерлеріне (құқықтық мирасқорларына) есептеледі.

      6. Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген тұлғаларға инвестициялық кірісті есептеу мақсатында орталық депозитарий күнтізбелік жылдың бірінші айының 15-нен кешіктірмей өзінің есепке алу жүйесінің деректері негізінде ағымдағы жылғы бірінші қаңтардағы сағат 00:00-дегі жағдай бойынша осындай тұлғалардың тізімін (бұдан әрі – тізім) қалыптастырады.

      7. Инвестициялық кірісті орталық депозитарий қалыптастырылған тізімде көрсетілген тұлғаларға күнтізбелік жылдың бірінші айының соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей есептейді.

2-тарау. Инвестициялық кірісті бөлу тәртібі

      8. Тізімге енгізілген адамдарға бөлуге жататын инвестициялық кіріс сомасын анықтау мақсатында, орталық депозитарий Ұлттық Банкпен салыстырылған инвестициялық кіріс сомасынан Ұлттық Банктің сенімгерлік басқару үшін комиссиясының сомасын, талап етілмеген ақшаны сенімгерлік басқаруға байланысты Ұлттық Банк іс жүзінде жұмсаған шығыстардың сомасын, сондай-ақ талап етілмеген ақшаны инвестициялау үшін орталық депозитарийдің комиссиясын шегереді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 26.06.2023 № 63 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Қағидалардың 8-тармағына сәйкес есептелген инвестициялық кіріс сомасын тізімге енгізілген тұлғалардың әрқайсысына бөлуді орталық депозитарий осы тұлғаға тиесілі ақша қалдығының сомасына және талап етілмеген ақшаны есепке алу үшін орталық депозитарийде ашылған шотта оны сақтау уақытына тепе-тең жүзеге асырады.

      10. Тізімге енгізілген тұлғалардың әрқайсысына бөлінуге тиіс сома үтірден кейін екі белгіге дейін дөңгелектенуге тиіс.

      Егер жеке тұлғаның инвестициялық кірісінің сомасы бір тиыннан кем болса, онда осы тұлғаға инвестициялық кіріс есептелмейді.

3-тарау. Қорытынды ережелер

      11. Қағидаларда реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, шартқа және (немесе) орталық депозитарийдің қағидалар жинағына сәйкес шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады