"Тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 267 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а. 2022 жылғы 30 қарашадағы № 1213 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 2 желтоқсанда № 30931 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 267 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16688 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 399-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату қағидаларында:

      1-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "1. Осы тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату қағидалары "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 399-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және Салық кодексінің 399-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 10-1), 11), 12), 13) тармақшаларында көрсетілген тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату тәртібін айқындайды.";

      4-тараудың тақырыбы келесі редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Салық кодексінің 399-бабы 1-тармағының 10), 10-1) және 11) тармақшаларында көрсетілген тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату тәртібі";

      12-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "12. Салық кодексінің 399-бабы 1-тармағының 10), 10-1) және 11) тармақшаларында көрсетілген тауарлардың импорты, қосылған құн салығынан босатылады.";

      13 және 14-тармақтар келесі редакцияда жазылсын:

      "13. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 251-бабы 1-тармағына сәйкес кез келген нысандағы дәрілік заттардың, медициналық бұйымдар импортын қосылған құн салығынан босату мынадай шарттар сақталғанда қолданылады:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органына "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) белгіленген тәртіппен медициналық бұйымдар көтерме саудада өткізуге берілген фармацевтикалық қызметке немесе медициналық қызметке лицензияның немесе қызметті немесе белгілі бір іс-қимылды жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаны қабылдау туралы үзінді (бұдан әрі – хабарламаны қабылдау туралы үзінді) көшірмелерін ұсыну;

      2) Қазақстан Республикасының дәрілік заттардың және медициналық бұйымдар мемлекеттік тізілімінде (бұдан әрі – Мемлекеттік тізілім) тіркелгені туралы мәліметтердің болуы немесе "Дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу, дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22175 болып тіркелген) сәйкес берілген дәрілік заттарға және медициналық бұйымдар тіркеу куәлігінің көшірмелерін немесе Мемлекеттік тізілімде тіркелген дәрілік заттар және медициналық бұйымдар үшін дәрілік заттардың және медициналық бұйымдар айналымы саласындағы мемлекеттік орган беретін Мемлекеттік тізілімнен үзіндіні немесе Кодекстің 251-бабының 3 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайларда дәрілік заттардың және медициналық бұйымдар айналымы саласындағы мемлекеттік органның Мемлекеттік тізілімде тіркелмеген дәрілік заттарды және медициналық бұйымдар әкелу туралы қорытындысын (рұқсат құжатын) ұсыну.

      Тауарлар мемлекеттік сатып алу туралы шарттар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті көрсету үшін жасалған шарттар шеңберінде импортталған кезінде фармацевтикалық немесе медициналық қызметке лицензия (лицензиялауға жататын қызмет түрлері үшін) немесе медициналық бұйымдар көтерме саудада өткізуге берілген хабарламаның қабылданғаны туралы үзіндінің көшірмелерін қоспағанда, жоғарыда көрсетілген құжаттардың орнына мемлекеттік кірістер органдарына тапсырыс беруші мен импортты жүзеге асыратын өнім беруші арасында жасалған шарт ұсынылады.

      14. Протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, кез келген нысандағы дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар шығаруға арналған материалдар, жабдықтар мен жинақтаушылар, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға берілетін арнаулы жүріп-тұру құралдары импортталған кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органына фармацевтикалық қызметке немесе медициналық қызметке арналған лицензияның көшірмесін немесе медициналық бұйымдар көтерме саудада өткізуге арналған хабарламаның қабылданғаны туралы үзінді ұсынылады.";

      17-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "17. Осы тарауда көрсетілген тауарлар (мүгедектігі бар адамдарға берілетін арнаулы жүріп-тұру құралдарын қоспағанда):

      1) көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензияларға немесе медициналық бұйымдар көтерме саудада өткізуге берілген хабарламаның қабылданғаны туралы үзіндіге сәйкес Қазақстан Республикасында медициналық немесе фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру үшін денсаулық сақтау субъектілері;

      2) ветеринариялық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияларға (тек ветеринария саласындағы лицензияланатын қызмет түрлері үшін) сәйкес, ал лицензиялауға жатпайтын ветеринария саласындағы қызмет түрлері үшін заңды тұлғаның жарғысына немесе есептік нөмір беру туралы растамаға немесе ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті бастағаны немесе тоқтатқаны туралы хабарламаға сәйкес Қазақстан Республикасында ветеринариялық қызметті жүзеге асыру үшін жеке немесе заңды тұлғалар пайдалануы.

      Импорттаушы және (немесе) Қазақстан Республикасы аумағында пайдаланатын (меншік иесіндегі) тұлғалар көрсетілген тауарларды (мүгедектігі бар адамдарға берілетін арнаулы жүріп-тұру құралдарын қоспағанда) Қазақстан Республикасындағы медициналық, фармацевтикалық немесе ветеринариялық қызметке сәйкес келмейтін, сондай-ақ тауарларды одан әрі Қазақстан Республикасының аумағынан әкету (кері экспорт кедендік рәсімінде әкетуді қоспағанда) мақсаттарда пайдаланған кезінде, мұндай тауарларды кедендік тазарту кезінде төленбеген қосылған құн салығы салық заңнамасына немесе Еуразиялық экономикалық одақтың немесе Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес бюджетке төленуі тиіс.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрінің міндетін атқарушы
Е. Биржанов
     
      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылық министрлігі
      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады