"Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторын айқындау жөніндегі өлшемшарттарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 14 шілдедегі № 253 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № 397 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 5 желтоқсанда № 30951 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторын айқындау жөніндегі өлшемшарттарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 14 шілдедегі № 253 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20973 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 99-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторын айқындау жөніндегі өлшемшарттар осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
Б. Акчулаков

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2022 жылғы 2 желтоқсандағы
№ 397 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
міндетін атқарушының
2020 жылғы 14 шілдедегі
№ 253 бұйрығымен
бекітілген

Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторын айқындау жөніндегі өлшемшарттар

      1. Осы Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторын айқындау жөніндегі өлшемшарттар (бұдан әрі – Өлшемшарттар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 99-бабының 5-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді.

      2. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторы (бұдан әрі – Оператор) мынадай Өлшемшарттарға сәйкес келеді:

      1) заңды тұлға – мемлекет акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жалғыз меншік иесі болып табылады;

      2) тарату және (немесе) банкроттық сатысында болмау және (немесе) қайта ұйымдастыру және (немесе) жекешелендіру сатысында болмау;

      3) электрондық сауда-саттықты, электрондық аукциондарды өткізуді ұйымдастыруда кемінде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;

      4) электрондық аукционды ұйымдастыру және өткізу, сондай – ақ ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және қорғау процестерін автоматтандыруды қамтамасыз ететін, осы Өлшемшарттарға қосымшада көрсетілген Ақпараттандыру объектісіне қойылатын талаптарға сәйкес келетін меншікті ақпараттандыру объектісінің (бұдан әрі-ақпараттандыру объектісі) болуы.

  Көмірсутектер бойынша
жер қойнауын пайдалану
құқығын беруге арналған
электрондық аукциондар
операторын айқындау
жөніндегі өлшемшарттарға
қосымша

Ақпараттандыру объектісіне қойылатын талаптар

      Ақпараттандыру объектісі мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      1) веб-портал шешімі бар;

      2) ашық бастапқы дерекқорды басқарудың еркін жүйесін пайдаланады;

      3) ақпараттандыру туралы заңнамаға сәйкес өнеркәсіптік пайдалануға қабылдау туралы актісі бар;

      4) ақпараттандыру туралы заңнамаға сәйкес ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтардың оң нәтижесі бар акті бар;

      5) ақпараттандыру туралы заңнамаға сәйкес техникалық құжаттамаға сараптамасы бар;

      6) мемлекеттік жүйелермен және дерекқорлармен интеграцияланған, атап айтқанда:

      рұқсаттар мен хабарламалар саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – құзыретті орган талап ететін лицензиялары және (немесе) рұқсат беру құжаттары бар заңды тұлғаларға қатысты;

      заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және тізілімде тіркелген филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – заңды тұлға (филиал, өкілдік) туралы тіркеу деректеріне, заңды тұлғаның үлестес тұлғалары туралы, заңды тұлғаны әрекетсіз заңды тұлға деп тану немесе оның қатысушыларының әрекетсіз заңды тұлғаларға қатысы туралы деректерге қатысты;

      салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – аукциондарға қатысушылардың салық берешегі бойынша деректерге қатысты;

      сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыруды және сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – жеке тұлғаларға қатысты;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы –ақпараттандыру объектісінде операциялар жасау кезінде электрондық цифрлық қолтаңбаны ақпараттандыру объектісін пайдаланушылардың пайдалануына қатысты;

      7) техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулігіне 24 (жиырма төрт) сағат/аптасына 7 (жеті) күн жұмыс істейді;

      8) ақпараттың толық немесе ішінара жоғалуын және дерекқорлардың тұтастығын бұзуды болдырмау үшін ақпараттандыру объектісінің бағдарламалық қамтылым пайдаланушының қателіктерін, техникалық ақаулар кезінде туындайтын қателіктерді және пайдаланушыға хабарламалар бере отырып, мәліметтер базасының қателіктерін өңдеуді қамтамасыз ететіндей етіп құрылады, онда келесі әрекеттер сипатталған;

      9) ақпараттандыру объектісінің жұмысын бақылау модулінің болуы, оның ішінде:

      пайдаланушыны сәйкестендіру (тану), аутентификациялау (түпнұсқалығын растау) және авторизациялау (өкілеттік беру);

      ақпараттандыру объектісінің ресурстарына қол жеткізуді бақылау;

      ақпараттандыру объектісінде болып жатқан оқиғаларды тіркеу және талдау;

      ақпараттандыру объектісі ресурстарының тұтастығын бақылау;

      10) ақпараттандыру объектісі аукционға әрбір қатысушының аукцион залына тең құқығының және қолжетімділігінің сақталуын қамтамасыз етеді. Аукционға қатысушылардың саны ақпараттандыру объектісінің өнімділігімен немесе аппараттық-бағдарламалық сипаттамасымен шектелмейді;

      11) ақпараттандыру объектісінің бағдарламалық қамтылымы аукцион нәтижелері бойынша қалыптастырылған шығыс деректеріне өзгерістер енгізуге мүмкіндік бермейді;

      12) ақпараттандыру объектісі сауда сессиялары бойынша оқиғаларды есепке алу журналында (бұдан әрі – оқиғалар журналы) орындалатын операцияның бірегей автоматты түрде берілетін нөмірін жүргізуді қамтамасыз етеді;

      13) ақпараттандыру объектісі оқиғалардың, мынадай оқиғалар мен деректердің журналда тіркелуін қамтамасыз етеді:

      аукцион ашу;

      аукционды жабу;

      аукционға қатысушыны сәйкестендіру;

      аукционға қатысушының жүйеге кіру уақыты;

      аукционға қатысушының жүйеден шығу уақыты;

      аукционға қатысушының өтінім беру уақыты;

      аукционға қатысушының өтінімді алу уақыты;

      аукционға қатысушының өтінімді өзгерту уақыты;

      аукционға қатысушының мәміле жасау уақыты;

      жер қойнауы учаскесінің атауы;

      қол қою бонусының мөлшері.

      Тіркеу уақытының форматы – жыл, ай, күн, сағат, минут, секунд (кем дегенде 0,1 секунд дәлдікпен);

      14) ақпараттандыру объектісі өткізілген аукциондар бойынша есеп деректерінің оқиғалар журналының мазмұнына қатаң сәйкестігін қамтамасыз етеді;

      15) ақпараттандыру объектісінің деректерді өңдеу орталықтары байланыстың резервтік арналарымен және ақпараттандыру объектісінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін резервтік электрмен қоректендірумен қамтамасыз етіледі;

      16) ақпараттандыру объектісі деректерді рұқсатсыз кіруден қорғауды қамтитын деректерді көп деңгейлі қорғауды қамтамасыз етеді – жүйеге кіру кезінде, оның ішінде электрондық-цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, кірген кезде пайдаланушыны аутентификациялау және сәйкестендіру рәсімдерін пайдалану, ақпаратты шифрлау рәсімдерінің болуы, пайдаланушылардың өкілеттіктеріне сәйкес олардың бірнеше түрінің болуын көздейтін деректерге көп деңгейлі қол жеткізу;

      17) ақпараттандыру объектісі ақпаратты қорғаудың аппараттық және бағдарламалық құралдарын қолдануды қамтамасыз етеді;

      18) мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпаратты (мәтіндік, графикалық, аудиокөрінімді түрде) беруді қамтамасыз етеді;

      19) Оператор Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарда айқындалған өзге де талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады